Режеп Тайып Ердоғанды қолдауға Анкарада 320 мың адам жиналды

30 Мамыр 2023, 12:52
1551
Бөлісу:
Режеп Тайып Ердоғанды қолдауға Анкарада 320 мың адам жиналды
Фото: TRT Haber

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған президент сайлауының екінші турында жеңіске жеткеннен кейін өз жақтастарының алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Анадолыға сілтеме жасай отырып.

Анкарадағы президенттік кешенге 320 мың адам жиналды. Халық елордадағы әуежайдан бастап Президент әкімшілігіне апаратын жол арасында толып кетті.

Түркия басшысы саяси таңдауына қарамастан, дауыс беруге белсенді қатысқан барлық сайлаушыларға алғыс айтты.

Біз сайлаушылардың таңдауын құрметтейміз. Осы кезге дейінгі барлық сайлауда да солай болған. Бұл біздің ғана жеңіс емес, Түркия жеңді, демократия жеңді! Сайлауда ешкім жеңілмеді, Түркияның 85 миллион халқы жеңіске жетті. Ұлттық мақсат пен идея үшін бірігетін уақыты келді, - деді Ердоған.

Ердоғанның айтуынша, Түркия экономикасының жаңа моделі инвестиция тартуға, халықты жұмыспен қамтуға және халықаралық сенімге негізделген қаржылық реттеуге бағытталады.

Енді бірінші кезектегі міндет - инфляция салдарынан туындаған бағаның өсуін тежеу. Түркияда тұтынушылардың қол жетімділігін жеңілдететін, өндірушілердің кірісін арттырып, фермерлер мен мал өсірушілердің шығынын азайтатын жаңа экономикалық жүйе іске асады, - деп сендірді ол. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды Түркияда өткен президент сайлауының екінші кезеңіндегі жарқын жеңісімен құттықтаған еді. 

Өзгелердің жаңалығы