Ресей мен Украина астаналарына жасалатын әуе соққыларын уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Үш күнге жоспарланған бұл үзіліс АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Мәскеу мен Киевке сапарларымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің хабарлауынша, Владимир Путин 5 қыркүйектен бастап үш тәулік бойы Киевке соққы жасамау туралы тапсырма берген. Оның айтуынша, бұл шешім америкалық өкілдердің Киевтегі кездесулерін ұйымдастырумен байланысты.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Киевтің де Мәскеуге соққы жасауды уақытша тоқтатуға дайын екенін айтқан. Украина тарапы Ресейден де осындай қадам күтетінін жеткізді.
АҚШ өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 5 қыркүйекте Мәскеуге келіп, Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Кремльдегі кездесу үш сағаттан астам уақытқа созылды. Ресей тарапы келіссөздерді пайдалы әрі мазмұнды деп бағалағанымен, нақты келісім немесе соғыс жағдайын түбегейлі өзгертер шешім жарияланған жоқ.
Кездесуден кейін америкалық делегацияның Киевке аттанып, Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуі жоспарланған.
Бұл дипломатиялық байланыстар Ресей мен Украина арасындағы өзара зымыран және дрон шабуылдары күшейген кезеңде өтіп жатыр. АҚШ бұған дейін Мәскеу мен Киевті америкалық өкілдердің сапары кезінде өзара соққыларды уақытша тоқтатуға шақырған болатын.
Алайда үш күндік үзіліс толыққанды атысты тоқтату келісімі ретінде қарастырылып отырған жоқ. Тараптардың қақтығысты ұзақ мерзімге тоқтату жөніндегі ұстанымдары әлі де айтарлықтай алшақ.: