Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

31 Наурыз 2023, 16:49
44626
Бөлісу:
Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Кейінгі кезде ата-аналар тарапынан жаңа туған нәрестелерде сарғаю синдромының көп байқалатыны айтылып жүр. Сарғаю синдромы деген не? Оған не себеп болады? Қауіпті ме? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге сұрақтарға жауап іздеп көрген болатын.

Осылайша, сәбилердің сарғаю синдромын емдейтін елордадағы бірден-бір орталық – Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына бас сұқтық.

 

Сарғаю синдромы деген не?

Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының Медициналық қызмет сапасын бақылау және стратегиялық жоспарлау бойынша орынбасары Динат Қожекенов:

Сарғаю – анасынан өткен феталді гемоглобиннің жарылу көрінісі. Жаңа туған сәбидегі қан сарысуындағы билирубиннің нормасы – литріне 44 микромоль. Бірақ әдетте 80-нен асып кеткен жағдайда дабыл қағамыз. Әрі одан төмен кезде сарғаюды байқау да мүмкін емес. Біздің ауруханада Неонаталды сарғаю бөлімшесі бар. Нәрестелер патологиясы бөлімшесі деп аталады. Бұл бөлімшеге көбінесе сәбилер неонаталды сарғаю деген диагнозбен келіп түседі. Мұндай диагноз жиі кездеседі деп айтуға болады. Негізі ол физиологиялық жағдай. Бірақ кейбір балада әртүрлі себепке байланысты сарғаю өршіп, қалыпты клиникалық көрініспен өтуі мүмкін, ал кейбірінде ол ұзаққа созылады. Сол кезде біздің стационарға келіп емделеді, - дейді орталық басшысының орынбасары.

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

Айтуынша, 2022 жылы 2 мыңға жуық сәби сарғаю синдромымен ауруханаға түскен.

Былтыр мәселен, біздің аурухана бойынша еметін жастағы балалардың ішінде 1685 бала неонаталды сарғаю диагнозымен емделді. Оның 1264-і – 28 күнге дейінгі, туғанына бір ай болмаған балалар. Ал 421-і – 28 күннен асқан сәбилер.

Бұл қай уақытта пайда болады дегенге келсек, медициналық зерттеулерге, әдебиеттерге сүйенсек, егер қанның сарысуында жалпы билирубин литріне 80 микромольдан жоғары болса, денеде сарғаю пайда бола бастайды. Егер бала шала туса немесе салмағы жетпей туса, билирубин 80-нен төмен болса да, сарғаюмен көрінуі мүмкін, - деді Динат Қожекенов.

 

Ата-аналар не істеу керек?

Дәрігердің айтуынша, егер сарғаю байқалса, міндетті түрде тіркелген емханасындағы педиатрға баланы көрсету керек. Баланың көзінің ағы немесе терісі сарғайса, бірден дәрігерге жүгінген абзал. Егер физиологиялық жағдай болса, дәрігер қорқынышты ештеңе жоқтығын айтады. Биохимиялық талдау тапсырғанда билирубин жоғары болып, алайда клиникалық көрінісі қорқынышты болмаса, үйде бақылауға жібереді. Ал кей жағдайда ата-анасы немқұрайлылық танытып, ұзаққа созылып кетсе, қан сарысуындағы көрсеткіш 450-600 микромоль/литрге дейін көбейеді. Мұндай кезде билирубин қан сарысуында қатты жоғарылап, миды улайды. Бұл мидың дамуына әсер етуі мүмкін.

Сарғаюдың ең қорқынышты түрі – жатырішілік цитомегаловирустық инфекция. Анасында сондай инфекция болып, бала жатыр ішінде жатқанда жұқса, сәбидің бауырын зақымдап, сарғаю пайда болуы мүмкін. Оған әйел адамдағы вирустық инфекция себеп болады. Бауырдан әдетте барлық токсинді заттар сыртқа шығарылады. Жаңағы вирус бауырды зақымдаса, бауыр өз жұмысын атқара алмайды. Осындай күрделі ауруларды өткізіп алмас үшін дер кезінде дәрігерге қаратқан жөн, - дейді Динат Ерікұлы.

 

Ауруханаға қандай жағдайда жатқызылады?

Белгілі болғандай, сарғаю синдромы байқалғанда ауруханаға жатқызудың өз өлшемдері бар. Билирубин мөлшері 208-ден жоғары болса, стационарлық емді қажет етеді. Қан тапсырғанда биохимиялық талдауда одан да көп болуы мүмкін. Бірақ физиологиялық жағдай болса, бір айға дейінгі сәбилерде амбулаториялық түрде емделеді.

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

2022 жылы 6 қазанда неонаталды сарғаюды емдеудің жаңа хаттамасы шыққан. Сол бойынша бүкіл тексерулерді жүргіземіз. Баланың ЖСН-і бар ма, жоқ па, оған қарамастан, ата-анасы Қазақстан азаматы болса, тексеру мен емдеу тегін жүргізіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында стационарда жатып ем қабылдауға болады. Баланың төлқұжатын алып үлгермей жатса, кепілдендірілген тегін медициналық көмек арқылы қызмет көрсетіледі. 

МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсетуде, яғни тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде және медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру, ортақ ақпарат жүйелерін оңтайландыру бағытында көп жұмыстар реттелгенін атап өтуіміз керек. Ем МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылады, - дейді аурухана басшысының орынбасары.

 

Сарғаю қалай емделеді?

Жазира Әскербекова, Астана қаласы №1 қалалық балалар ауруханасының Нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі:

Сәбидің физиологиялық сарғаюы немесе неонаталді сарғаю – ол организмдегі билирубиннің жоғарылауынан болады. Билирубин жоғарылаған сайын бала сарғыш болады. Сарғыштық жаңа туған нәрестелерде өмірге келген соң 3-4-5 күні байқалады. Яғни организмдегі қанның құрамындағы ыдырайтын зат – қантүзу жүйесі. Қан жасушаларының ыдырауының ең соңғы қалдығы – билирубин деп аталады. Билирубин өзі организмде үш түрлі болады. Жалпы билирубин, тура билирубин және жанама билирубин. Оның шектік деңгейі бар, соған жетер-жетпес кезде ауруханаға келуге кеңес береміз. Өйткені физиологиялық сарғаю 3-4 күні байқалып, 14-15-ші күні кете бастауы керек. 

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

Ол уақыттарда кетпесе, билирубиннің көрсеткіші жоғарылай береді. Жоғарылаған сайын билирубин организмге у болып әсер етеді. У, яғни токсин болғаннан кейін ол барлық жерге жайылатыны анық. Ең бірінші ол майлы тіндерді жақсы көреді. Терасты қабатында май талшығы болады. Мидың өзі майдан тұрады. Ол сол жерге шоғырланып, жиналып, өзінің токсикалық әрекетін бастайды. Оның кейінгі салдарын біз билирубин нәресте туған соң 3-4-ші күні пайда болған соң оның себептері әртүрлі. Физиологиялық сарғаю кейін 14-ші күні кете бастаса, қанның жасушалары орнына келді деген сөз. Кейбір сарғаюдың әртүрлі себебі бар. Ол инфекцияның әсерінен болуы мүмкін. Анасы жүкті кезінде дәрі-дәрмек ішсе, вирустық аурумен ауырса, ол да әсер етеді. Сондай-ақ қан топтарының сәйкеспеуі де ықпал етеді. Кейде бала салмақ қоспаса да билирубин көбейеді.

 

Сарғаюдың түрлері қандай?

Мамандар сарғаю синдромының бірнеше түрі бар екенін алға тартты.

Механикалық сарғаю деген болады. Баланың өт жолдарының туабіткен ақаулары болуы ықтимал. Ол да жаман. Әрқашан баланың 3-4-ші күні сарғаюы басталып, 7-ші күні өте сары болып кеткенде, қауіпті жағдай деп дабыл қағу керек. Үйге учаскелік дәрігер келмесе, ата-анасы өзі бақылап, жедел жәрдеммен ауруханаға келулеріне болады. Кеңесімізді береміз. Тері арқылы ғана тексерілетін арнайы биличек деген бар. Одан бөлек, биохимиялық қан талдауынан билирубинді бақылаймыз. Ал патологиялық сарғаю – бала бір айдан аса бастағанда, сап-сары болып кетпей қоюы. Ол жақсы емес. Баланың бір айлығында емханада не үшін скрининг жүргізіледі? Баланың салмағы, бойы өлшенумен қатар, емуі мен салмақ қосуынан бөлек, сарғаюға тексереміз.

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

Олардың ішіндегі ең қауіптісі – дүниеге келгеннен кейінгі 7-ші күні сап-сары болып кетуі. Бүкіл дүниежүзілік клиникалық емдеу хаттамаларында фототерапиямен емдеу көрсетілген. Сосын билирубинді әр 2-3 күн сайын көтеріле, төмендей ме, бақылап, тексереміз. Төмендесе, біз де қуанамыз. Сондықтан әрқашан айтып отырамын, қазақ халқы баланы қырқынан шыққанша қатты қадағалайтыны бекер емес.

Ал ядролық сарғаю – ол билирубин энцефалопатиясы деп аталып жүр. Билирубиннің миға әсері кейін баланың жүруіне, отыруына, тұруына кері әсерін тигізеді. Қазір көп кездесетін балалардың церебралды сал ауруы соның негізі де сол болуы мүмкін. Ол қайтарымсыз ауру. Бала өмірге келген соң қалай емеді, зәрі, үлкен дәреті, терісінің сарғыштығы бәрін қарап отыру маңызды. Қай жағдайда да ең бірінші кезекте жауапкершілік ата-ананың мойнында. Жағдайды назардан шығарып алмаған жөн, - дейді дәрігер Жазира Әскербекова.

 

Фотолампамен емдеу қауіпті ме?

Дәрігерлер фотолампамен емдеудің қауіпсіздігін айтты. Балаға қолданылатындықтан жіті тексеруден өткізілген. Денені күйдіретіндей, зиян келтіретіндей жарық қолданылмайды. Ата-ана фотолампаны қолданудан қорықса, күн сәулесі бар.

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

Неонаталдық сарғаюда біз ең бірінші физиологиялық сарғаюды емдегенде бүкіл дүние жүзі қолданатын фотолампамен емдеу тәсілін қолданамыз. Сәулелік терапиямен емдеу деп аталады. Сол сәуленің астына қойып, сәбиді үш сағат сайын емізгенде, билирубин ыдырайды. Сәуле терідегі билирубинді ыдыратқан соң, ол сыртқа зәрімен, нәжісімен шығуы керек. Сондықтан ең бірінші біздің қорқатын кезіміз – билирубиннің көрсеткіші 250-ден жоғары 500-600 мл/мольға дейін көтеріліп кетуі мүмкін. Ол өте қатерлі. Өйткені неонаталды сарғаюдан ядролық сарғаюға ұласып, миға қатты әсер етеді. Оның кейінгі салдары өте ауыр. Сол үшін өте жоғары гипербилирубинді балада мысалы, 200 мл/моль билирубин деп айтсақ, оның жартысы тікелей, жартысы жанама билирубин болса, ол өте қорқынышты. Бұл анасынан әртүрлі вирустық аурулардың балаға берілгендігін білдіреді. Ондай жағдайда баланы әрі қарай емдеуге инфекционистерге жібереміз, - деп атап өтті бөлім меңгерушісі.

 

Бауырға әсер етуі

Вирустық инфекциялардан асқыну болса, жаман аурулар, вирус арқылы жұғатын цитомегаловирус деген бар. Оның салдары өте ауыр, кейін бауыр циррозы немесе бауырдың трансплантациясына дейін алып келуі мүмкін. Бауырдың және өт жолдарының ақаулары, өт жолдарының атрезиясы да жақсы емес. Өт жолдары дұрыс дамымай қалса да бауырға әсер етеді. Билирубиннің қайтарымсыз асқынуларының салдары өкінішті жағдайға ұласуы көп. Бірақ бала туған кездегі физиологиялық сарғаю ол баланың өсуімен қантүзу жүйесіне, қанның жасушаларына байланысты. Қалыпты жағдайда бала өмірінің 3-4-ші күні сарғаяды. 7-ші, 10-14-ші күні сарғыштығы кете бастауы тиіс.

Сәбидің сарғаю синдромы. Қауіпті ме?

 

Аналарға кеңес

Алдын алу үшін жүктіліктің алдында анасы да, әкесі де оған толығымен дайындалып, тексеруден өткен дұрыс. Ең дұрысы – баланың өмірге келуін жоспарлау. Тоғыз ай бойы анасы вирустық аурулармен ауырмай, стрестік жағдайларды мейлінше бойын аулақ ұстаса, дені сау бала туатыны белгілі. Әсіресе соңғы екі жылда коронавирус пандемиясынан бері коронавирус, суық тиіп ауыру, бронхит сынды аурудың бәрі балаға әсер етеді. Солардың кесірінен бала да солай туылады.

Бүгінгі күнде орташа есеппен айтсам, бөлімшеде 50 төсек-орынға соның 30 пайызы сарғаюмен түседі. Сарғаюды дер кезінде емдеп, оны кетіріп, аман-есен үйіне оралуына себепкер болуға тырысамыз.

Үй жағдайында егер нәрестеде салмақ қосуы жақсы болып, үлкен, кіші дәреті қалыпты болса, фотолампамен емделуге болады. Қазір оны (фотолампа – ред.) жалға беретіндер де бар. Бөлімшемізде 3 күндік, 5 күндік, 1 айға дейін сәбилер емделеді.

Өзгелердің жаңалығы