- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Риддер ЖЭО-да 3,3 шақырым жылу желісі жаңартылады
Риддер ЖЭО-да 3,3 шақырым жылу желісі жаңартылады
Жөндеу жұмыстары алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жүргізіліп жатыр.
26 Шілде 2026, 10:49
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Ол облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Риддер жылу электр орталығында болып, кәсіпорынның алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты.
1956 жылы пайдалануға берілген Риддер ЖЭО-да №5 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, 3,3 шақырым жылу желісі жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Оның ішінде 1,8 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінген. Қазір кәсіпорында 400-ден астам адам еңбек етеді.
Шығыс Қазақстанда қыс ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымына дайындық барлық талапқа сай жүргізілуі тиіс. Басты міндеттердің бірі – жылу беру маусымын апатсыз әрі тұрақты өткізу. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бірінші вице-премьер сондай-ақ «Қазцинк» компаниясына қарасты Долинный кенішінің және BearLog демалыс базасының жұмысымен танысты.
2017 жылы іске қосылған кеніште бүгінде 450-ден астам адам жұмыс істейді. Мұнда жерасты жұмыстарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологиялар мен өндірістік тәуекелдерді азайтуға арналған шешімдер енгізілген. Кәсіпорында автоматтандырылған жүйелер белсенді қолданылуда. Кеніштің жобалық қуаты жылына 890 мың тонна полиметалл кенін өндіруге есептелген. Жалпы қоры 8,4 млн тоннаға бағаланады.
BearLog демалыс базасы биыл қаңтар айында пайдалануға берілген. Жалпы аумағы 14 269 шаршы метр болатын кешен бір мезетте 80 адамды қабылдай алады.
Мұнда дайындалмаған тау беткейлерінде шаңғы мен сноуборд тебетін фрирайд әуесқойлары келеді. Олардың арасында Еуропа елдерінен келген туристер де бар. Осындай нысандардың дамуы Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттырып, Риддерді еліміздегі жыл бойы белсенді демалыс ұйымдастырылатын маңызды орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жұмыс сапары Өскеменде жалғасты. Нұрлыбек Нәлібаев теміржол вокзалында, салынып жатқан көлік айрығында, қазандықта және тұрғын үй құрылысы нысандарында болды.
Құны 2,4 млрд теңгені құрайтын «Өскемен-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы былтыр басталған. Жоба аяқталғаннан кейін вокзалдың аумағы 858 шаршы метрден 1 864 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Мұнда заманауи күту залдары жасақталып, жолаушыларға қолайлы жағдайлар қарастырылады, инженерлік желілер жаңартылып, айналасы абаттандырылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі – 85%. Нысанды биылғы жаздың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бірінші вице-премьер облыс орталығындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан екі деңгейлі көлік айрығының құрылысымен де танысты. Жоба іске асқаннан кейін Өскеменнің ең көп жүктеме түсетін учаскелерінің бірінде көлік өткізу қабілеті артып, жол қозғалысының қауіпсіздігі күшейіп, жүргізушілердің жол жүру уақыты қысқарады. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында болып, кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығын тексерді. Компания басшылығы жөндеу жұмыстарының барысы, жабдықтардың техникалық жай-күйі және тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтуға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Бірінші вице-премьер Өскеменнің сол жағалау бөлігіндегі тұрғын үй құрылысының қарқынымен танысып, «Нұрлы жол» шағынауданында болды. Қазір бұл аумақ қаланың ең ірі кешенді құрылыс жүргізіліп жатқан аудандарының бірі саналады. Мұнда ондаған көпқабатты тұрғын үй, облыстық драма және оперетта театры, оңалту орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, жалпы білім беретін мектеп салынған. Сондай-ақ хоккей модулінің құрылысы аяқталуға жақын.
Алдағы уақытта бұл жерде жаңа балабақшалар, мектеп, емхана және өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев жаңа тұрғын үйлердің құрылыс мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстаудың маңызын атап өтті.
Бұл өте қолайлы аудан. Жанында мектеп, балабақша, спорт кешені мен саябақ орналасқан. Ең бастысы – құрылысты уақытында аяқтап, үйлерді қыркүйекке дейін пайдалануға беру қажет. Жұмыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуын қамтамасыз ету керек, – деді ол қала әкімдігі мен облыстық басқармалар өкілдеріне.
Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежай құрылысын тексерді. Жобаны «Элхон» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 64 пайызы орындалған.
Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрондағы негізгі жұмыстар аяқталған. Қазір ұшу-қону жолағының шамамен 700 метріне жоғарғы жабын төселіп, перрон мен рульдеу жолында жұмыстар жалғасуда. Терминал мен қосалқы нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бұл жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқандықтан, құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек. Әуежай тек Катонқарағай үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық көлік инфрақұрылымы нысанына айналады. Құрылыстың қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын көбейту қажет. Барлық жұмыс 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. Асфальт төсеу, бетондау және инженерлік коммуникацияларды қыркүйекке дейін бітіру қажет. Ғимараттар жылытылғаннан кейін әрлеу жұмыстарын жалғастыруға болады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бірінші вице-премьер Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңеске де қатысты.
Жиында бірнеше туристік жоба таныстырылды. Соның бірі – «Pana Katon Karagay» жобасы. Оның аясында аумағы 70 шаршы шақырым болатын жаңа туристік кент салу жоспарланып отыр. Жоба іске асса, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ «ULAR PARK» туристік кешенінің жобасы ұсынылды. Биыл 13 капсуладан тұратын жазғы қонақүйдің құрылысы аяқталмақ. Ал құны 3 млрд теңгені құрайтын 150 орындық қысқы қонақүй кешенін 2028 жылға дейін салу жоспарланған. «ULAR PARK HOTEL» ЖШС бұл жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салып, Берел мен Аршаты ауылдарын жалғайтын электр желісі, жол және көпір құрылысын қаржыландырған.
Нұрлыбек Нәлібаев әрбір жоба нақты нәтиже беруі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, көшпелі кеңестің мақсаты – туризмді дамытуға серпін беретін бастамаларды іріктеп, оларды іске асыруға қажетті қолдау көрсету.
Ең оқылған:
- Трамп АҚШ-тың Иранмен қақтығыстан шығуының ықтимал жолдарын атады
- Пәкістан мен Иран АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау жолдарын талқылап жатыр
- АҚШ барлауы Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысына қатысты мәлімдеме жасады
- Тоқаев Путиннің шақыруымен Омбыға барады
- Қазақстандықтарға жаңа ипотека ұсынылды: экономистер оның тиімді тұстарын түсіндірді