Дархан Қыдырәлі: «Иасауи шәкіртақысы» – болашақ интеграцияның бекем іргетасы болатын бастама

2 Сәуір 2021, 12:37
2072
Бөлісу:
Дархан Қыдырәлі: «Иасауи шәкіртақысы» – болашақ интеграцияның бекем іргетасы болатын бастама

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның бастамасымен өткен Түркі кеңесінің кезектен тыс бейресми саммиті тарихи жиын болды. Саммитке Еуропадан Мажарстанның және іргедегі жабық ел Түркіменстанның қатысуы басқосудың салмағын арттыра түсті. Бұл ретте жиын тақырыбының Түркістанға арналуы және Қарабақ жеңісінен кейінгі алғашқы келелі кеңес болуы да маңызды.

Белгілі ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында осылай деп жазды. Сонымен қатар ол саммитте айтылған ойлар мен Мемлекет басшыларының ұсыныстарын 4 тақырыпқа бөлуге болатынын атап өтті. Атап айтқанда:

1. Экономикалық ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде көлік-комуникация саласы мен туризмге мән беру, Азия мен Еуропаны жалғайтын «Тұран дәлізін» тиімді пайдалану, Инвеститциялық қор құру, транс-шегаралық сулар мәселесін шешу; 

2. Саяси ынтымақтастықты арттыру, Түркі кеңесінің атын өзгертіп, халықаралық ұйым ретінде атау, стратегиялық серіктестікке мән беріп, болашақ байланыстарға бағдар болатын құжат қабылдау, ынтымақтастық ұйымдарының құрылымдық құжаттарын аяқтау; 

3. Гуманитарлық-мәдени байланыстарды арттыру, түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары Низамидің 880, Юнус Әміренің 700, Науаидің 580 жылдығы сынды мерейтойларды бірге атап өту, Түркістан мен Қ.А.Иасауи мұрасын дәріптеу, мәдениет саласында Науаи атындағы халықаралық сыйлық бекіту;

4. Ғылым-білім саласының пандемия кезінде маңызы артқандығын ескере отырып, ғылыми интеграцияға мән беру, ұлы тұлғалар мен қастерлі мекендерді зерттеп, зерделеу, Түркістанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, бауырлас елдердің жоғары оқу орындарын үйлестіретін «Ұлы түркілер» жобасын
бастау, Қ.А. Иасауи атындағы университетті түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдырып тамырлас жұрттар өкілдеріне арнап 50 «Иасауи шәкіртақысын» белгілеу.

Сондай-ақ ғалым ғылым мен білім саласындағы ұсыныстардың барлығын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанын еске салды.

Бұл ұсыныстар, әсіресе, «Иасауи шәкіртақасы» болашақ интеграцияның бекем іргетасы болатын бастамалар. Сондықтан түркі әлеміндегі ғылыми интеграцияны үйлестіруге жауапты ұйым ретінде академия атынан бұл ұсыныстарға қуанып қалдық. Тағы бір атап айтарлық жайт, Мемлекет басшысы  Қ.Тоқаев Түркі кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанымен, алқалы жиынды өте жақсы жүргізді. Бұған дейін Елбасы 1992 жылдан бастап барлық саммиттерге қатысқаны белгілі. Демек Қазақстанның түркі әлеміндегі қарашаңырақ ретіндегі қызметі сабақтастық арқылы жалғасын таба береді, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы