Республика күні жаңа мазмұнда атап өтіледі – Мемлекет басшысы

22 Қазан 2022, 11:18
807
Бөлісу:
Республика күні жаңа мазмұнда атап өтіледі – Мемлекет басшысы

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты шарада айтты, деп хабарлайды  BAQ.KZ.

Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар. Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес. Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді. Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілді. Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл - дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр. Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес. Бабаларымыз бостандыққа қол жеткізу үшін күресті. Біздің буын егемен елдің негізін қалап, тұғырын бекіту үшін қызмет етіп жүр. Ал, ендігі ұрпақ қастерлі тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау үшін еңбек етуге тиіс. Бір сөзбен айтсақ, біз бұған дейін мемлекеттілігімізді нығайтуға баса мән бердік. Енді азаматтардың мемлекетшілдік сана-сезімін арттыруға да жете көңіл бөлуіміз керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тұлпар мініп ту алған» жалпыұлттық эстафетасы өткенін білесіздер. Астанадан Түркістанға дейін жалғасқан «Ұлы Дала жорығы» атты аламан бәйгеге бүкіл ел көз тікті, – деді Президент.

Жақында Amanat партиясының «Жастар рухы» қанатының бастамасымен «Менің елім – менің туым» атты акция басталды. Мұның бәрі – елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маңызды жобалар. Біз жастарды отаншылдыққа баулитын осындай ұтымды әдіс-тәсілдерді іздеуіміз керек. Елімізде мұндай мысалдар көп. Бұл саладағы ең озық тәжірибені халық арасында кеңінен дәріптеуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – Республика күні өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналады деп сенемін. Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын. Біз қастерлі тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіспіз. Сондай-ақ, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы кедергінің бәрінен арылуымыз керек. Одан әрі даму үшін жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды. Соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынды. Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті, мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын. Біз ауқымды конституциялық реформа жүргізіп, елімізді түбегейлі қайта құруға кірістік. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын орнықтырамыз. Еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі мақсаты – барша азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету болмақ. Бұдан былай қолдан жасалған барлық монополиялар келмеске кетеді, – деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы