Рейтинг арқылы қауіпсіз орынды анықтауға болады

21 Ақпан 2023, 16:55
1138
Бөлісу:
Рейтинг арқылы қауіпсіз орынды анықтауға болады

Астана қаласы Полиция департаменті "Атамекен" Кәсіпкерлер Палатасының өкілдері және "Астана Инновейшн" компаниясымен бірлесіп ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік рейтингін анықтайтын бағдарлама әзірлеп жатыр деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірлескен жиында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қайғылы жағдайлардың алдын алу бойынша мәселелерін талқыланды. Сондай-ақ кәсіп иелеріне қауіпсіздік рейтінгін анықтайтын бағдарламаның пилоттық жобасы таныстырылды.

“Smart Astana” деп аталатын бағдарлама арқылы қала тұрғындары мен қонақтары ең қауіпсіз деген мейрамханалар, барлар мен кафелердің сондай-ақ фаст- фуд орталықтарын көре алады.

Аталған бағдарлама кәсіпкерлерді қандай да бір жауапкершілікке тарту немесе әкімшілік қысым көрсетуге бағытталмаған.

Бұл пилоттық жобаға Астанадағы көңіл көтеретін барлық орталықтар қатыса алады. Ешкімді күштеп бағыттап қатыстыра алмаймыз. Әркім өз еркімен кіре алады. Полиция ғана қоғамдық қауіпсіздікке жауап беру үшін емес, басқа да тұлғалар атсалысуы керек. Бұл пилоттық жоба кәсіпкерлер тарапын оң бағасын алған соң қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - дейді Жергілікті полиция кызметі басқармасының бөлім бастығы Азамат Садықов.

Рейтингте пайдаланылатын көрсеткіштер белгілі критерийлер бойынша анықталады. Олар: қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық және "102" арнасына шақырулар саны бойынша есептеледі. Сондай-ақ, өрт сөндіру құралдары мен жүйелерінің болуы мен эвакуациялау кестесі, қосалқы шығатын есіктердің болуы ескеріледі. Дабыл сигнализациясы, бейнебақылау, күзет қызметтері, шұғыл жағдай болған кезде арнайы қызмет көрсететін күзеттердің еш кедергісіз кірме жолдармен келуді де ескеріледі.

Әсел Әбілбек

Өзгелердің жаңалығы