Ресей-Украина шекарасындағы ахуал ушықты

24 Қаңтар 2022, 22:29
1644
Бөлісу:
Ресей-Украина шекарасындағы ахуал ушықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

НАТО Шығыс Еуропадағы әскери техника санын арттырады. Бұл Украина мен Ресей шекарасындағы ахуалға қатысты қабылданған шешім. Жалпы, кейінгі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында «Мәскеу көрші мемлекетке басып кіруге дайындалып жатыр» деген мәлімет жиі пайда бола бастады. 

Алайда Ресей мұның бәрін жоққа шығарып отыр. Дегенмен кейбір мемлекеттер Украина елшілігіндегі қызметкерлерін кері қайтаруға дайындалып жатыр. Геосаяси жағдай нарыққа әсер етпей қоймады. Мұны рубльдің арзандауынан байқауға болады. Әріптесім Жұлдыз Атагельдиева мәселенің мән-жайына үңіліп көрді. 

Шетелдік ақпарат құралдарында «Ресей Украина шекарасындағы әскер санын арттырып, көрші елге басып кіруге дайындалып жатыр» деген ақпарат былтыр күзден бері айтылып келеді. Осы ретте батыс елдері Мәскеуден жауынгерлерін шекарадан ары әкетуге шақырып, қажет болса, санкция салуға дайын екендерін жеткізді. Алайда Кремль көрші елге басып кіру туралы мәліметті талай мәрте жоққа шығарып келді. Украина жағына келетін болсақ, жуырда Президент халыққа үндеу жасап, дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды. Соңғы мәлімет бойынша, бүгін Владимир Зеленский Нұр-Сұлтан уақытымен 21.00-де ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізетіні белгілі болды.

Бүгін НАТО өкілдері Шығыс Еуропадағы әскери техника санын арттыратынын мәлімдеді. Мәселен, Дания Балтикаға кемесін жібереді. Испания Болгарияға жойғыш ұшақтарын аттандыратын болды. Франция Румынияға әскерін жеткізуге дайын екенін айтты. Америкалықтар да Альянстың шығыс қапталында ((фланг)) жауынгерлерінің санын арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

Ал бұған дейін АҚШ Украинадағы кейбір дипломаттары мен олардың отбасы мүшелерін елге кері қайтуға рұқсат берді. Сондай-ақ Беларусьтегі елшілік америкалықтарды сақ болуға шақырды. Яғни кісі көп жиылатын жерге бармауға, сондай-ақ төтенше жағдай бола қалса, елден кету жоспарын әзірлеуге кеңес берілді. Ұлыбритания ДА Киевтегі өз елшігінің кейбір қызметкерлері мен олардың туыстарын алып кете бастады. Австралиялықтар да осылай істеп жатыр. Германия өкілдері Украинадағы дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне сыртқы істер министрлгігі есебінен елге қайтуға рұқсат берді. Ал Еуроодақ өкілдері әзірге мұндай шешім қабылдауға асықпайтындарын жеткізді. 

Жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ. Қазір келіссөздері процесі жүріп жатыр. Біз АҚШ-тың мемлекеттік хатшысынан неліктен Украинадағы дипломаттарын алып кеткісі келетінін сұрап білеміз. Ал өз тарапымыздан ондай қадамға бармаймыз. Өйткені дипломаттарды әкетуге негіз жоқ деп санаймыз, – дейді Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.

Геосаяси жағдай нарыққа әсер етті. Салдарынан бүгін рубль арзандап, доллар бағамы кейінгі 9 айда алғаш рет 78 рубльдік межеден асып кетті. Екі ел шекарасындағы жағдай мұнай нарығына да әсер етті. «Шикізаттың жеткізілуіне қатысты қиындықтар туындауы мүмкін» деген күдікке байланысты оның бағасы өскен. Қара алтын құнының қымбаттауына Йемендегі ахуал да әсер етті. Жақында мұндағы көтерілісшілер Біріккен Араб Әмірілктерінде жарылыс ұйымдастырған. Енді жауап ретінде Сауд Арабиясы бастаған коалиция елді әуеден соққылап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы