Руслан Желдібай Си Цзиньпиннің сапарына байланысты пікір білдірді

14 Қыркүйек 2022, 23:12
1518
Бөлісу:
Руслан Желдібай Си Цзиньпиннің сапарына байланысты пікір білдірді

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қытай Халық Республикасы Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келді. Бұл оның пандемиядан кейінгі шетелге жасаған алғашқы сапары. Президент Қытай басшысын әуежайда өзі күтіп алып, құрмет көрсетті.

Кейін Ақордада кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз өтті. Кездесу барысында көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері мен трансшекаралық өзендер жайы талқыланды.

Президент Қазақстан мен Қытай арасында жаңа «алтын 30 жылдық» кезең басталды деді. Бұл мәлімдеме екі ал арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екеніне дәлел. Себебі халықаралық дипломатияда әрбір сөздің құны бар, - деп жазды баспасөз хатшысы өзінің Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол екі ел арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқаны үшін Президент ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағанын атап өтті.

Өз кезегінде Қытай басшысы «Қытай Қазақстанмен қарым-қатынастарға ерекше мән береді. Біз қандай жағдай болса да, Қазақстанның тәуелсіздігін, мемлекеттілігін, территориялық тұтастығын сақтауына қолдау білдіреміз. Қазақстан мен Қытайдың достығы жаңа деңгейге шығатынына кәміл сенемін» деп елімізге құрметін көрсетті.

Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда көрші елдермен ынтымақта, достық байланыста болу аса маңызды екені даусыз, - деп жазды Руслан Желдібай.

Өзгелердің жаңалығы