Сәдібек Түгел қол жинау туралы: "Үлгермейміз бе деп ойладық"

3 Мамыр 2019, 17:34
2897
Бөлісу:
Сәдібек Түгел қол жинау туралы: "Үлгермейміз бе деп ойладық"
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Президенттікке кандидат Сәдібек Түгел қол жинау процесінің қалай жүргізілгенін айтып, әсерімен бөлісті. 

«Төрт кезеңнен өтіп, бесінші шешуші кезеңге сүрінбей жеттік. Алдымызда үлкен асу тұр. Одан да жақсы өтеміз деген үміт бар. Елімізде биыл сайлау демократиялық негізде дұрыс өткізіліп жатыр. Мұның нақ дәлелі – мен, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі. Сайлау заңына сай мәслихатымызды өткізіп, кандидатты таңдап, ОСК-ға ұсындық. ОСК ешқандай кедергі келтірмей, барлық құжатты қабылдады. Мемлекеттік тілді еркін меңгеруге арналған лингвистикалық комиссия емтиханынан өттік. Жауапты кезең сайлаушылардың қолын жинаумен айналыстық», - деп айтты Түгел. 

Кандидат 7-8 күн ішінде 120 мыңнан астам адамнан қолын жинап ОСК-ға өткізгенін, соның нәтижесінде ҚР президентіне кандидат деген куәлік алғанын атап өтті. 

«Ұлы дала қырандары» бірлестігінің мақсаты – халыққа жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерін шешу, ұлттық құндылықтарын ұлықтау, ұлы дала мәдениетін жаңғырту, елді бірлікке адалдыққа шақыру, туған отанымыз Қазақстанды көркейту. (...) Осы жеті күнде жүрек ауырған күндер, ұйқысыз түндер көп болды. Барлық аймақтағы азаматтарымыз белді бекем буып, күн-түн демей жұмыс істеді. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Өйткені уақыт тығыз болған соң, үлгере алмай қаламыз ба деп ойладық. Барлық атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Өте үлкен жұмыс атқарылды», - деді кандидат.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов «Ұлы дала қырандары» Республикалық қоғамдық бірлестігі атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Сәдібек Түгелді тіркегені туралы хабарлағанбыз. 
Өзгелердің жаңалығы