Роман Скляр Қарағанды облысындағы жылу беру маусымына дайындықты тексерді

7 Тамыз 2023, 08:20
1022
Бөлісу:
Роман Скляр Қарағанды облысындағы жылу беру маусымына дайындықты тексерді
Фото: gov.kz

Теміртауда жылу көздері мен жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министдің бірінші орынбасары Роман Скляр жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-сында жылу беру маусымына дайындық және жетінші қазандықтың құрылысы туралы кәсіпорынның бас директоры Владимир Яблонский баяндады. Оның айтуынша, үш қазандық пен үш турбиналы генераторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ жетінші қазандықты салу бойынша маңызды жобаны іске асыру кешіктірілуде: нысанда жұмысшылар жетпей жатыр, негізгі жабдықтар кешігіп орнатылуда.

Мердігер ұйым басшылығының («AB Construction» ЖШС) есебін тыңдаған Роман Скляр құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігін белгілеп, ескерту жасады.

Теміртауда Роман Склярға жылу желілерін жөндеу бағдарламасы ұсынылды. Қалада жылу желілерінің барлық тозған учаскесі бойынша реконструкциялау жүріп жатыр. Жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталуға тиіс.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары облыстың басқа да бірқатар энергия көзін аралады. Ол Топар, Шахтинск және Қарағандыға барды.

«Топар» МАЭС басшылығы негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі және қалыпты жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүріп жатқанын хабарлады.

Бүгінгі таңда жөндеу бағдарламасы 60%-ға орындалды. Көзделген жоспарлардан артта емеспіз. Барлық міндеттемелерді орындаймыз, – деді «Топар» МАЭС операциялық директоры Александр Бузо.

Шахтинск ЖЭО-сының тозуы – 75% деңгейінде. 10 жыл бойы жабдыққа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл үш қазандық пен екі турбина жөнделіп жатыр. Роман Скляр барлық жұмыс уақытында аяқталуы керек екенін ескертті.

Сонымен қатар жөндеу науқаны туралы бірінші вице-премьерге «Қарағанды Энергоорталық» компаниясының басшылығы да баяндады. Ол облыс орталығының тұтынушыларын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Құрамына екі энергия көзі кіреді: 3-ЖЭО және 1-ЖЭО. Алдағы жылу беру маусымына дейін жалпы 16 қазандық пен 10 турбина жөнделеді. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Биылғы жөндеу бағдарламасының жалпы құны 13 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ Роман Склярға 3-ші жылу таратқыш құрылысының барысы туралы айтылды. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Оны іске асыру жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға және қаланың жаңа нысандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы