Саиров Jusan банкінің активтеріне қатысты: Ешкімді мәртебесі де, фамилиясы да құтқармайды

16 Ақпан 2023, 12:13
1093
Бөлісу:
Саиров Jusan банкінің активтеріне қатысты: Ешкімді мәртебесі де, фамилиясы да құтқармайды
Фото: zakon.kz

Мәжілістің жетінші шақырылым депутаты Ерлан Саиров Jusan банкінің шетелге заңсыз кеткен активтерін елге қайтару мәселесі қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің Бас прокуратурасы Jusan банкі активтерінің шетелге заңсыз кетіп қалу мәселесін ұлттық мүдде тұрғысынан шешу үшін сотқа жүгінді. Біз осының алдында Jusan банкінің айналасындағы былық-сылықтарға қатысты Бас прокуратураға қоғамдық сауал жолдаған болатынбыз, - деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, осының нәтижесінде Бас прокуратура Jusan банкінің операцияларын зерттеп, ұлттық мүдделерге қарсы фактілер бар екенін анықтады. Сондықтан банктің бүкіл активтерін Қазақстанның юрисдикциясына қайтару - біздің бүгінгі таңдағы мемлекеттік мүддеміздің ең басты аспектісі.

Қазір мемлекеттік органдар, халық, қоғаммен өзіміздің ұлттық активтерімізді қорғап қалу үшін бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетке заңсыз кеткен капиталды қайтарудағы ең негізгі қызметінің бірі. Шетке кеткен капиталды қайтару үшін азаматтық қоғам, сарапшылар, мемлекет бірге жұмыс істеп жатыр. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Бұл іс-шарадан Jusan банкінің клиенттері ешқандай зардап шекпейді, - деп түсіндірді Саиров.

Себебі Jusan банкінің ішкі жұмысына әсер етпейтін шаралар ұйымдастырылып отыр. Саиров осы себептен де бұл жұмысты ары қарай жалғасын табуы керегін атап өтті. 

Біз ешкімнің мәртебесіне, оның фамилиясына қарамаймыз. Егер мемлекеттің мүддесіне, мемлекеттің активтеріне қол сұғылса, онда оны қайтадан халықтың игілігіне қайтару үшін барлық жұмысты бірлесе істейтін боламыз, - деп сөзін толықтырды Ерлан Саиров.

Өзгелердің жаңалығы