Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақта «өлгенің тіріліп, өшкенің жансын» деген алқау сөз бар. Бұл сөз тура мағынасында реставраторларға тиесілі секілді. Себебі сан ғасырлық сары тап болған дүниені қайта жаңғыртып, қалпына келтіру осы бір алтын қолды азаматтарға тиесілі.
Бір сәті түсіп, тоқайласып қалғанда елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге танымал реставратор Қырым Алтынбековті әңгімеге тартқан болатынбыз.
«Археология бір бөлек, реставратор мүлде басқа, ал тарихи жәдігерлердегі жазуларды - оқу тіптен басқа сала» - деген Қырым Алтынбеков, бүгінгі тарихи жәдігерлерді қалпына келтіруге қатысты біраз әңгіме айтты.
- Реставрация жасаушылардың ерекшелігінен бастайықшы әңгімені.
- Бұл - басқа ғылым. Жаңғыртпа жасаушыларды басқа саламен шатастыруға болмайды. Мысалы, археологтар қандай да бір затты іздеп тапса, біз соны қалпына келтіріп, сақтаймыз. Археологтар бір дерек бойынша іздейді, табады, қазып алады. Осы кезде олардың алдынан бұл табылған артефактті қалай сақтау керек, қалай зерттеу керек деген мәселе шығады. Міне, сол кезде біз келеміз. Біз келген соң өз жұмысымызға кірісеміз. Әуелі – сақталған жерін зерттейміз (полевая консервация), одан кейін арнайы транспортировка жасалады, содан кейін уланудан қорғану, химиялық құрамы, инженериялық жағдайы зерделенеді. Бұл далалық жағдайда жүргізілетін зерттеулер. Мұндай этаптан өткен соң артефакт арнайы зертханаға жеткізіледі. Зертханада әуелі анализін аламыз, рентгенге, томографияға түсіреміз. Бір сөзбен айтқанда, тура ауруханаға келген адам секілді болады. Барлық анализдерін алып болғаннан кейін біз қорытынды жасаймыз.
Ең әуелі артефакттің әрі қарай шірімес үшін концервация жасалады. Екіншіден, табылған артефактті томография арқылы далада жатқан жерінде қандай жағдайда жатқанын көре алсақ, оны сол бойы қалдыруға болады. Қазудың қажеттілігі жоқ. Себебі томографияда жан-жағынан көрініп тұр ғой. Бұл – бірінші жағы. Екіншіден – томография арқылы - қалай жатыр, қалай сақталған, қандай артефакт дегенді көргеннен кейін, оның маңындағы лай, хлорид т.б. секілді артық заттарды алып тастау керек болады. Оның да өзіндік әдістері бар. Мысалы, химиялық әдіспен, механикалық әдіспен, т.б. бірнеше түрі бар. Табылған артефакттің жағдайы қай әдіспен алуға сай келетінін анықтап, сол арқылы алуға болады.
Мұндай шаруаға 10 жылдай уақыт кетіп қалуы да мүмкін. Себебі біз «осы әдіспен алуға болады» деп химиялық әдіспен жұмыс істеп жатқан кезде, қандай да бір мәселе туындайтын болса, дереу тоқтатып, басқа бір әдісті қолданамыз. Оның бәрі – уақыт. Уақытқа төзімділік танытудың арқасында бүгінгі мұражайда тұрған көркем дүниелер пайда болды. Реставраторға асығыстық қол емес. Бүгін беріп, ертең «тездетіп тапсыр» десеңіз, ештеңе шықпайды. Сондықтан уақытқа бағынып, әр нәрсенің сапалы болуын қадағалау керек.
- Бізде мықты реставраторлар бар ма? Бар болса олар қайда?
- Иә, орынды сұрақ. Бізде де мықты реставраторлар бар. Бірақ олар қай жерде жұмыс бар, сол жерде ғана жүр. Мысалы, Алматыдағы Қастеев атындағы өнер галереясында мықты жаңғыртпа мамандары жұмыс істейді. Ол жерде тұрақты жұмыс бар. Картиналарды, кескіндемелерді жасайды. Көп жылдан бері сонда жұмыс істеп келе жатқан реставраторларды білемін. Бұдан бөлек Семейде де кескіндеме бойынша жұмыс істейтін реставраторлар бар, Ұлттық кітапханада жұмыс істеп жүрген реставраторларды айтуға болады.
- Сөзіңізден байқағаным, реставраторлар бірнеше топқа бөлінетін секілді?
- Иә, бөлінеді. Мысалы жаңа атап өткенімдей - кескіндемелерді, қағазды қалпына келтіретін реставраторлар бар. Ал біздің сала бұл екеуіне қатысы жоқ. Яғни археологиялық қазбалардан табылған заттарды қалпына келтіреміз. Оның ішіне бәрі кіреді. Жерде шіріп жатқан артефактің қалдығынан бастап, алтын, күміс, темір, мыс, қола, шүберек, ағаш т.б. барлығы соның ішінде. Бір сөзбен айтқанда өте күрделі. Сондықтан көбісі бұл саламен айналыса қоймайды. Бұл – бір. Екіншіден – Еуропада, Жапонияда, т.б. дамыған елдерде мұндай жұмыстардың әрқайсысын жеке-жеке мамандар істейді. Бұл уақыт ұтуға жақсы болғанымен, артефактті құрастыру кезінде сәйкеспей қалатын кездер болады. Ал біз барлығын кешенді түрде жасаймыз. Мұның тиімділігі – барлығы қаз-қалпында, бір уақытта дайын болады. Екіншіден бізде артефакт ескерткіш көп емес. Және кешенді түрде жасаған кезде, барлық жұмыс аяқталғанда елдің назарына біртұтас композициялық жиынтық ұсына аламыз. Мысалы қазіргі музейлерде тұрған кешендік жаңғыртпалардың бәрі сондай жұмыстың нәтижесі.
- Неге бізде артефактер аз деп санайсыз? Тарихқа қарап отырсақ, біздің жәдігерлер көп болуы керек қой.
- Бұл салыстырмалы түрде. Мысалы біз жақында «Үржар ханшайымын» бітірдік, енді жасайтын ештеңе жоқ. Археологтар алып келеді, біз жасап, қалпына келтіріп, қоюға тиіс музейге қойып жатырмыз.
- Айтпақшы, «Үржар ханышайымына» қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?
- «Үржар ханшайымын» 2013 жылы бастағанбыз. Міне 2019-дың басында бердік. Яғни, 5 жылдан астам уақытымыз кетті.
- Бір ғана осы жұмыспен отырмаған шығарсыздар, енді?..
- Әрине, қосымша жұмыстар да болды. Консервациялық реставрацияның өзіндік қиыншылығы бар. Мысалы, біреу саған «үй сал» десе, не істеу керегін білесің. Және уақытыңды да жобалап аласың. Ал мынада мүлде басқа. Себебі, сенің қолыңа түскен қандай зат екенін бір Құдайдың өзі ғана біледі. Рентгенге түсіріп, химиялық құрамын анықтап, қазіргі жағдайы шірудің қай деңгейіне жеткенін, т.б. анализдерін анықтап алмайынша, ешкім ештеңе айта алмайды. Қандай маманды, қандай сарапшыны әкелсеңіз де айта алмайды.
- Сіздерде бүгінге дейін қалпына келтіруді күтіп жатқан артефакт бар ма?
- Әрине бар.
- Не бар?
- Кестелер, ағаштар, темір бұйымдар, құрал-саймандар, тастар, терілер бар. Сонымен қатар, сұры балшықтан (серая глина) жасалған қыштар бар.
- Реставрация саласына мемлекеттен қаржы бөліне ме?
- Біз мемлекеттік сатып алуға қатысу арқылы ғана тапсырыс ала аламыз.
- Тахникалық жағдай қалай? Реставрация жасау үшін де мықты, соңғы үлгідегі техника керек қой.
- Техниканың барлығы өзіміздікі. Біз жекеменшік болғандықтан, өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз. Жекеменшіктің бір жақсысы, күрделі жұмыстарды жасаған кезде бізді ешкім асықтырмайды. Асықпай жасалған дүние әрқашан сапалы болады. Мысалы жаңағы «Үржар ханшайымын» алайық. Өз басым бұл жұмыстың сапасына өте жоғары баға беремін. Және мұндай сапалы дүниені жасап шығарсам өзім ләззат аламын. Сонымен қатар, жекеменшік болғандықтан ынтамен жұмыс істейсің. Біреудің нұсқауымен, бұйрығымен емес, өзің сүйіп істейтін жұмыс ретінде жасайсың. Ал бұл жұмысты ақша үшін, пайда көзі ретінде жасасаң дәл мұндай сапалы болып шықпасы анық. Бір сөзбен айтқанда, менің ойымша, дәрігер мен реставратор үшін пайда көздеп жұмыс істеуге болмайды.
- Сонда реставрация саласын мемлекеттің қарамағына беру дұрыс емес деп санайсыз ба?
- Меніңше дәл осы сала жеке адамның қолында болғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі, мысалы мен жаңа айтқанымдай, өзім сүйіп істейтін жұмысымды істеп жүрмін. Ал мемлекет қарамағында болса, мәселелер туындайды.
- Мысалы?..
- Әуелі осы реставрация жасайтын мамандар қаржыға тәуелді болады. Екінші, жұмыс істеуден алаңдаушылығы көбейеді. Себебі бастық тұрақты болса жақсы, ал бастық ауысқан сайын, «жұмыстан шығып қалмасам екен» деген алаңдаушылықпен жүреді де, жұмысқа деген ынтасы азаяды. Содан кейін жұмыс өнімділігі азаяды. Бұл енді менің өз көзқарасым.
Және реставрация саласын жекеменшік адамдардың жүргізуі әлемде бар тәжірибе. Еуропа елдерінің көбінде реставрациямен айналысатын жеке компаниялар бар. Оларды өз көзіммен көрдім.
Менің ойымша, мемлекеттің қарамағына беруге бір ғана негіз бар. Егер жаңғырту жұмыстарын жасайтын артефактер көп болса. Жеке компаниялардың, жеке адамдардың шамасы келмейтіндей көп жәдігер болып, сол үшін мемлекет күш салып жатса, онда мәселе басқа.
- Бұл саланы мемлекет қарамағына тапсырудың мынадай бір қыры болуы мүмкін. Мысалы «қара археологияның» жолын кесуге болатын секілді?
- «Қара археология» деген жоқ. Оның барлығы ұрылар.
- Жақсы, расымен ұрылар деуге де болады. Егер мемлекет қарамағында болса, сол «ұрылар» тапсырыс беретін реставрацияның жолы кесілер ме еді дегенім ғой?...
- Өз басым «ұрылардан» тапсырыс алмаймын.
- Ал сіз олардың «қара археолог» екенін қайдан білесіз?
- Біріншіден олардың әкелген тапсырысы мемлекеттік емес.
- Сонда сіз мемлекеттік тапсырысты ғана орындайсыз ба? Жеке адамдар тапсырыс бермей ме?
- Әрине, жеке адамдардан тапсырыс түседі. Мен бірден артефактті қайдан алғанын, қалай қолына түсіргенін, қай жерден алғанын сұрай бастаймын. Егер әкелген заты археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған бұйым болса, «неге ол сіздің қолыңызда жүр?» деген секілді сұрақтың астына аламын. Егер біз айтып отырған «ұрылар» болса, менің сұрақтарымнан кейін олар бірден қаша бастайды. «Ұрының арты қуыс» деген осы.
Кімнің қолында жүрсе де, қандай бұйым болса да, ол ең әуелі біздің тарих, екіншіден біздің елдің байлығы. Сондықтан ол көлденең өткен көк атты біреудің қолында болмауы керек.
- Реставратор болсаңыз да, археологиядан алыс емессіз. Өз ойыңызша, қазақ даласында жәдігерін жасырып, қазылмай жатқан, «әй, осында бірдеңе бар-ау» дейтін өңірді атап бере аласыз ба?
- Иә, реставрация мен археологияның илегені бір терінің пұшпағы. Сондықтан да ондай жердің бар екенін айтуға болады. Бірақ оны арнайы мамандар жасауы керек.
- Әрине, мамандар жасайды ғой, бірақ өз көңіліңіздегі бір жерді сілтеуіңізге болады ғой?
- Жоқ, мен оларға сілтеме бере алмаймын. Жәй сырттай ғана «осы жерді қазса бірдеңе шығады-ау» деуім мүмкін, бірақ әр саланың өз маманы бар. Және солай болуға тиісті. Сондықтан археологиямен археологтар айналыссын. Мысалы мен олармен қанша жылдан бері бірге істесем де, археолог емеспін. Иә, бір шатырда жатып, бір бақырдан ас ішіп, бір жұмысты істеп жатқандай көрінетініміз анық. Бірақ әрқайсысымыздың өз мамандығымызға қарай міндеттеріміз бар.
- Осы салада жүргеніңізге біраз жылдың жүзі болды. Талай қазба жұмыстарына да қатыстыңыз. Бұған дейін «біздегі обалардың көбін қазып тастаған» дегенді естиміз. Ашығын айтыңызшы, қанша жәдігерден айырылып қалыппыз?
- Қазір де айырылып жатырмыз ғой. Өте көп. Кез келген археологиялық қазба жұмыс жүріп жатқан сәттен бастап-ақ артефакттерді құрта бастайды.
- Қалайша?
- Қазу жұмыстары жүргізілген кезде, ештеңені бүлдірмей, зақымдамай алу мүмкін емес. Себебі қазған кезде бұйымды ашуға тура келеді. Ал ол бәлен жылдан бері топырақтың құрамымен үндесіп, дымқылдығы, химиялық құрамы барлығы қалыптасты. Қазба жұмысы кезінде оған әуелі ауа әсер етеді. Сол сәттен бастап ол тұрақтылығын жоғалтады. Осы орайда, біздің басты мақсатымыз, жәдігерді ақыры зерттеу үшін аштық па, сол зерттеуді толық аяқтау. Екінші жағынан оның бұзылмай сақталуына жағдай жасау.
- Өзіңіз куә болған, ең жақсы сақталған жәдігер қайсы еді?
- Бұл жерде де салыстырмалы түрде ғана айта аламыз. Мысалы кейде, қазба жұмыстарынан табылған бір түйменің өзі ең жақсы сақталған болып есептелуі мүмкін. Кейбір жерлерде жәдігерлер құмның құрғақ жерінде қалады да, жақсы сақталады. Керісінше басқа бір жерде жәдігер дымқыл жерде қалады да, су жеп, тот басып, тез шіріп кетеді.
Мысалы, Мысыр құмдарында қалған жәдігерлер жақсы сақталатын себебі де содан. Ал біздің климат керісінше, жеріміз шымды, ылғал көп. Ылғал тез шірітеді. Бірақ, шіріп кеткен екен деп барлығын тастауға да болмайды. Анықтап, зерттеп, сұрыптап ала білу керек. Біздің археологтар қазып жатқан кезде көбісі бетіндегі алтыны мен темірін алады. Астындағы органикалық бұйымдар, яғни киімдер, шүберек пен теріден жасалған заттар қазып жатқан сәтте-ақ шіріп, үгіліп, жоғалып, тозаңға айналып кетеді.
- Әрине, шіріп, үгіліп тұрған дүниені аман алып қалу мүмкін емес шығар. Дегенмен мұның бір амалы жоқ па аман алып қалатын?
- Иә, оны аман алып қалудың мүмкіндігі бар. Археологтардың әуелгі жұмысы қазып алған артефакті ашқан соң бірінші фотоға түсіруі керек. Одан кейін суретін сызады, пиксациясын жасайды. Оның бәрі уақыт. Ал беті ашылған жәдігер жарты сағатта кеуіп кетеді. Кепкенен кейін ол ештеңеге жарамай, үгіліп түседі. Барлық еңбектері күлге айналады.
Сондықтан археологтар қазып жатқан жәдігерлеріне жеткен сәтте бізге, яғни реставраторлардың көмегіне жүгінсе, әр артефактпен жұмыс істеудің өзіндік әдісі бар, біз соны қолданып, табылған дүниені аман сақтап қалуымызға мүмкіндік бар.
Кезінде бізді дер кезінде шақырмағанда қазіргі Ұлттық музейде тұрған Берел жәдігерлерін көрмейтін едіңіздер. Бізді уақытында шақырудың арқасында, Берелді аман алып қалдық. Рас, сасып, шіріп жатқан үйінді болатын. Франциялық мамандар бізге, «мынадан түк те шықпайды, фотоға түсрдік, алатынын алдық, көретінін көрдік» деген болатын. Біз солардың айтқаны бойынша мән бермеген болсақ, қазір бір дәуірдің үлкен мәдениетінен айырылған болар едік. Солай үйінді болып қалған талай төмпешік бар, күні бүгінге дейін.
Мысалы «Тақсай ханшайымы» кешенін алып қарайық. Толықтай өртеніп кеткен кешен болатын. Тауып алған археологтар бірден бізді шақырды. Біз келген сәтте түрлі әдістерді қолданып, жәдігерлерді аман алып қалдық. Соның арқасында бүгін «Тақсай ханшайымы» мұражайда тұр. Бізді шақырмаған болса, ол да жоқ еді.
Кейде адамдар бір сырға, жебенің ұшы, т.б. ұсақ-түйек дүниелерді алып келеді. Рас, ол тарихи тұрғыда құнды дүние болуы мүмкін, бірақ оны ешқандай дәлелдей алмайсың ғой. Ондай жәдігерлер кез келген музейде толып тұр. Егер, сондай бұйымның толық сақталған жерін тауып алсақ, бұл басқа мәселе. Онда біз сол артефактті толық сақтауға күш саламыз. Қалпына келтіріп, реконструкция жасау үшін бір тал шаштың өзі маңызды. Соның арқасында біз толықтай сараптама жасап, кешенді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе аламыз. Тағы бір анық дүние бар, ол – қазба жұмыстарында бетінде жатқан алтын, күміс, темір ештеңе айта алмайды.
- Мысалы көп жағдайда қалпына келтіру жұмыстарына технологияның соңғы мүмкіндігін 3D, 4D, тіпті 5D форматтарын қолдану қолға алына бастады. Сіздерде осы әдісті қолданатын шығарсыздар?
- Әрине. Жаңа сөз арасында айттым ғой, томографиялық тексеру жайлы. Сол арқылы біз жан-жағынан тексеріп, артефакті қазу, қазбауды анықтап аламыз. Алайда, біз күтпеген басқа бір мәселе туындады. Сенің айтып отырған 3D нұсқаң арқылы мүсіндерді, жердің бетіндегі дүниені жасау оңай. Ал біздің зерттеп отырған бұйым жер астында. Ол өз кезегінде лазермен тексеріуге кедергі келтіреді. Содан біздің мамандар 2 жыл отырып өзімізге ыңғайлы, тиімді нұсқасын жасап шығардық. Қазір соны қолданамыз, нәтижесі керемет. Және бұл бағдарламамен антропологиясын да анықтап алуға болады. Уақыттан да ұтып отырмыз.
- Ең ұзаққа созылған қалпына келтіру жұмысы қанша уақытқа созылды?
- Мысалы Берелді әлі күнге жалғастырып келеміз. 1996 жылы табылды, бірақ реставрация жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ.
- Неге бітпей жатыр?
- Жаңа жоғарыда айтқанымдай, шіріп жатқан лайдың ортасынан табылған дүние ғой. Бүтін кешенді зертханаға алып келіп, әрбір деталіне мұқият тазалау жұмыстарын жүргізіп, әр қатпарын аршып алудың өзіне аз уақыт кеткен жоқ. 15 жылға жуық жүргізілген жұмыс нәтижесінде, жақында толық бітіреміз. Қазір 90 пайызы бітті. Біткені біткендей Ұлттық мұражайға қойылып келеді.
- Артефакттің барлығына реставрация жасап жүрсіз ғой, қай затты жаңғырту қиын?
- Органикалық заттарды қалпына келтіру оңай емес. Ол өте қиын, оның сыртында - жауапкершілігі жоғары. Органикамен жұмыс істеуге аса төзім қажет. Сондықтан да көп реставратор органикамен жұмыс істегісі келмейді. Тіпті кейбір мамандар жиіркенеді.
- Археологиялық қазба кезінде табылған мүрделермен жұмыс барысында қалай сақтанасыздар? Оның неден қайтыс болғанын, қандай жағдайда жатқанын білмейсіздер ғой. Тіпті, беті аулақ, бір жұқпалы аурумен ауырып өлген болуы мүмкін ғой?
- Иә, ол мың жерден біздің тарихи жәдігеріміз дегенмен, ең әуелі ол мүрде. Оның өнебойында барлығы болуы мүмкін. Сондықтан біз барлығына алдын ала дайын боламыз және алдын ала сақтанамыз. Антисептик арқылы, техникалық қауіпсіздік, арнайы киім, тіпті қолымызда арнайы қолғап болады. Әйтпесе, ол жерде не бәленің барын бір Құдай ғана біледі.
- Қазақ даласынан 7 алтын адам табылды. Бұл кездейсоқтық па, әлде шынымен бір кезде біздің бабаларымыз алтынға оранған ел болды ма?
- Бұл кездейсоқтық емес. Бір кезде шынымен сондай дәуір болған. Оған қазіргі табылып жатқан жәдігерлер дәлел. Сонау Дунайдан бастап, қазіргі Моңғол даласына дейінгі созылған ұланғайыр байтақ бір кезде көшпенділердің атамекені болды. Демек көшпенділердің мәдениеті қалыптасып, осы далаға сіңіп кетті. Сол кезден бастап алтынға оранып жатты. Әрине, «алтынға оранды» деп образды түрде айтып отырмыз ғой. Десе де, ол кезде адамдар «өлмейді, о дүниеге кетеді» деп сенген. Осы сенім, қайтыс болған адамды «жолға дайындаған». Яғни, артында қалған туыс-туғандары қайтыс болған адамды о дүниеге шығарып салатын болған. Жақсы киімін кигізіп, жақсы атын мінгізіп, ас-ауқатын жанына қойып, өмірде қандай баспанада тірлік кешті, тура сондай баспана салып берген. Сол баспанаға кіргізіп, жерлеген соң – «шығарып салған соң» о дүниеге кетті деп есептеген.
Әрине, мұндай «шығарып салулар» қарапайым адамдар арасында қарапайым түрде жасалса, ақсүйектер әулетінде жоғары дәрежеде атқарылғаны анық. Осыдан барып, қайтыс болғандардың «баспанасында» алтын-күміс, бағалы дүниелер көп болды. Өкініштісі сол, ондай «жерлеу орындарының» көбі тоналған. Тонау сол жерлеу рәсімі болған күннен бастап күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі тонаушылық тіпті сұмдық болып кетті.
- Бізде ондай тонаушылыққа тыйым салатын заң жоқ па?
- Заң бар ғой, бірақ оған кім бағынып жатыр? Біріншіден. Екіншіден, ұланғайыр даланың әр төмпешігіне бір қарауылдан қоя алмайсың ғой. Бұл мәселе көтерілгелі бәлен жыл болды. Әлі нәтиже жоқ. Алдағы уақытта бір мәнісі болар деп ойлаймыз.
- Жалпы осы сала бойынша қолға алынбай жатқан тұсы бар ма?
- Бар. Мысалы біз жекелеген артефакттерді, жекелеген қазбаларды жасап жүрміз. Ал қазақ даласында өмір сүрген ежелгі халықтар туралы деректер жоқ. Олардың қауымдық мекендері, баспаналары, шеберханалары қандай болды деген сауалға жауап бере алмаймыз. Алтын адамдардың өнбойынан неше түрлі әшекейлерді көреміз. Бірақ оны қалай жасағанын білмейміз. Мені осы жағы қызықтырады. Бұл тақырыпты зерттеп жүргендер де аз.
Сонымен қатар, біз алтын адамдарды таптық. Хан, әмірші, көсем екенін анықтадық. Ал енді, егер алтын адам хан болса, оның қасында қолбасшы, би, арнайы дәрігер, мұғалім жүреді. Олар қайда кетті?
Бір мысал айтайын, «Үржар ханшайымы» емші болған деп болжап отырмыз. Себебі қолындағы, бірге жерленген заттарға қарап отырып сондай болжам жасадық. Шөппен емдегені байқалады. Дәрі жасаумен айналысқан екен. Қарап отырсаңыз біздің дәуірімізден бәлен жыл бұрын емшілік мәдениеті қалыптасқанын байқаймыз.
Енді осындай мәдениеттердің басын қосып, құрап отырып біз бір қауымның тарихи-мәдениетін көруімізге болады. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай баспаналарын, шеберханаларын, арнайы мамандық иелерінің жәдігерлерін түгендеуіміз керек. Сонда біздің көз алдымызға империялық мәдениеттің негізі қаланада. Әйтпесе қазақ даласында өңшең алтын адамдар қыдырып жүрмегені анық.