Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына арналған бейнеүндеуінде айтты.
Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қыз ата-анасымен үйінде. Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.
Өкінішке қарай, Сәтбаевта оқиға болған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоцияларымызды ұстап, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек, - деді Жеңіс Қасымбек.
Ол, сондай-ақ, тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 23 шілдеде Сәтбаев полициясына бес жасар қызының жоғалғаны туралы ер адам хабарлаған болатын. Іздестіру жұмыстарына жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен жүзден астам ерікті қатысты. Бала түнде көпқабатты үйлердің бірінен табылды. Бұл үлкен шу тудырды.
Қаладағы жағдай тұрақтанды. Қазір Сәтбаев күнделікті режимде өмір сүруде.