Сақалды құрылыс. Елордада 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады

3 Тамыз 2021, 22:07
4812
Бөлісу:
Сақалды құрылыс. Елордада 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов проблемалы «Шығыс» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Қаланың ең проблемалы, құрылысы ұзаққа созылған — «Шығыс» тұрғын үй кешені бірнеше топтан тұрады. Үлескерлердің жалпы саны — 2 мыңнан астам отбасы. «Шығыс» тұрғын үй тобы бойынша ауқымды жұмыс атқарылды: үйлердің құрылысы қайта жанданып, техникалық аудит жүргізілді, қаржы бөлінді, блоктардың мердігерлері толықтай анықталды.

Мысалы, 1а және 1в блоктарында қасбеттік жұмыстар жүргізілді, терезелер мен лифтілер орнатылды. Ішкі инженерлік желілерді орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ жылу тораптары мен сорғы станцияларын монтаждау бойынша жұмыстар жүргізілді.

2А және 2В блоктарында үйдің жақтауы көтерілді. Тұрғын үй кешенінің шатыры жөнделді, қазір терезелер мен лифтілерді орнату жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта аталған блоктардың құрылысы аяқталуға жақын, инженерлік желілерді қосу жұмыстары жүргізілуде, «Шығыс» 2а блогында абаттандыру жұмыстары басталды.

Сол сияқты 3А және 3Б блоктарында да осыған ұқсас жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, инженерлік желілерді қосу жұмыстары жүріп жатыр, абаттандыру жұмыстары басталды.

«Шығыс» 4 бойынша (1 кезек) қаңқаны тұрғызу, қалау жұмыстары аяқталды. Қасбет, ішкі инженерлік желілер, терезелер мен витраждарды монтаждау, шатырды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс жұмысын аяқтауды әрі тұрғын үй кешенінің блоктарын пайдалануға беруді биылға жоспарлап отырмыз.

Екі жыл ішінде (2019 жылдың жазынан бастап) проблемалы нысандар саны 2 еседен астам азайды. Биыл 18 нысанды қамтитын 57 үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз – көптен күткен пәтерінің кілтін 7 мыңнан астам үлескер алады. Мысалы, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 21 проблемалы үйдің құрылысы аяқталды. Әр нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары жасалды,  деп жазды елорда әкімі.

 



Өзгелердің жаңалығы