Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда берілетін сақтандыру төлемдерін қамтиды.
Бүгінде мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 544 мыңнан астам адам алады. Ақшалай қолдаудың негізгі түрі – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері белгіленген мүгедектік тобы мен мүгедектіктің себебіне қарай айқындалады.
Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты беріледі
2026 жылы жалпы ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, III топқа 61 022 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Егер азамат үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса, оған еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем де қосымша тағайындалуы мүмкін. Оның мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс көлеміне, жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай жеке есептеледі.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру салдарынан мүгедектікке ұшыраған жұмысшылар үшін сақтандыру төлемдері көзделген. Осылайша, азаматтың өмірлік жағдайына қарай мемлекеттік және сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетін қолдау шаралары бірін-бірі толықтыруы мүмкін.
Күтімді жүзеге асыратын адамдарға жеке төлемдер қарастырылған
I топтағы мүгедектігі бар азаматқа күтім жасайтын адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анасына, әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына немесе қорғаншысына да жеке қолдау шаралары қарастырылған.
2026 жылы тиісті ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 81 871 теңгені құрайды.
Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?
Мүгедектік бойынша төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, eGov.kz порталында немесе проактивті форматта рәсімдеуге болады.
Мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа жәрдемақыны рәсімдеу туралы ұсыныс көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Төлемді тағайындау үшін жауап ретінде келісімін растау жеткілікті.
Қажетті мәліметтердің басым бөлігін жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Бұл сұратылатын құжаттар санын азайтып, бірқатар жағдайда азаматтың өзі жүгінбей-ақ төлемді тағайындауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар шипажайды онлайн-портал арқылы өздері таңдай алатыны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Ақтөбеде алаяқ мүгедектік топ пен үй кезегіне қатысты «жеңілдіктер» ұсынған
Ақтөбеде аттан құлап, мүгедек болып қалған тұрғынға 12 млн теңгеден астам өтемақы төленеді
Балалар әкесінен айырылып, 25 млн теңгені жоғалтқан: Өтемақы сот арқылы қайтарылды