Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте қаланың коронавирусқа қарсы дайындығы туралы айтты.
Оның айтуынша, былтыр ауруханаларда оттегі беру бойынша біраз мәселе болған. Дегенмен бұл мәселе қысқа мерзімде шешімін тапқан.
Алматыдағы 17 аурухана орталықтандырылған оттегі беру құрылғысына қосылған. Былтыр күз мезгілінде оны шештік, қазір қаладағы 17 аурухана орталықтандырылған оттегі беру құрылғысына қосылған. Әр палатада, әр төсек-орны оттегі беру құрылғысына қосылған. Қазір кез келген палатаны реанимацияға айналдыруға болады. Бұл жұмыстың бәрі қысқа мерзімде атқарылды. Сондықтан бұл мәселе бойынша ешқандай проблема жоқ, - деді әкім.Сондай-ақ ол қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін айтты.
Өткен жылы біз дәрі-дәрмек қорын құрдық. Кейін Үкімет өзге өңірлерге де сондай қор құруды тапсырды. Бастапқыда біз қорға 10 млрд теңге бөлдік. Оның 5 млрд дәріханаға, 5 млрд теңгесі стационарға деп бөлінді. Кейін «СҚ-Фармацияның» жұмысы дұрыс жолға қойылып, олар біздің стационардың барлығын толықтай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін болды. Сондықтан стационарға деп бөлген 5 млрд теңгені қайта алдық. Қазір бұл қорды дәріханалардағы дәрілердің мөлшерін қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұстап отырмыз. Қор аясында 48 млн дана дәрі алынды. Оның жартысы сатылды. Қазір 8 млн-дай дәріден түсірмей ұстап отырмыз, - деді Сағынтаев.
Сондай-ақ ол жақында дәрі-дәрмек сататын ұйым басшыларымен кездескенін айтты. Қалада қазір дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Дегенмен наурыз айының басымен салыстырғанда қазір дәрі айналымы 10-15 пайызға артқан.
Қала әкімі сөз арасында былтыр кардиомагнил дәрісінің неліктен тапшы болғанын түсіндіріп берді.
Бұған дейін кардиомагнил дәрісіне деген тапшылық болған, қазір ол жеткілікті мөлшерде. Жаз кезіндегі дүрбелеңде де бар болған. Оның төңірегіндегі проблема неден болды дегенге келсек, дәрі бір бағада келген. Кейін оның бағасын түсіру жөнінде тапсырма болғанда ол өз бағасынан да төмен болып кеткен. Сондықтан дистрибьюторлар шығынға батқымыз келмейді деді. Біз бұл дәрінің біраз бөлігін субсидиялауға дайын болдық, алайда ДСМ-мен өздері келісімге келді. Алайда бұл кезде кардиомагнилді алмастыратын басқа дәрілер толып тұрған, - деді ол.
Сонымен қатар ол қалада маска да жеткілікті деңгейде бар екенін айтты. Жеткізуші мердігерлерде қазір 30 млн-дай маска бар көрінеді. Компаниялар аптасына 1 миллион маска өндіреді екен.
Жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер алдық, оған қоса МРТ, КТ, ИВЛ және басқа да тексеру аппараттары жеткілікті деңгейде. Сондай-ақ кадр мәселесі де шешілген, сондықтан еш алаңдауға негіз жоқ, - деді әкім.