Румыния Дунай өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты елдегі жалғыз атом электр станциясы – «Чернавода» АЭС-ін уақытша тоқтатты.
ВВС-дің хабарлауынша, станциядағы қуаты 706 МВт болатын екі реактордың екіншісі 13 тамызда түске дейін электр желісінен ажыратылды. Ал бірінші реактор шілде айында тоқтатылған болатын. Станция директоры Ромео Уржанның айтуынша, алдағы 10 күнде АЭС жұмысын қайта бастау жоспарланбайды.
«Чернавода» АЭС-і Румыниядағы электр энергиясының шамамен 20%-ын өндіреді. Станция реакторларды салқындату үшін Дунай суын пайдаланады. Алайда өзендегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты станцияның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету қиындаған.
Бұған дейін билік өзендегі су ағынын арттыру үшін арнайы шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, Дунайға тас тиелген баржалар түсірілген.
Дунайдағы су деңгейінің төмендеуі Венгрияға да әсер етіп отыр. Елдегі Пакш атом электр станциясының жұмысына қауіп төнгенімен, әзірге станция толық тоқтаған жоқ.
Сарапшылар су деңгейінің төмендеуін Еуропадағы ұзаққа созылған аптап ыстық пен құрғақшылықпен байланыстырады. Қуаңшылық гидроэнергетика өндірісіне де кері әсер етіп, өзен көлігінің жұмысына шектеу қойып отыр.
Сонымен қатар Еуропаның бірқатар елдерінде аптап ыстық пен құрғақшылық орман өрттерінің көбеюіне және ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Италия, Франция, Грекия, Испания және Ұлыбританияда жоғары температураға байланысты түрлі қауіп-қатерлер тіркелді.