Ресей мен Украина атысты 3 күн тоқтату және тұтқындармен алмасу туралы келісімге қол қойды

Оның сөзінше, бітім кезеңіндегі басты келісім – 9–11 мамыр аралығында екі тараптың 1000 адамнан әскери тұтқын алмасуы.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 06:25
Бүгiн 2026, 06:25
130
Фото: depositphotos.com

Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеген 9–11 мамыр аралығындағы үш күндік бітімді растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Украина басшысы бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Бүгін америкалық тараптың делдалдығымен өткен келіссөздер аясында Ресейдің “1000-ға 1000” форматы бойынша әскери тұтқындармен алмасуға келісімі алынды. Сондай-ақ 9, 10 және 11 мамыр күндері тыныштық режимі орнатылуы тиіс. Украина өз азаматтарын Ресей тұтқынынан қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мен командама алмасуға қажетті барлық шараларды жедел дайындауды тапсырдым, – деді Зеленский.

Ол Трамп пен оның командасына «нәтижелі дипломатиялық араласуы үшін» алғыс білдірді. Сонымен қатар Киев Вашингтон Мәскеудің жасалған келісімдерді орындауын қамтамасыз етеді деп үміттенетінін айтты.

Ал Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу АҚШ президентінің Украинамен бітімді 11 мамырға дейін ұзарту және тұтқындарды “1000-ға 1000” формуласы бойынша алмастыру бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин тапсырмасы бойынша Ресей тарапы АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Ресей мен Украина арасындағы әскери тұтқындар алмасуына қатысты бітім бастамасын қолдайтынын растаймын, – деді ол.

Ушаковтың айтуынша, бұл келісім Ресей билігі мен АҚШ әкімшілігі арасындағы байланыстар барысында жасалған. Ал Вашингтон өкілдері Киевпен байланыста болған.

Оның сөзінше, бітім кезеңіндегі басты келісім – 9–11 мамыр аралығында екі тараптың 1000 адамнан әскери тұтқын алмасуы.

Еске салайық, 8 мамыр күні Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында үш күндік атысты тоқтату жарияланғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бітім барлық әскери іс-қимылды тоқтатуды және тұтқындар алмасуын қамтиды.

4 мамырда Ресей Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай 8–9 мамыр күндері уақытша бітім жариялаған еді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский 6 мамырдан бастап тыныштық режимі енгізілетінін мәлімдеген болатын.

 

Наверх