Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санкт-Петербургте халықаралық экономикалық форум өтіп жатыр. Санкциялар бұл жиынға да әсер еткен сыңайлы. Өйткені сырттан келетін қонақтардың қатары сиреген.
Енді Ресей шетел нарықтары жабылған соң импортты алмастыру мен жаңа сауда жолдарын құрудың жаңа жолдарын іздеуге кіріскен. Ресей ТМД-дағы ең ірі серіктесі Қазақстанмен өзара сауда көлемін ұлғайтуға мүдделі. Қазір еліміз Ресейдің сауда серіктестерінің арасында экспорт бойынша 8-орында, ал импорт бойынша 9-орында тұр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Ресейге 7 миллиард 100 миллион доллар мөлшеріндегі тауар жеткізілген. Экспорт 40 процентке артқан. Десе де қос елдің экономикалық ынтымақтастығының негізгісі – өндіріс кооперациясы.
Мұның жақсы мысалдары бар, мәселен, КАМАЗ-бен ынтымақтасып, Қазақстан аумағында шиналардың шойын құймасы бойынша өте технологиялық өндіріс құрдық. Бүгінде бірқатар өндірістер бойынша, мысалы күкірт қышқылын шығару бойынша келіссөздер өткізіп жатырмыз, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Ал өзара саудада ұлттық валютадағы есептесу 70 проценттік көрсеткішке жеткендіігн айтты Бақыт Сұлтанов.
Зор әлеуетіміз бар. Кәсіпорындарымыздың жалпы өндірістік қуаты 60 процент. Яғни өнім шығаруды одан әрі арттыра аламыз. Дегенмен өзара сауданы несиелендіру және шаруашылық нысандары арасындағы даулардың арбитражына қатысты мәселелер бар. Батыстық серіктестермен байланыстың үзілуі Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы және Азиядағы серіктестерімізбен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл тұста Қазақстанның орны өте маңызды, –дейді интеграция және макроэкономика бойынша ЕЭК министрі Сергей Глазьев
Санкт-Петербург экономикалық форумы 18 маусымға дейін жалғасады. Ертең өтетін пленарлық сессияға Қазақстан және Ресей президенттері қатысады.