Малайзия билігі Борнео аралындағы Саравак штатында ауаның ластану деңгейі қауіпті шекке жетуіне байланысты елді мекендердің бірінде төтенше жағдай режимін енгізді. Тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпау ұсынылды.
Euronews-тің хабарлауынша, Индонезияның Калимантан аймағымен шекаралас Сериан қаласында жұма күні ауаның ластану индексі 521-ге дейін көтерілген. Ал Саравак штатының астанасы Кучингте көрсеткіш 311-ге жетті.
Жергілікті ережеге сәйкес, ауа ластануының индексі 500-ден асқан жағдайда аса маңызды емес жұмыстар мен ашық ауадағы қызметті тоқтату қарастырылады. Ал көрсеткіш 200-ден жоғарыласа, мектептер жабылады.
Саравак соңғы күндері Малайзиядағы түтіннен ең қатты зардап шеккен өңірлердің біріне айналды. Бұған көршілес Индонезиядағы орман және шымтезек өрттері мен ұзаққа созылған құрғақшылық әсер еткен.
Индонезия Орман шаруашылығы министрлігінің спутниктік деректеріне сәйкес, 1 тамыздан бері ел аумағында өртке байланысты 717 жылу нүктесі анықталған. Соңғы тәуліктің өзінде 103 белсенді ошақ тіркелді.
Өртпен күреске қосымша күштер тартылып, жасанды жаңбыр жаудыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Индонезия полициясы Суматра мен Борнеодағы он провинцияда орман және шымтезек алқаптарын қасақана өртеді деген күдікпен 112 адамды ұстағанын хабарлады. Құқық қорғау органдары тоғыз провинцияда шамамен 4,7 мың гектар аумақтың өртенуіне қатысты 167 істі тергеп жатыр.
Бұдан бөлек, Калимантандағы концессиялық аумақтарда болған орман және жер өрттеріне байланысты бес компанияның лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Индонезиядағы орман өрттерінен тараған түтін Оңтүстік-Шығыс Азияда жыл сайын қайталанатын мәселеге айналған. Ол мемлекеттік шекаралардан өтіп, Малайзиямен қатар Бруней мен Сингапурдың ауа сапасына да әсер етуі мүмкін.