- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Роботтар, стартаптар және AI: Digital Bridge форумынан фоторепортаж
Роботтар, стартаптар және AI: Digital Bridge форумынан фоторепортаж
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
2 Қазан 2026, 12:30
Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Әлемдік IT-компаниялардың өкілдері, инвесторлар, әзірлеушілер мен стартап негізін қалаушылар бас қосқан ауқымды іс-шарада жасанды интеллект, робототехника және цифрлық экономиканың болашағы талқыланып жатыр.

BAQ.KZ тілшісі форум алаңын аралап, көрмеге қойылған технологиялар мен қатысушылар назарын аударған жобаларды назарға ұсынды.

1-3 қазан аралығында өтіп жатқан форум Қазақстандағы Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар айлығы – AI MONTH аясындағы негізгі шаралардың бірі.

Ұйымдастырушылар биыл 30 мыңнан астам қатысушыны, 300-ден астам спикерді және 100-ден аса технологиялық компанияның өкілдерін жинауды жоспарлаған.
Жасанды интеллект пен робототехникаға арналған алаң


Форумның негізгі алаңында жасанды интеллект, креативті индустрия, технологиялық кадрлар және GameDev бағыттары қамтылған. Көрме аумағында отандық және шетелдік әзірлеушілер өз жобаларын таныстырып, келушілерге жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр. Startup Alley алаңында жас кәсіпкерлердің инновациялық өнімдері ұсынылған.


Робототехника да форумның маңызды бағыттарының бірі. Көрмеде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін технологиялық шешімдер мен роботтандырылған жүйелерге ерекше назар аударылған. Сонымен қатар спутниктік технологиялар, бизнесті цифрландыру және болашақ мамандықтары жөнінде де пікір алмасу жүріп жатыр.
Президент AI Challenge халықаралық байқауын ұсынды

Форумның алғашқы күні, 1 қазанда, пленарлық отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Президент Қазақстанның IT саласындағы жетістіктеріне тоқталып, экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған AI Challenge халықаралық байқауын өткізуді ұсынды.


Оның айтуынша, 2025 жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асып, отандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден астам елінде қолданыла бастаған.


Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні өнеркәсіп, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында тиімді қолдану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ технологияны дамыту кезінде адам капиталына басымдық беріп, жасанды интеллектіні адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын емес, оған көмектесетін құрал ретінде қарастыру керектігін айтты.
Стартаптар мен венчурлік инвестицияға басымдық

Форум аясында венчурлік инвестиция мен стартаптарды дамыту мәселелері де талқыланды. Justart Ventures негізін қалаушы Бақыт Ниязовтың пікірінше, Президенттің Дональд Трамптың суперинтеллект туралы бастамасын қолдауы Қазақстанның жаһандық технологиялық экономикадағы мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді.

Ол еліміздің географиялық орналасуы, халықаралық әріптестігі және сирек жер металдарына қатысты әлеуетін де маңызды фактор ретінде атады. Сарапшының айтуынша, бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану Қазақстанның жасанды интеллектінің жаңа бағыттарын дамытуға қатысуына жол ашады.

Ал Activat VC өкілі Марат Төлебай стартаптарға инвестиция салуда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен қатар, адам факторының да маңызын атап өтті. Оның сөзінше, алгоритмдер жобаларды алдын ала талдауға көмектескенімен, кәсіпкердің мақсатын, жобаға деген ынтасын және әлеуетін бағалау үшін онымен тікелей сөйлесу қажет.
Халықаралық стартаптар байқауы өтеді

Биылғы форумның тағы бір маңызды оқиғасы – халықаралық Astana Hub Battle стартаптар байқауы. Оған қатысатын командалар өз жобаларын таныстырып, инвесторлар мен технологиялық компаниялардың назарын аударуға мүмкіндік алады.

Форумға Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының тең құрылтайшысы Ерзат Дулат, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, E-Space негізін қалаушы Грег Уайлер және басқа да халықаралық технология саласының өкілдері қатысады деп жоспарланған.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 3 қазанға дейін жалғасады. Оның аясында технологиялық көрмелер, сарапшылардың пікірталастары, стартаптар таныстырылымы мен іскерлік кездесулер өткізіледі.
