Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары мергендікке баулитын садақ ату орталықтары бірінен соң бірі ашылып жатыр. Ендігі кезек кеншілер қаласы Риддерге де келді, деп хабарлайды Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл өңірде балалар мен ересектерге ұлттық спортымызбен еркін айналысуға мүмкіндік туды. Мергендерді Азат Баяндин тәрбиелеп жатыр. Кәсіп иесі өз қаражатына керек-жарағын алып, ғимарат жалдаған. Айтуынша, мақсаты дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту екен.
Риддер қаласында ұлттық спортты дамытуды баяғыдан жоспарлап жүр едім. Сәтін салып, биыл бастап кеттім. Өзім садақ атуды Өскемен қаласындағы орталықтан үйрендім. Қазір енді білгенімді осындағы жандармен бөліспекпін. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, облыстық жарыстарға қатысу жоспарда бар, - деді Азат Баяндин.
Садақ ату үйірмесіне қатысам деген адамға еш шектеу жоқ. Қаланың байырғы тұрғыны Игорь есімді азамат алғашқылардың бірі болып, сауда ату орталығына келіп, бос уақыты бола қалғанда мергендігін сынап кетеді екен. Риддерде қазақтың садақ ату дәстүрінің бастау алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.
Шаһарымызда садақ ату орталығы ашылғанын естіп бірден келдім. Алғашында біраз қиын болды. Қазір тәлімгердің көмегімен үйреніп жатырмын. Мұнда жиі келемін. Садақ атып, демалып, арасында қымыз ішіп, қазақтың ұлттық сусыны мен дәстүрін байланыстырып отырған жайымыз бар, - деді Игорь Шатечников.
Садақ бейбіт заманда аңшылықтың, жаугершілік заманда қорғаныстың құралы болған. Ал 19 ғасырдан бастап садақ ату спорттық өнерге айналды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді.