Сабан лайдан тұрғызылған мектептер бар. Депутат Түркістанның проблемаларын атады

13 Қыркүйек 2023, 12:06
1317
Бөлісу:
Сабан лайдан тұрғызылған мектептер бар. Депутат Түркістанның проблемаларын атады
Фото: Төлеби ауданы әкім аппараты

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков өңірлердегі өзекті мәселелерді атап, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өңірлерді аралап халықпен, мектеп ұжымдарымен кездесулерінде білім саласына қатысты туындаған бірнеше мәселеге тоқталып өтті.

Түркістан облысындағы 907 мемлекеттік мектептің 121-іне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Оған жалпы 88,8 млрд теңге қажет. Бұл білім ордалары 1939-2011 жылдар аралығында салынған. Барлығы тозған. Қабырғаларының сылағы түсіп, сыры кеткен. Едені мен шатыры құлауға айналған. Есік-терезелері де ескірген. Қысқы мезгілде суықты ұстап тұру мүмкін емес. Араларында сабан лайдан тұрғызылған мектептер де бар, - деді Ұласбек Сәдібеков.

Сөзінше, өңірдегі 110 мектепте асхана жоқ. Сол себепті кей білім ордаларының қасынан қосымша ғимарат салуды қажет етеді.

Бүгінгі күні сол 121 мектептің 51-іне жергілікті атқарушы органдар тарапынан ЖСҚ-ы әзірленіп жатыр. Дегенмен күрделі жөндеуге жұмсалатын қаражат мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Жергілікті бюджет қаражаты жетпейді. Сондықтан елдегі ағайын бар үмітін республикаға артып отыр. Жалпы 51 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат болжаммен 37 млрд теңгені құрайды, - деп айтты мәжілісмен.

Сонымен қатар Сәдібеков білім беру ұйымдарында барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету туралы мәселені қозғады.

Түркістан облысында 1-4 сыныпта оқитын балаларды ыстық тамақпен қамту ісі биылғы оқу жылынан басталды. Қазіргі таңда 156 255 бастауыш сынып оқушысы үлкен қоңырауда ыстық тамақ ішіп жүр. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтардан шыққан 43 591 бала мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етілген, - деді ол.

Депутаттың айтуына қарағанда, қыркүйек-желтоқсан айларына оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6 млрд. 197 млн. теңге қаралған. Ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы бастауыш сыныптарда білім алатын 187 832 бала тегін ыстық тамақпен қамтылуы қажет. Бұл бағытқа шығын 16,8 млрд теңгені құрап отыр.

2024 жылы 907 мектептегі бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қажетті 16,8 млрд теңгені жергілікті бюджет есебінен шешуге өңірдің мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ 51 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 37 млрд теңгені де жергілікті бюджет көтере алмайды, - деп атап өтті Ұласбек Сәдібеков.

Депутаттар осы мәселелерге қатысты жағдайларды ескере отырып, Үкіметтен аталған қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлуге ықпал жасауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы