Денсаулық сақтау өкілі сәбилер өлімінің негізгі себептерін айтты

29 Шілде 2019, 12:38
2031
Бөлісу:
Денсаулық сақтау өкілі сәбилер өлімінің негізгі себептерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аймақ мәліметтері бойынша, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлық индикаторды уақтылы орындау үшін қаржыландыру жеткіліксіз. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде айтылды. 

Елжан Біртанов жалпы өлім көрсеткішіне баса назар аударды.

"Қаражат әркез жетпейді. Біз жалпы өлім туралы айтқанда қаржыландыру, экология, мінез-құлық сияқты жағдайлардың жиынтығы ретінде айтпаймыз. Денсаулық сақтау министрлігімен, медициналық сақтандыру қорымен бірігіп жұмыс істеп, қаражат жетпейтінін дәлелдеп, қайта бөлгізу керек. Екіншіден, жұмыста басты назар неде болу керек екенін білу маңызды. Жалпы өлім - кардиохирургия емес, ол ота жасауды қажет етуге алып келетін дерттер. Сол себепті мемлекеттік бағдарлама бойынша жаплы профилактикалық шаралар мен дерттің алдын алу шараларына баса назар аударылған", - деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Алқа мәжілісінде  көрсеткіштер бойынша жауап берген Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева сәбилер өлімі алаңдататынын айтты. 

"Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, 9,0 көрсеткішін көрсетіп тұр. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген, бірақ республикалық деңгейден жоғары. Сәбилер өлімінің негізгі себептері - перинаталдық кезеңдегі туа бітті кемістіктер. Біз мемлекеттік жеке әріптестік жобасын әзірлеп жатырмыз - бұл 16 мамандандырылған ультрадыбыстық аппараттарды сатып алу. Бүгінгі таңда қол қою сатысында тұр", - дейді Ләззат Есенғалиева.

Сондай-ақ, министр онкологиялық дерттерден көз жұму себептерін сұрады.

"Мемлекеттік бағдарлама бойынша көрсеткіштерді төмендету шаралары жасалды, енді оны орындау ғана қалды. Өлім санын азайту үшін сіздерге не кедергі? Осы жылы мақсатты дәрі-дәрмектер тізімін айтарлықтай кеңіттік. Сіздер аз қимылдап жатырсыздар. Онкодиспансер басшысы бұрыннан жұмыс істеп келе ме?  Ол Алматыға барды ма?", - деді Елжан Біртанов Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасына.

Ләззат Есенғалиева онкодиспансер басшысы барлық индикатор бойынша жағдайды реттеу үшін Алматыға кеткенін айтты.

Бұған дейін ҚР денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ҚР денсаулық сақтау министрлігі республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Тоқсанқызы Қазақстанның қай өңірінде ана мен бала өлімі жоғары екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы