- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ресей мен Қытай арасында: Орталық Азия өз бағытын қалай айқындап келеді?
Ресей мен Қытай арасында: Орталық Азия өз бағытын қалай айқындап келеді?
Қазіргі уақытта өңір мемлекеттері халықаралық серіктестермен «C5+» форматы аясында диалог жүргізіп, келіссөздегі өз позицияларын айтарлықтай нығайтқан.
Бүгiн 2026, 07:30
Орталық Азия бүгінде сыртқы ойыншылардың бақылауындағы аймақ болудан біртіндеп алыстап, өз күн тәртібін қалыптастыруға көшті. Өңірдің бес мемлекеті өзара ықпалдастықты күшейтіп, дипломатиялық байланыстарын кеңейтіп, негізгі серіктестермен қарым-қатынаста теңгерімді сақтауға ұмтылып отыр. Аймақтағы саяси ахуалдың қалай өзгеріп жатқаны, Қытай ықпалының арту себептері, Қазақстанның ұстанымы және өңірдің болашақта дербес күш орталығына айналу мүмкіндігі туралы саясаттанушы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Саясаттанушы Замир Каражановтың пікірінше, Орталық Азия елдері сыртқы басқаруда деген көзқарас бүгінгі шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта өңір мемлекеттері халықаралық серіктестермен «C5+» форматы аясында диалог жүргізіп, келіссөздегі өз позицияларын айтарлықтай нығайтқан. («C5+» – Орталық Азия елдерінің сыртқы әріптестермен өзара іс-қимыл тетігі).
Кейбір блогерлер мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Орталық Азия “өзгенің ықпалында” деген пікірді әлі де алға тартады. Алайда бұл өңір елдерінің дербес сыртқы саясатын жоққа шығармайды. Сабырлы әрі прагматикалық ұстаным сыртқы саясаттың сырттан таңылып жатқанын білдірмейді. Мемлекеттер ірі державалармен қарым-қатынасты өз ұлттық мүддесіне сай қалыптастырып отыр, – деді Каражанов.
Қытай ықпалының күшеюі және Ресейдің рөлі
Саяси деңгейде тепе-теңдік сақталғанымен, экономикалық тұрғыда күштер арақатынасы өзгеріп келеді. Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы айтарлықтай артқан.
Тепе-теңдік біртіндеп Қытай жағына ойысып барады. Бұл инвестициялар көлемінен, тауар айналымынан және жалпы экономикалық ықпалдан анық байқалады. Геосаяси текетірес күшейген кезеңде жаһандық қақтығыстарға араласпаған тарап ұтады, - деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, Ресейдің рөлі әлсіреп кетті деуге негіз жоқ.
Қазақстан мен Өзбекстанда Ресейдің қатысуымен атом энергетикасы саласында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – Ресейдің өңірдегі ықпалы сақталып отырғанын және оның ұзақмерзімді жобаларға қатысып отырғанын көрсетеді, – деді сарапшы.
Өңірлік саясаттың бағыты
Каражановтың пікірінше, шынайы тәуелсіздік оқшауланумен тең емес. Керісінше, тұйық саясат елді саяси субъектіліктен айырып, экономикалық тоқырауға әкелуі мүмкін.
Толық оқшаулану да – дербес таңдау. Бірақ мұндай бағыт елді құлдырауға және халықаралық аренадағы ықпалының әлсіреуіне алып келеді, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдері керісінше ашық әрі өзара тиімді ынтымақтастық жолын таңдаған.
Өңір мемлекеттері өз мүддесіне сай келетін әріптестікті дамытып отыр. Барлығы белсенді, жаңа бастамалар ұсынып келеді. Дегенмен қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан айрықша белсенділік танытуда, – деді Каражанов.
Қазақстанның теңгерімді саясаты
Саясаттанушы Қазақстанның өңірдегі рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ел ірі ойыншылардың бірі ретінде халықаралық серіктестермен қарым-қатынаста икемді әрі теңгерімді саясат жүргізіп отыр.
Қазақстан ірі көршілермен ғана емес, жалпы барлық серіктеспен қатынаста теңгерімді сақтайды. Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық күшейген сайын бұл ұстаным айқынырақ көрініс табуда. Астана серіктестерін халықаралық келісімдерді сақтауға шақырып, өз міндеттемелерінің нақты шекарасын айқындап отыр, - деді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай саясат Қазақстанға дипломатиялық ықпал жасауға мүмкіндік береді және барлық тарап үшін тиімді.
Орталық Азия – болашақтағы күш орталығы
Басты мәселе – Орталық Азия алдағы жылдары тек транзиттік аймақ қана емес, дербес саяси-экономикалық күш орталығына айнала ала ма?
Каражановтың пікірінше, бұған қажетті алғышарттар бар.
Еуразиялық даму банкі мен Халықаралық валюта қоры деректеріне сәйкес, 2025 жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық ЖІӨ өсімі 5,2–5,5 пайыз шамасында болды. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Сол жылы Қазақстан өңірге инвестиция құю бойынша алдыңғы қатарда болды, – деді сарапшы.
Дегенмен, тек экономикалық өсім жеткіліксіз.
Соңғы жылдары өңірде мемлекеттік шекараларды айқындау және көлік қатынасын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен алдағы кезеңде экономиканы жаңғыртатын құрылымдық өзгерістерге басымдық беріп, инфрақұрылымды жетілдіру және институттардың тиімділігін арттыру қажет. Осындай кешенді қадамдарсыз өңірдің толыққанды күш орталығына айналуы қиын, - деп түйіндеді сарапшы.
Бүгінде Орталық Азия өзгеріп жатқан жаһандық жағдайда тек икемделіп қана қоймай, өз даму бағытын өзі айқындай бастады. Енді осы бағыттың қаншалықты нәтижелі болатыны алдағы кезеңде өңір елдерінің саяси ықпалы мен экономикалық әлеуетін айқындайтын негізгі факторға айналады.
Ең оқылған:
- Жүк көлігінде жасырынған «тірі тауар»: Заңсыз көші-қон арнасының жолы кесілді
- Алматы әуежайының терминалдарын жаңбыр суы басты
- Жантүршігерлік жол апаты: Астанада эвакуатор аялдаманың күл-талқанын шығарды
- Тоқаев «Алтын виза» алғандарға берілетін басты жеңілдіктерді атады
- Шымкентте ер баланы көшеде жүрген жерінен әскери бөлімге алып кеткен
Аида БАТУХАН