Сарапшы: Тоқаевтың Трамп бастамасын қолдауы Қазақстанның халықаралық мәртебесін арттырады

2 Қазан 2026, 11:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 2 Қазан 2026, 11:25
2 Қазан 2026, 11:25
276
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ президенті Дональд Трамптың суперинтеллектіні дамытуға қатысты бастамасын қолдауы Қазақстанның жаһандық технологиялық экономикадағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Justart Ventures негізін қалаушы Бақыт Ниязов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның геосаяси орналасуы, бейтарап ұстанымы және Қытай, АҚШ пен Еуропамен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі елімізге жасанды интеллект саласындағы жаһандық өзгерістерге белсенді қатысуға жол ашады.

Бүгінде Қазақстан әлемдік экономиканың жасанды интеллект экономикасына трансформациялануынан айтарлықтай пайда көре алатын елдердің бірі. Бұған еліміздің геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы ғана емес, осы бағытта дамуға қажетті мүмкіндіктерінің болуы да ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстанның бейтарап ұстанымы мен Қытай, АҚШ және Еуропамен өзара іс-қимыл орнату мүмкіндігі де маңызды, – деді Бақыт Ниязов.

Бақыт Ниязов Қазақстанның мүмкіндіктері тек цифрлық инфрақұрылыммен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, сирек жер металдарының қоры да болашақта физикалық жасанды интеллектіні дамытуда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Көпшілік әзірге назар аудара бермейтін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – физикалық жасанды интеллектінің келесі кезеңін дамытуға қажетті сирек жер металдары сияқты стратегиялық материалдардың болуы. Бұл – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Біз оны жіберіп алмауымыз керек, – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол Президенттің бастамасы отандық венчурлік инвестиция нарығының дамуына серпін бере алатынын айтты. Оның сөзінше, бұл қазақстандық стартаптардың халықаралық деңгейдегі өнімдер әзірлеп, жаһандық технологиялық нарыққа толыққанды қатысуына мүмкіндік береді.

Суперинтеллектіні дамыту – жақын болашақтың міндеті. Тіпті біз қазірдің өзінде соған өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан шығармыз. Сондықтан Президенттің бұл бастаманы қолдауы Қазақстанның әлемдік экономикадағы мәртебесін арттырады. Сонымен қатар жеке венчурлік экожүйе қатысушыларына халықаралық деңгейдегі өнімдер жасауға және жаһандық технологиялық үдеріске толыққанды араласуға қосымша мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Бақыт Ниязов.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың бастамасымен америкалық жетекші технологиялық компаниялар қол қойған суперинтеллект туралы келісімді жаһандық деңгейде қолдануға болатын үлгі ретінде қарастыруды ұсынған еді. Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектіні реттеуде тәуекелге негізделген тәсілді ұстанып, оны өнеркәсіп, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында қолдану қажеттігін атап өтті.

Наверх