Сақ қорымдарынан табылған қазыналар Ұлыбритания музейінде көрсетіледі

10 Тамыз 2021, 18:14
5502
Бөлісу:
Сақ қорымдарынан табылған қазыналар Ұлыбритания музейінде көрсетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорымдарынан табылған 300 алтын артефакт алғаш рет Ұлыбританияның Кембридждегі Фицуильям музейіне қойылады.

Бұл туралы 10-тамызда Би-Би-Си және жетекші британиялық сайттар хабарлады.

Шамамен 2700 жыл бұрын жерленген ежелгі жауынгерлерге тиесілі алтын артефактілер алғаш рет Ұлыбританияда көрсетілді. Шығыс Қазақстан облысындағы Сақ қорымдарынан алынған қазыналар Кембридждегі Фицуильям музейіне қойылады. Онда зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдері және басқа да заттар ұсынылады. Зерттеушілер оларды инвазивті емес технологияларды қолдана отырып зерттейді, - деп хабарлайды BBC News.
The Guardian газетінің хабарлауынша, «Ұлы дала алтыны» көрмесі Шығыс Қазақстандағы үш жерлеу кешенінің материалдарына негізделеді.

Сақ қорымдарынан табылған қазыналар Ұлыбритания музейінде көрсетіледі
Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы сақтардың ежелгі қорымдарынан табылған жүздеген көрнекті алтын артефакт алғаш рет көрсетіледі. Мұны Кембридж музейі әлемдік аренада «археологиялық сенсация» деп атаған болатын, - деп хабарланды басылымда.

Беделді басылымдардың бірі – The Times көпшіліктің көңілін аударатын элемент – жас садақшының жерленген қорымы болатынын және үш сақ қорымынынан табылған қазыналар 28 қыркүйектен бастап көпшілік назарына ұсынылатынын айтады.

Сақ қорымдарынан табылған қазыналар Ұлыбритания музейінде көрсетіледі

Көрмеге келушілер көлемі Батыс Еуропамен тең елдің бай тарихымен танысып, терең түсіне алатын болады, - деп жазды «Таймс».

Күнделікті шығатын Daily Mail газеті көрмеде 300-ден астам артефакт ұсынылатынын және олардың кейбіреулері мыңдаған ұсақ бөлшектен тұратынын айтқан. Басылымның мәліметінше, Берел, Шілікті және Елеке Сазы қорымдарынан 15 мыңнан астам алтын әшекей мен басқа да құнды тарихи зат табылған.

Сақ қорымдарынан табылған қазыналар Ұлыбритания музейінде көрсетіледі

«Гардиан» басылымы 18 жастан аспаған сақ жауынгері қайтыс болғанда қасына жасы кіші, жынысы әйел туысымен бірге жерленгенін жазды. Басылымының хабарлауынша, қаланған тас құлап, басып қалғандықтан 2500 жыл бұрын жерленген 18 жастағы бозбаланың қорымы ешкімнің көзіне түспеген. Сол себепті тоналмай аман қалған.

Кембридж университетінің Өнер және ежелгі музей деректері бойынша, бұл сақтардың Қазақстанда табылған екінші қорымы ғана. Фицуильям музейінің директоры артефактілерді «өте маңызды» деп сипаттады.

Біз сақтардың ерекше мәдениетін көрсету мүмкіндігін асыға күтіп жүрміз және Шығыс Қазақстан облысымен серіктесе жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. Онсыз мұндай ағартушылық көрмені ұйымдастыру мүмкін емес еді, - деді басылымдарға сұхбат берген Люк Сайсон.

Сондай-ақ «Гардиан» басылымы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің сөзіне сілтеме жасап, көрмеде бұдан бөлек Қазақстанда соңғы жылдары ашылған ең керемет археологиялық жаңалықтар көрсетілетінін мәлімдеді.

Елеке Сазында табылған артефактілердің ерекше сақталуы ғалымға сақтардың дінін, дүниетанымын және жерлеу салттарын зерттеу үшін жаңа мүмкіндік береді. Сақтардың заманына сай озық технологияны пайдаланып, шын мәнінде бірегей зергерлік жауһарлар жасағаны, айрықша күрделі діни, жерлеу және мемориалдық ескерткіштер салғаны дәлелденді, - деген Даниал Ахметовтің сөзін келтірген жетекші ағылшын басылымы.

Еске сала кетейік, ШҚО әкімі бұған дейін Елеке Сазы археологиялық кешеніне барып, ғалым Зейнолла Самашевтің басшылығымен жүргізілген археологиялық жұмыстардың барысымен танысқан еді. Содан кейін облыс зиялыларымен кездескенде аймақ басшысы Елеке Сазы шатқалындағы қазба жұмыстары барысында және Ақ-Бауыр ғибадатханасы кешенінен табылған бірегей олжалар Лондондағы көрмеге қойылатынын хабарлағана болатын.

Өзгелердің жаңалығы