BAQ.KZ тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықовтан Республика күнінің алғашқы жылдары туралы сұрады.
«Бұл күн жастар үшін тарих екені сөзсіз. Ал менің жасымдағы азаматтар үшін бұл өзіміз көрген, қатысқан тарихи шындық. Әрине оқиға туралы қазіргідей әлеуметтік желі арқылы бақылау, көп талқылау болған жоқ. Дегенмен, бұл құжат Кеңес Одағының кезінде қаралғаны есімде. Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны бәрінің бірден қолдамайтыны түсінікті еді. Көптеген қарама-қайшылықтар, пікірталастар болды. Дауыс беруге қатысқандардың көбісі бұл құжатқа түсіністікпен қарады деп есептеймін. Себебі Кеңес Одағы мемлекет ретінде тарихқа еніп, жаңа эраның басталуын қажет ететін шақ еді. Сондықтан біз тарихшылар үнемі бұл күнді тәуелсіздіктің бастауы болды деп айтамыз»,- деді Тілеген Садықұлы.
Тарихшы егемендік декларациясы қабылданған уақыттағы халықтың көңіл-күйін сипаттап берді.
«Адам бір қалыпты өмір сүріп жатқанда, жаңа бағытты көріп оған қызығушылықпен, үмітпен қарайды. Сол кездеде біздің халық осындай сезімдері бастан өткерді. Бұл күнді отбасында, жұмыста қызу талқылайтынбыз. Ең маңыздысы – нәтиже еді. Оған жету жолында біраз қиындықтар болды. Әйтсе де біз өз қалауымызға қол жеткіздік»,- дейді тарихшы.