Нұр-Сұлтанда Сыртқы істер министрлігінде Қасиетті Тақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ватиканның ресми сайтында хабарланғандай, Қасиетті Тақ атынан құжатқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі хатшы архиепископ Пол Ричард Галлахер, ал Қазақстан Республикасы атынан Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қол қойды.
Жаңа құжат 1998 жылғы екіжақты келісімнің 2-бабын кеңінен қолдануды көздейді, ол Қазақстандағы католиктердің пасторлық күтімімен айналысатын шетелдік діни қызметкерлер мен монастырларға виза және тұруға рұқсат беруді жеңілдетеді. Кіріспе мен сегіз тармақтан тұратын құжат екі тарап арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстарын одан әрі нығайтады, делінген жарияланымда.
Келісім ратификациялық грамоталармен алмасудан кейін күшіне енеді.
Рим Папасының Қазақстанға сапары – рухани және саяси мәні бар өте маңызды оқиға. Понтифик бүкіл әлемде жоғары беделге ие, соғыстардың, кедейліктің, гендерлік теңсіздіктің өткір мәселелерін көтеріп жүреді. Ал оның пікірі міндетті түрде тыңдалады.
Понтификтің Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасын қолдауы бұл платформаның халықаралық беделін айтарлықтай арттырады.
Ватикан мен Рим-католик шіркеуінің басшысы Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға алдыңғы сапары 2001 жылдың қыркүйегінде, Нью-Йорк қаласында 11 қыркүйек күні болған қайғылы терактіден бірнеше күн өткен соң болған еді.
Ол кезде адамзат «өркениеттер қақтығысы» алдында тұрғандай көрінді. Дегенмен, Иоанн Павел II Қазақстанға сапары барысында халықтардың тату-тәтті өмір сүруі туралы өз көзқарасымен бөлісті. Ол «Христиандар мен мұсылмандардың ортақ тұстары көп, сондықтан бүгінде мұсылман мен христиан әлемі арасындағы диалог бұрынғыдан да арта түсуі қажет» деп атап өтті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін Қазақстанда өткізу идеясы Папаның сапары кезінде туындады. Екі жылдан кейін, 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі өтті. Алғашқы күндерден бастап Ватикан да Съездің жоғары деңгейдегі тұрақты және белсенді қатысушысы болды.
Осылайша, Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы болды.
Рим Папасы Франциск сапарының бағдарламасы өте мазмұнды. Сапардың бірінші күні ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі.
Рим-католик шіркеуінің басшысы сапарының екінші күні Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ашылуы мен пленарлық отырысына және форумға қатысушы дін көшбасшыларымен бірқатар кездесулерге қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар, 14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, соның ішінде Қазақстан астанасына келетін қажылар үшін дұға (Қасиетті месса) жасау рәсімін өткізеді.
Сапардың соңғы күнінде ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды, сондай-ақ Қазақстаннан және көрші елдерден келген Рим-католик шіркеуінің дінбасыларымен, монастырларымен және семинаристерімен кездесуді жоспарлап отыр.