Сағынтаев Алматының ауасына не зиян келтіретінін айтты

15 Маусым 2021, 10:30
2189
Бөлісу:
Сағынтаев Алматының ауасына не зиян келтіретінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың экологиясына не зиян келтіретінін айтты.

Былтыр зиянды шығарындылардың көлемі 122 мың тоннаны құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 мың тоннаға аз. Көліктен шығатын зиянды заттар 10 мың тоннаға азайса, стационарлық көздердің көлемі 7 мың тоннаға артқаны байқалды, - деп айтты ол.

Сағынтаевтың сөзінше, 11 жылдың ішіндегі динамика жылжымалы көздерден, жеке сектордан шығарындылардың азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар стационарлық көздерден шығарындылардың аздап өскені байқалып отыр. Бұл көрсеткіштер жылу электр орталығының жұмысына байланысты.

Алматы қаласының экологиясына негізінен көп зиян келтіріп отырған бұл – автокөлік. Сол себепті қоғамдық көлікті экологиялық таза түріне көшіру үшін жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Қоғамдық көлік жүйесіне 2 441 автобус жұмылдырылған. Оның ішінде 1 715-і дизель отынымен жүреді. Әкімдік дизель және бензин отындармен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қолданыстағы барлық келісімшарт тек газбен жүретін автобустар өткізуге және электро автобустарды жүргізуге бағытталған, - деп түсіндірді қала әкімі.

Сағынтаев Үкіметтің қолдауын қажет ететін мәселеге тоқталды.

Алматы метрополитеннің құрылысын тездету мәселесі бар. Қолданыстағы 9 бекет жылына 16 млн-ға жуық жолаушы тасымалдайды. Салынып жатқан екі жаңа бекет «Сарыарқа» және «Достық» 2021 жылдан бастап іске қосылса, жолаушылар ағынын екі есеге көбейтуге жоспарланып отыр, - дейді ол.
Еске салсақ, экология министрі елімізде экологиялық ахуалды жақсарту шаралары қалай жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы