- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ресей мен Украина бітімге келе ме: Қазақстан үшін келіссөздің маңызы қандай?
Ресей мен Украина бітімге келе ме: Қазақстан үшін келіссөздің маңызы қандай?
20 Қараша 2026, 07:30
Өткен аптада, тоғыз айлық үзілістен кейін, Украина мен Ресей АҚШ-тың делдалдығымен Абу-Дабиде келіссөз үстеліне қайта отырды. Екі күнге созылған кездесуде тараптар әскери тұтқындарды айырбастау жөнінде алдын ала уағдаласқанымен, аумақтық мәселе мен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ортақ шешімге келе алмады. Келіссөздің қайта жандануы соғыстың жақын арада аяқталатынын білдіре ме? АҚШ пен Еуропаның ұстанымы тараптардың шешіміне қалай әсер етеді және ықтимал бітім Қазақстан үшін нені өзгертеді? Осы және өзге де сұрақтарға саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасымның пікірін білдік.
Сарапшының сөзінше, жыл соңына дейін Украина мен Ресейдің толыққанды бейбіт келісімге келу ықтималдығы төмен.
Ал жекелеген мәселелер бойынша уағдаласуға және ұрыс қимылдарын уақытша бәсеңдетуге мүмкіндік бар, оған гуманитарлық ахуалдың күрделенуі мен қыс мезгілінің келуіне байланысты табиғи факторлардың да әсер ететіні айқын. Жақында Украина, Ресей және АҚШ өкілдері тоғыз айлық үзілістен кейін келіссөзді қайта бастап, тараптар әскери тұтқындарды айырбастауға қағидат жүзінде келісті. Берлин кездесуінде Украина, АҚШ және Еуропа өкілдері соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктерін талқыламақ. Соңғы кездесудің өзінен келіссөздің қай тұста ілгерілегенін көруге болады, яғни гуманитарлық мәселеде ортақ шешім болғанымен, соғысты тоқтатудың шарттары әлі ұзақмерзімді талқылауды қажетсінеді, - дейді сарапшы.
Риззат Тасымның сөзінше, ңң күрделі түйін, егер де уағдаластық орын алып, кейін соғыс әрекеттері қайта басталған жағдайда Украинаға кім, қалай көмектеседі деген сұрақ.
Оған қоса кез келген келісімнің тағдырына майдандағы жағдаймен қатар Украина қоғамының оны қабылдауы да ықпал етеді. Қазір ең ықтималы, келіссөз жүріп жатқанда соғыс әрекеттерінің жалғасуы. Әзірге тараптар тұтқын алмасу сияқты мәселелерде уағдаласа алса да, аумақ пен қауіпсіздік жөніндегі қайшылықтар сақталары хақ. Яғни соғыс пен дипломатиялық байланыстың қатар жалғасуын ең ықтимал нұсқа дер едім.
Дегенмен ұрыс қимылдары кезең-кезеңімен бәсеңдеуі де ықтимал. Алдымен майданның жекелеген бөліктерінде атысты уақытша тоқтату немесе ішкі аумаққа шабуылды тоқтату, шикізат пен астық тасымалының қауіпсіздігі жөнінде уағдаластық жасалуы мүмкін. Осындай келісімдер орындалса, кеңірек бітімге жол ашылады. Ол үшін атысты тоқтату тәртібін кім бақылайтыны және оны бұзған жағдайда қандай шара қолданылатыны алдын ала айқындалуы керек, - дейді маман.
Сарапшының айтуынша, жақын мерзімде ықтималдығы ең төмен сценарийдің бірі кең ауқымды саяси келісімнің жасалуы.
Оған жол ашылуы үшін Мәскеу аумақ жөніндегі талабын қайта қарауға, ал АҚШ пен Еуропа Украинаға берілетін кепілдіктер бойынша нақты міндеттемелер алуға тиіс. Сонда аумақтардың түпкілікті құқықтық мәртебесін кейінгі келіссөзге қалдырып, әуелі ұрысты тоқтату мүмкіндігі туады, - дейді ол.
Сарапшы келіссөздерге АҚШ пен Еуропа елдерінің ықпалы туралы пікір білдірді.
АҚШ пен Еуропаның ықпалын екі сұрақ арқылы бағалауға болады. Тараптарды келіссөз үстеліне кім қайта отырғыза алады? Ал қол қойылған келісімнің орындалуына кім жауапкершілік ала алады? Бірінші сұрақта Вашингтонның рөлі айқын болса, екінші сұрақта Еуропаның салмағы бар. Бірақ, мысалы, қазанда Вашингтон мен Мәскеу ресейлік дизель жеткізу жөнінде уағдаласып, сол тұста Украина мен Ресейдің энергетика нысандарына соққы беруді уақытша тоқтататыны хабарланды. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони бұл мәміле Мәскеуге жасалып жатқан қысымды әлсіретуі мүмкін деп бағалады. Осы мысал АҚШ пен Еуропаның бір мақсатқа ұмтыла отырып, оған жетудің жолын әрқалай көретінін аңғартып отыр, - дейді Риззат Тасым.
Маманның сөзінше, мұндағы басты мәселе бітім бұзылған жағдайда қай елдің қандай міндеттеме алатыны.
Сол міндеттемелер айқын болса, Киев үшін атысты тоқтатуға келісудің тәуекелі де азаяр еді. Әзірге сыртқы қысымға қатысты тәуелділіктің анық тұсы Мәскеу соғысты жалғастырудың экономикалық және саяси құны өсетінін көрсе, ымыраға келуге көбірек мүдделі болатыны, ал Киев келісім бұзылған күннің өзінде серіктестерінің көмегі жалғасатынына сенсе, бітімнің шарттарын талқылауға мүмкіндігі кеңейетінінде болып тұр.
Қысым негізінен Киевке түсіп, кепілдіктер жалпылама күйінде қалса, келісімге қол қою жеделдеуі мүмкін, бірақ оның ғұмыры қысқа болуы ықтимал. Сондықтан АҚШ пен Еуропаның ықпалы Мәскеуге соғысты жалғастырудың құнын арттырып, Украинаға бітімді қабылдау тәуекелін азайтқанда нәтижелі болатын сияқты. Еуропа елдері осы бағдарды қолдауға бейім болғанымен, Вашингтон оған әзірге мүдделілік танытып отырған жоқ, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Риззат Тасым Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер және қақтығыстың ықтимал аяқталуы Қазақстанға қандай геосаяси және экономикалық әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Қазақстанның ұстанымы айқын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуден кейін Қазақстан БҰҰ Жарғысын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын ұстанатынын, ұрыс қимылдарын тоқтатып, дипломатиялық келіссөзге көшу қажет екенін айтты. Бұл ұстаным Қазақстанға Ресеймен іскерлік байланысын сақтай отырып, Украинамен және Батыс елдерімен де өз мүддесіне сай қарым-қатынас жүргізуге мүмкіндік береді, - дейді маман.
Сарапшы жалпы, Қазақстан өзгерген жағдайға тез бейімделетінін атап өтті.
2022 жылдан бері Ресейден Қазақстанға шамамен 50 шетелдік компания көшті. Жүк тасымалдаушылардың балама жол іздеуі Транскаспий бағытының дамуын жеделдетті. Осы дәлізбен 2020 жылы 800 мың тонна, 2024 жылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданса, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жүк көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 30%-ға өсті. Соңғы жылдардағы бейімделудің нақты нәтижесі Халықаралық валюта қоры қазандағы болжамында Қазақстанның 2026 жылғы номиналды ЖІӨ-сін 397,9 млрд долларға бағалады. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі, ТМД-да Ресейден кейінгі екінші экономика.
Сонымен бірге айналамыздағы белгісіздік саудаға да, іскерлік ахуалға да әсер етіп отыр. Оған қоса геосаяси тұрғыдан Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің жаңа үлгісін табу Қазақстан үшін де маңызды. 1994 жылғы Будапешт меморандумында Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және сол кездегі шекараларын құрметтеуге міндеттеме алды. Алайда құжат Украинаға шабуыл жасалған жағдайда автоматты түрде әскери көмек көрсетуді көздеген жоқ. Ресейдің Украинаға басып кіруі осы міндеттемелердің елдің аумақтық тұтастығын іс жүзінде қорғауға жеткіліксіз болғанын көрсетті. Сондықтан бұл талқылаудың бізге де тікелей қатысы бар, - деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
- Балқашта 13 және 15 жастағы қыздарға қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдіктілер қамауға алынды
- Дженсен Хуанг Nvidia компаниясын қайта басқаруға дайын екенін мәлімдеді
- 10 мың тас пен 4,5 метрлік алтын қанат: «Әлем аруына» қатысатын Алина Ридің киімі таныстырылды
- 2027 жылдан бастап жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы мөлшері өседі
- Венесуэла АҚШ-пен әскери әріптестікті дамытуға дайын екенін мәлімдеді
Сымбат Сатыбалдина