Сәбіздің ортаңғы бөлігін жеуге болмайды

4 Тамыз 2023, 12:03
1192
Бөлісу:
Сәбіздің ортаңғы бөлігін жеуге болмайды
Фото: BAQ.KZ - архив

Ұлттық сараптама орталығы құрамында нитрат мөлшері асып кеткен көкеністер мен жемістерді анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың I жартыжылдығында ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК жеміс пен көкөніс өнімдерінің 17 мыңнан астам сынамасын зерттеді. 

Тексеру нәтижесі бойынша 592 сынамада нитрат мөлшерінің артқаны анықталды. Нитрат құрамының ең көп мөлшері бақша дақылдарында, қауын мен қарбызда, сондай-ақ пиязда табылды. Ең жоғары көрсеткішті орталықтың Ақмола (8,6%), Жамбыл (7,1%) және Павлодар (6,7%) облыстары бойынша филиалдары анықтады. Сәйкес келмейтін өнімге қатысты ақпарат шаралар қабылдау үшін барлық сатушының назарына жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - делінген комитет хабарламасында.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының сөзінше, зиянды заттар көбінесе көкөністер мен жемістердің беткі қабатында жинақталады. Кәді, картоп, алма, алмұрт және қиярды пайдаланардың алдында алдымен аршып алу керек. Сәбіздің ортаңғы бөлігін жеуге болмайды, қауіпті болуы мүмкін. Нитратты қарбыздың жұмсақ бөлігінде сарғыш жолақтар болып, тығыз келуі мүмкін. Нитраттар тек жапырақтарда ғана емес, көкөністің ішінде де жиналатын түрлері бар. Солардың бірі – қырыққабат.

Естеріңізге сала кетсек, нитраттар – азот қышқылының тұзы әрі өсімдіктің қалыпты дамуы үшін қажет. Алайда, топырақты азот қышқылының тұзы бар заттармен шамадан тыс тыңайтқан жағдайда ауылшаруашылық дақылдары олардың артық мөлшерін сіңіріп, денсаулыққа қауіп тудырады.

Өзгелердің жаңалығы