Рухани жаңғыруды балалардан бастау керек – Динара Сәдуақасова

24 Желтоқсан 2021, 16:58
2739
Бөлісу:
Рухани жаңғыруды балалардан бастау керек – Динара Сәдуақасова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Тәуелсіз елге озық ойлы, рухани дамыған, мәдениетті ұландар керек. Балалар тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың дүниетамының жан-жақты дамуына ұйықты болып отырған - Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы. 

Ұйым Ұлттық жобалар аясында қандай істер атқруда? Республикалық бірлестіктің төрайымы Динара Сәдуақасовамен сұхбат құрған едік. 

- «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуалдық өріс. Аталған жоба аясында еліміздің әр саласы бойынша түрлі істер атқарылуда. Осы жобаға сәйкес әзірленген жоспарларыңызбен бөліссеңіз. 

- «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы туралы айтатын болсақ, бұл жоба бізге өте жақын, мен Ұйымда 9 жылдай жұмыс істеймін, басқа салаларға кету ойымда жоқ. Себебі барлық сапалы өзгерістерді, соның ішінде сананы жаңғыртуды балалардан бастау керек деп есептеймін. Ересек адамдардың өз пікірлері тұрақтанған, олар қалыптасқан тұлға, сондықтан да ой-сананы өзгертуді ерте жастан бастау керек. Сол себепті осы «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын біз өзіміз үшін күнделікті қолданатын кітаптай есепке алдық. Оның барлық бөлімдерін жүзеге асыруда белсене қатысамыз. Өзіңіз айтып өткендей бірінші бағыты, әсіресе, бізге жақын. Егер осы ұлттық жоба аясында ұйымдастыратын шараларға келсек, кітап оқу мәдениетін дамытуға қатысты бірінші бағыт біздің қызметімізбен тығыз байланысты. Біз серіктестерімізбен, ӨҚМ операторымен бірлесіп «Гринэйктер хикаясы» деген қазақша және орысша балаларға арналған кітаптар желісін шығаруды қолға алып жатырмыз. Мұнда кітап кейіпкерлері барлығын қоршаған ортаны аялауға үйретеді. Бұл кітаптың авторлары, иллюстраторлар, редакторлар біздің қазақстандық әріптестеріміз. Осылайша, біз, екі тілде өзіміздің кітапханамызды қалыптастырып, ертегілер арқылы экологиялық мәдениет пен сананы жаңғыртқымыз келеді.

- Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының құрылғанына 10 жыл толыпты. Осыған орай қандай ауқымды іс-шаралар өткізілді?

- Иә, «Жас Ұлан» ұйымы 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған болатын. Биыл ұйымымыз 10 жасқа толды. Бізде Қазақстанның барлық өңірлерінде өкілдіктеріміз бар. Барлық мектептерде дерлік «Жас Ұлан» комитеттері қызмет атқарады. Сол комитеттер, жалпы ұйым мүшелері осы жылы ұйымдастырған іс-шаралардың барлығы онжылдықтың аясында өтті. Олар облыстық, қалалық, аудандық форумдар, лагерьлер, байқаулар және тағы басқа да жүздеген мектепішілік іс-шаралар. Республикалық форум 2022 жылдың көктемінде Халықаралық деңгейде өтеді деп жоспарланып отыр. Оған шетелдік әріптестіріміз, балалар ұйымдары шақырылады.

- «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының келесі бір үлкен бағыты –«Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Осы тұста жалпы, қазақ тілді анимациялық мультфильмдердің оқушылар мен жасөспірімдерге қолжетімді болу үшін ұйым тарапынан қандай бір бірлескен жұмыстар атқару ойда бар ма?

- Әрине, қазақ тілді анимациялық мультфильмдердің оқушылар мен жасөспірімдерге қолжетімді болуы үшін де жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Балапан» телеарнасында анимацияларды дамытуға байланысты жақсы жоба бар, бұл жерде олар жобаға ерекше қажеттіліктері бар балаларды тарту арқылы жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан қатысып, әділқазы алқасында болып, ақпараттық қолдау да көрсеттік. Жалпы біз аталмыш тақырыппен тығыз жұмыс атқарған жоқпыз, бірақ менің өзім үшін бұл қызықты тақырып. Себебі 2014 жылдардан бері мен осы тақырыпқа қызығушылық танытып, барған жерлерімде серіктестерімізге қазақ тілінде анимациялық мульфильмдер жасауға қатысты ұсыныстар жасап жүрдім. Бізде анимация тек жаңа ғана дамып келеді. Сондықтан да бұл салаға жастарымызды көптеп тартуымыз қажет. Болашақта бұл бағытты назарға алатын боламыз.

- Ұйым жасөспірімдерімізді еңбек пен білімге баулуда айрықша үлес қосуда. Алғашқы құрылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өзгерістерді айтсаңыз?

- Ұйым құрылған күннен бастап біршама уақыт өтті. Біреуге аз, біреуге көп көрінер. «Жас Ұлан» осыдан 10 жыл бұрын өмірге енді келген, ештеңені түсіне қоймайтын сәби сияқты болса, қазір оң-солын айыра алатын шаққа жетті десек болады. Осы уақыт ішінде «Жас Ұлан» ұйымы біршама белестерді бағындырып, еліміздің алдыңғы қатардағы ұйымдарының біріне айналды. Құрамымызда бір жарым миллионнан астам оқушылар бар. Жоғарыда айтып өткендей барлық өңірлерде өкілдіктеріміз бар. Сондай-ақ 10 жылдың ішінде жүз мыңдаған іс-шаралар мен жобаларды ұйымдастырып өткіздік, бұл жобалардың көптеген адамдарға алға жылжуына, болашақтағы мамандығын таңдауына, өмірлерін өзгертуге септігін тигізгені сөзсіз. Бірақ біздің жұмысымыздың ең басты нәтижесі бұл біздің түлектеріміз! Олардың өмірде өз жолдарын табуы, олардың ата-аналарының шексіз алғысы – бұл өте маңызды нәтиже деп білемін.

- Еліміз балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне аса мән беріліп келеді. «Жас Ұлан» ұйымының берер пайдасы мен артықшылығы қандай? 

- Бізде студенттік жастарды, қарт адамдарды, ата-аналарды және ұстаздарды да қамтитын жобаларымыз баршылық. Бірақ Ұйым атына сай негізгі мақсаттық тобымыз мектептегі оқушылар болғандықтан, балалар мен жасөспірімдермен тығыз жұмыс жасаймыз. Олар біздің шараларымызға қызыға қатысады, себебі біз тек бір бағытта емес, бекітілген 7 бағытта қызмет атқарамыз. Оның ішінде спорт, шығармашылық, интеллектуалдық шаралар, экологиялық, еңбек және құқықтық тәрбие де бар. Сондықтан да біз қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді түрлі форматтағы жергілікті, республикалық, халықаралық шаралар мен жобалар ұйымдастырамыз. Ұйымның жұмысы балалар мен жасөспірімдермен тығыз байланысты болғандықтын, еліміздің жас ұқпақтарына дұрыс тәрбие беру басты міндеттеріміздің бірі. Еліміздің әрбір мектебінде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының тәлімгерлері, яғни ұстаздар жылдар бойы  тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін салып, аянбай еңбек етіп келеді. «Жас Ұлан» ұйымы Қазақстанның 7000-нан астам мектептерімен тығыз  байланыста жұмыс істейді.

Бала тәрбиесінде қоршаған ортаның, яғни ол араласатын адамдардың маңызы зор. Ал «Жас Ұлан» ұйымының артықшылығы сол тәрбиелеуші, бағыт беруші ортаны қалыптастыра білуінде деп ойлаймын. Себебі жасұландықтар бір-бірінен үлгі алып, үлкенге сый, кішіге құрмет көрсете алады.

- Қоғамда NEET санатындағы жастар мен кибербуллинг секілді жат қылықтар көбейіп барады. Республикалық ұйым бұл мәселелермен қалай күрес жүргізіп жатыр? Сондай-ақ осы іспеттес ұйым жобаларына тоқталсаңыз? 

- Ұйым көптеген халықаралық, республикалық, сонымен қатар волонтерлік жобаларды жүзеге асырып келеді. Биыл біз экологиялық «Kieli Tabigat», «Birgemiz Taza Alem», сондай-ақ интернет тәуелділік, құмар ойындарына тәуелділік бойынша  «Restart» жобасын жүзеге асырдық. Ауқымды жобалар Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. 

Жобаларға тоқтала кетейін. Өздеріңіз білетіндей, кибербуллинг, құмар ойындары, интернет тәуелділік қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселе аясында ұйым 2 жыл қатарынан «Restart» жобасын жүзеге асырып келеді. 2021 жылы жоба аясында Халықаралық және ҚР Заңнамаларына зерттеу, әлеуметтік зерттеулер, фокус-топтар, онлайн-курстар, бейне-дәрістер, акциялар, байқаулар ұйымдастырылды. Жалпы жоба бойынша 15 000 адам қамтылды.

«Жас Ұлан» ұйымы бірнеше жылдар қатарынан экологиялық жобаларды жүзеге асыруда.  Жаңа атап өткендей, осы жылы «Kieli Tabigat», «Birgemiz Taza Alem» жобаларын қолға алдық. Жыл сайын экологиялық лагерлер, байқаулар, акциялар өткізіп келеміз. Сондай-ақ біздің ұйым елімізде алғаш болып «Эко Әлем» экологиялық ойынын шығарған болатын. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде осы ойын бойынша чемпионаттар өткізіліп тұрады. Ұйымның бұл саладағы жұмыстарын тізіп айта беруге болады, бастысы біз халықтың экологиялық санасын арттыруға бар күшімізді салып келеміз.

- Әлем соңғы екі жыл пандемияда өмір сүрді. Осы аралықта жасұландықтардың жұмыс қарқыны қалай? 

- 2021 жыл өте нәтижелі жылдардың бірі болды. Жоғарыда айтқан жобаларды жүзеге асырумен қатар, әр өңірде Ұйымның күнделікті жоспарланған жұмыстары жүзеге асырылу барысында. Сонымен қатар қосымша волонтерлік балалар штабын да қолға алып дамытудамыз. Бұл жұмыстар көзге көрінбейді. Бірақ республика бойынша ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанын барлығымыз білеміз. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, әрине, жүздеген, мыңдаған іс-шаралар мен жобаларды өткізеді. Бірақ жер-жерде, мектептерде өткізіліп жатқан жүйелі жұмыс біздің еліміздің болашағы – жасөспірімдерді дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өмірде өз жолдарын таңдауына бағыт беретінін атап өткім келеді. Келесі онжылдықтың осы жылдардан да қызықты, маңызды өтетініне сенімдімін.

- 2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында  қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа есім» жобасында биіктен көріндіңіз. Еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтары туралы қандай болу керек деп ойлайсыз?

- Жастар тек қана еліміздің болашағы ғана емес, сонымен қатар бүгіні де. Осы ұғымды ойдан шығармауымыз қажет. Бүгінгі күні «жастар» дегенде ашық, креативті, ой-қиялында шектеу деген жоқ адамдарды байқаймыз. Мысалы, Тәуелсіздік ұрпақтарын немесе «100 жаңа есім» игерлерін алатын болсақ олар сэлфмейл адамдар, яғни өздерін тұлға ретінде қалыптастырып жасаған адамдар. Біз оларды үлгі ретінде алып, басқаларға көрсетіп, танытып, жұмыстар жүргізуіміз қажет. Себебі олар біреулер үшін мотивация болуы мүмкін. Біреулердің өмірін өзгертуі мүмкін. Біздің қызметіміз балалар мен жасөспірімдерге өмірде бағыт-бағдар беру болуы тиіс деген ойым бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы