Рухани дипломатия да маңызды

25 Шілде 2024, 15:46
2686
Бөлісу:
Рухани дипломатия да маңызды
Фото: автордан

Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ұсынысы қазақ халқының мәдени кодының ажырамас бөлігі болып табылатын діни толеранттылық пен қонақжайлылықтың ғасырлар бойғы дәстүрлеріне негізделген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты біріктірген Жібек жолының орталығында орналасқан Қазақстан аумағында әртүрлі діндер, конфессиялар мен мәдениеттердің өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді. 

Зороастрлық және буддистік храмдар, тәңірлік беліглер, христиандық шіркеулер мен мұсылман мешіттері ежелгі заманнан бері Ұлы дала жерінде көрші болды. ХХІ ғасырда Қазақстан Республикасы өзара сыйластық пен рухани алуан түрлілік дәстүрін жалғастыруда.

2023 жылы 11 қазанда Елорда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады.

Съезге қатысушылар экстремизмді, терроризмді және зорлық-зомбылықтың кез-келген түрін әлемдік және дәстүрлі діндердің шынайы мәніне ешқандай қатысы жоқ деп бірауыздан айыптады. 

Рухани лидерлер «...діни нанымдар мен конфессиялардың алуан түрлілігі өзара күдікке, кемсітушілікке және шиеленіске емес, әр дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара қабылдау мен үйлесімділікке әкелуі керек деп жария етті. Діндер толеранттылық пен өзара қабылдауды барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің маңызды құралы ретінде мойындай отырып, жан-жанқты ынтымақтастыққа ұмтылуы керек» екендігін атап өтті.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жүргізген рухани дипломатиясының үздік көрінісіне айналған, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өзіндік тарихын қалыптастырған бірегей дінаралық диалог алаңына айналды деп айтуға болады. 

Дінаралық диалогты ұйымдастыруға ұмтылыс басқа да көптеген елдерде бар екенін атап өту қажет. Дегенмен осындай форумдар бастамашыларының бірде-бірі осы кезге дейін осынша құрамдағы әлемдік және дәстүрлі діндердің ең беделді басшыларының басын қоса алған жоқ. 

Сондықтан да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиға. Барған сайын көрнекті сипат алып, бүкіл әлемдік танымалға ие бола отырып, Съезд ең жоғары деңгейде өркениетаралық, мәдениетаралық диалогтың дамуына барған сайын елеулі үлес қосатын болады.

Өткен кезеңдерде туындаған алмағайып саяси оқиғалар мен діни қырғи-қабақ қақтығыстар, көпконфессиялы қоғамдағы проблемалар әлі күнге дейін өз шешімін күтіп, өзектілігін жоймай келе жатыр. Сол себепті дәстүрлі дін өкілдері бір-бірін жатсынбай, Астана дінаралық диалог алаңында үш жыл сайын өздерін толғандырған мәселелер туралы ортақ ой өрбітіп келеді.

Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірленген Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама мазмұнында әлемнің сын-қатерлері, съездің миссиясы мен мақсаттары, съезд декларациясын іске асыру тетіктері, съездің халықаралық институттармен және алаңдармен серіктестік қатынастарын нығайту, рухани дипломатияны дамыту бағыттары қамтылған.

Бұл құжат Форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.

Тұжырымдамада форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы болып табылады. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. 

Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. 

Тұжырымдамада Съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Бұл Тұжырымдама Съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайдығына сенеміз.

Қорытындылай келе бірлік бар жерде - тірлік бар қағиданы ұстанған халықпыз. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің жемісі болатынын еліміздің соңғы жылдардағы тәжірибесі дәлелдеп берді. 

Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, әлемдік беделі қалыптасып, мақсаты мен міндетін айқындап келеді.

Сакен Мынбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының Басшысы

Өзгелердің жаңалығы