Астанада Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өтті. Мерекелік кеште Шанхайдан келген роботтар қазақтың ұлттық киімін киіп, қара жорға мен қытайдың ұлттық биін биледі. Сондай-ақ қонақтарға музыкалық бағдарлама ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты қабылдауға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь, дипломатиялық корпус пен іскерлік орта өкілдері қатысты.
Қазақстан Қытай Халық Республикасын өзінің басты стратегиялық әріптестерінің бірі ретінде қарастырады. Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының өзгермейтін басымдықтарының бірі, – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтар екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға негіз болып отыр.
Вице-премьер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жеткен. Сонымен қатар жалпы құны 127 млрд доллар болатын 316 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Алдағы жылдары Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалы көлемін 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Біз Астана мен Бейжіңнің стратегиялық сипаттағы қатынастарын жаңа көкжиекке көтеруге басым мән береміз. Жаңа алтын отызжылдықтағы ынтымақтастығымыз тың бастамалар мен игі жетістіктерге толы болатынына сенімдіміз, – деді Серік Жұманғарин.
Өз кезегінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь Қытайдың 77 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елдің алдағы даму басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай экономикалық әлеуетін нығайтып, заманауи технологияларды дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып келеді.
Дипломат екі ел басшыларының стратегиялық өзара іс-қимылының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатқанын жеткізді.
Қытай мен Қазақстан – тату көрші, жақын дос әрі сенімді серіктес. Соңғы жылдары ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде дамып, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналды, – деді Хань Чуньлинь.
Елшінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 37,8 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артқан. Бұл – екі ел арасындағы сауда көлемінің тарихи рекорды.
Сондай-ақ ол көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, жасыл энергетика және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі заманауи технологиялардың таныстырылымы болды. Шанхайдан келген роботтар қазақтың ұлттық нақыштағы кеудешелерін киіп, қонақтар алдында Қара жорға мен қытайдың ұлттық биін биледі. Технологиялық қойылым екі халықтың мәдени байланысын танытқан мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналды.