Сағынтаев жаңа ықшам аудандардағы әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты

12 Наурыз 2021, 09:24
1120
Бөлісу:
Сағынтаев жаңа ықшам аудандардағы әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы Шаңырақ, Рахат-Мәдениет, Шапағат және Өжет ықшам аудандарындағы инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымының дамуымен, әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Мегаполис әкімі Алатау ауданының дәстүрлі қолөнерін дамыту орталығында болды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 80-ге жуық әйел, оның ішінде көп балалы аналар тігін шеберлігіне машықтанып, косметолог пен шаштараз курстарынан өтеді. Мұнда балалар түрлі дамыту үйірмелеріне қатысады. Жоба сұранысқа ие, сондықтан аудан әкіміне орталыққа жаңа, кең орын табуды тапсырды.

Қала әкімі Рахат-Мәдениет ықшам ауданындағы сумен жабдықтау және судан бұру желілерін салу және электр желілерін қайта құру жобаларымен танысты. Сондай-ақ, қала әкімі осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болды. Оған қоса Рахат-Мәдениет ықшам ауданында балабақша салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ал Шаңырақ-5 ықшам ауданында 6,4 шақырымдық жаңа жолдың құрылысы басталады. Инертті материалдар дайындалды. Жұмыс ауа райы жылығанда басталады. Осы ықшам ауданның тұрғындары Сағынтаевқа үйлерді заңдастырудағы проблемалар туралы айтты. Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша жер қатынастары басқармасы бұл мәселемен айналысады.

Шаңырақ-1 ықшам ауданында биыл 45,7 шақырым су құбыры мен 53,7 шақырым кәріз желісінің құрылысы басталады. Өжет ықшам ауданында 83,4 шақырым сумен жабдықтау және судан бұру желілері тартылып, іске қосылуда. 11,2 км жол салынады, тағы 4,6 км жол орташа жөндеуден өтеді. Бақытжан Сағынтаев орындалған жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында мердігерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, қала әкімі есепті кездесу барысында Сағынтаевқа жүгінген Шаңырақ-1 ықшам ауданының тұрғынының өткелді жауып тұрған газ құбырына қатысты мәселесі қалай шешілгенін тексерді. Мәселе шешілді — жеңіл және жүк көліктерінің жүруіне мүмкіндік беретін арка жасалды.

Жұмыс сапары барысында мегаполис әкімі Өжет ықшам ауданындағы тоған аумағын абаттандыру және 37,56 шақырым инженерлік желілер салынып жатқан Шапағат ықшам ауданында жаңа мектеп салу жобаларымен танысты. 

Өзгелердің жаңалығы