Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

26 Сәуір 2019, 07:35
6821
Бөлісу:
Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орыстілді студенттер қазақ тілін қаншалықты біліп шығады? Мемлекеттік тілді оқытудың қандай тиімді әдіс-тәсілдері бар? Тілді үйретуде қалай креативті түрде білім беруге болады? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын алу мақсатында M.S. Narikbaуev atyndaǵy KAZGUU Universiteti Қазақ және орыс тілдері департаментінің координаторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Дүсіпбаевамен әңгімелескен болатынбыз.

– Қарлығаш Советханқызы, орыс тобындағы студенттерге қазақ тілі пәнін қалай оқытып жүрсіздер?

– Біздің басшылық екі жыл бұрын «Кім жоба жасап, оқытудың үздік тәсілдерін көрсетіп, қорғап, ұсынса, сол ғана жұмыста қалады» деді. Сол кезде мен жоба жасадым. Оны жасау үшін мен біраз іздендім, бизнес әлеміне бас сұғып, зерттей бастадым. Өздеріңіз білетіндей, елімізде бизнес әлемі орыс тілінде жүргізіледі. Мен өзімнен «Неге бизнес әлемі қазақша сөйлемейді? Оған не жетпейді екен?» деп сұрадым. Содан бизнес саласының барлығын зерттей бастадым, түрлі жерге бардым, көрдім де, өз ойларымды түйіп жүрдім. Ол ойларымды Назарбаев зияткерлік мектептерінде, Назарбаев университетінде өткен конференцияларда шығарып сөйледім. Бір конференцияға 3 баяндамамен қатысып жүрдім. Үшеуі үш түрлі. Өйткені ана жақтан үйренгенім мұнда қолдануға жарай ма, жарамай ма, қалай қабылдайды, бәрін-бәрін білгім келді. Осылайша, көпшіліктің талқысына салдым, әлеуметтік желілерді де ұтымды пайдаланып, зерттеу жұмыстарымды жариялап отырдым. Соңында қазақ тілін оқытудың креативті түрлерін қамтыған, мақсат еткен жобамды осы университет басшылығының алдында қорғап шықтым, барлығы ұнатты. Сол уақыттан бері мұнда қазақ тілі менің жобам бойынша оқытылады.

Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

– Білім алушыларды оқыту барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындайтын бағдарламаны пайдаланасыздар ма?

– Біз оқу орнында типтік бағдарламамен жұмыс істемейміз, болашақ заңгерлерге мемлекеттік тіл еуропалық стандартқа сәйкес үйретіледі. Мен жоғарыда айтқан жобамды А1, А2, В1, В2 және С1, С2 деп еуропалық стандартқа сәйкестендірдім, яғни ол бойынша тілді деңгейлеп оқытамыз. Оқу жылы басталардан бұрын біз студенттерді үш тілден – қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінен тілдік диагностикадан өткіземіз. Сол арқылы оларды сәйкесінше деңгейге бөліп оқытамыз, мына уақыт аралығында мына деңгейді меңгертіп шығамыз деп жоспар құрамыз. 

Студенттерімнен «Сіздерге типтік бағдарлама бойынша қазақ тілінің жан-жақты ережелерін үйретейін бе, әлде шешендік өнері, тағы да басқа тәсілдер арқылы көпшілік алдында сөйлеу дағдысын үйретейін бе?» деп сұраймын. Орыстілді балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдау мақсатында, әрине, сөйлеу дағдысын тез меңгеріп шығу жолын таңдайды.

Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

– Білім беру барысында студенттеріңізге қояр қандай да бір талабыңыз бар ма?

– Семестр басталғанда студенттер өздері алдымен мұғалімді таңдап алады. Олар менің тапсырмамды уақытылы орындайды, сабағымнан қалмайды. Өйткені менің саясатым, қоятын талаптарым силлабуста да жазылып тұр, былай ауызша да айтамын. «Бірінші шарт – сабағымнан қалма, егер сабағымды жіберіп алсаң, бірден басқа топқа кетесің. Ал сабағымнан қалмасаң, миыңды ашып, өзім бәрін құйып беремін, егер бере алмасам, оған мен кінәлімін» деп айтамын.

Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

– Мемлекеттік тілді оқытудың тағы қандай тиімді әдіс-тәсілдері бар?

– Мен әртүрлі әдіс-тәсілді көрдім, бизнес, заңгерлер әлемін зерттедім, Әділет министрлігінде сабақ бердім, кімге не керек екенін нақты түсініп, тілді оқытуға жаймен жаңа әдістерді енгізе бастадым. Қазіргі уақытта кинокоучинг, афермация, жеке брендинг арқылы оқыту әдіс-тәсілдерім бар. Ол әдіс-тәсілдерімді барлық жерде айтып, көрсетіп жүрмін. Қазақстанның басқа да аймақтарына тарату мақсатында 2017 жылдан бері «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» республикалық байқауын өткізіп келеміз. Биыл да ол байқау жалғасын тапты, 18-19 сәуір күндері байқаудың ІІ кезеңі мен қорытындылау, яғни марапаттау сәті өтті. Енді еліміздің түкпір-түкпірінен келген 43 мұғалім осында жинақтаған тәжірибелерін өз өңіріне алып барып, бөліседі.

Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

– Кейбіреулер «Қазақ тілін оқытуға қарағанда, ағылшын тілін үйретуге арналған әдістер көп, қызықты» деп жатады. Соған байланысты не айта аласыз?

– Мен мұндай сөзбен мүлдем келіспеймін. Барлығы мұғалімнің өзіне байланысты, алдына келген шәкірт сөйлемей кетсе, оған мұғалімнің өзі кінәлі. Біздің университетке қыркүйек айында Америкадан ағылшын тілінен мұғалім болып Грэйди деген жігіт келді. Ол келген кезде қазақ тіліндегі кейбір сөздерді жаттап алған болатын, алайда өз ойын сөйлемдермен жеткізе алмайтын, яғни ол А2 деңгейінде болатын. Бір қыста, яғни үш айда мен оның деңгейін В2 деңгейіне көтердім. Тілді түрлі әдіспен оқыту үшін тіпті, көп қаржының да қажеті жоқ. Мен өткен жолы сабағымды кіреберістегі ресепшнде өткіздім. Өйткені гософобиямен жұмыс істедік, көпшіліктің алдына шыққан кезде сөз сөйлеуге қорқатын тобым бар. Студенттердің барлығы кірген адамдарға құшағын жайып амандасады, «Күніңіз сәтті өтсін!» деп тілегін айтады. Егер бес адам жиналса, тұра қалып Абайдың өлеңдерін оқиды. «Оларды білмейінше, сендер өспейсіңдер» деп, міндетті тұрде Абайды, Мұқағалиды жаттатамын. Одан бөлек, көпшілік алдында сөйлеуге тақырыптар беремін, соларды өздері дайындап, аудитория алдында сөйлейді, дағдыланады.

Орыстілді болашақ заңгерлер қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы