Ресей полигонында «Орталық-2019» оқу-жаттығуы өтіп жатыр

18 Қыркүйек 2019, 23:08
1446
Бөлісу:
Ресей полигонында «Орталық-2019» оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орынбор облысының «Донгуз» полигонында «Орталық-2019»  стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Аталмыш шараға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің әскери қызметшілері қатысуда. Бөлімшелер бірнеше тактикалық эпизодтарды орындады. Оның негізгі мақсаты үйлестіру сұрақтары мен халықаралық терроризммен күресте әскерлердің іс-қимылдарының үйлесімділігін пысықтау және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады»,- делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, тәжірибелік қимылдарды жүргізу үшін полигонға 20 мың бірліктен астам әскери техника мен қару-жарақ, 600 шамасында ұшу апараты тартылды. Оқу-жаттығу 16-21 қыркүйек аралығында өтеді.   

Шанхай ынтымақтастық ұйымы  шеңберіндегі  халықаралық уағдаластыққа сәйкес оқу-жаттығу өз мәресіне жеткен соң, Қазақстанның аумағы арқылы теміржол көлігімен және әуе маршруттары бойынша ұдайы орналасу орындарына Қытайдың әскери контингенті ілесіп жүретінін айта кету қажет.

Теміржол транзитінің бағдары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары арқылы өтеді.

Қазақстан аумағы бойынша әскери техника Қазақстан армиясы әскери қарауылының ілесіп жүруімен ашық теміржол платформасында тасымалданады. Осы шарттар әскери контингенттің транзитін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер хаттамасында көзделген.


 

Өзгелердің жаңалығы