Репрессия құрбандарын еске алу бір күнмен шектелмеуі керек – тарихшы

31 Мамыр 2021, 12:28
3919
Бөлісу:
Репрессия құрбандарын еске алу бір күнмен шектелмеуі керек – тарихшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссия жұмыс тобының жетекшісі, профессор, саяси ғылымдар докторы Гүлшат Нұрымбетова айтты.

Оның айтуынша, «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын» еске алу 31 мамырмен шектелмеуі керек.

Менің ойымша, біз мұны бір күндік іс-шаралармен шектемеуіміз керек. Ақиқат қай кезде де ащы. Ал тарихымыздың ащы тұстарын айналып өту, оған үстірт қарау – тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ұрпақ санасында өткен тарихқа деген құрметті сіңіру баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз, - дейді ол.

Сонымен қатар ол елімізде жүзеге асырылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісінің 4 кезеңін ажыратып көрсету керек деген ойын білдірді.

Алғашқы екі кезең кеңестік дәуірде жүзеге асырылды, хрущевтік жылымық кезеңі (1953-1964 жж), одан кейін горбачевтік кезең (1988-1991 жж). Келесі үшінші кезең тәуелсіздігімізді алғаннан кейін басталды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, құрбандарды ақтауға құқықтық негіз қаланды. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың кінәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Төртінші кезең - 2020 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қ.Тоқаев кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісін жалғастыру тарихи әділдіктің салтанаты деп мәлімдеген еді. Осы уақыттан бастап елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Республикалық комиссия, жер-жерлерде өңірлік, қалалық комиссиялар құрылды. Комиссиялар қызметінің басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын «толық ақтау» жұмыстарын жүзеге асыру, - дейді Гүлшат Нұрымбетова.

Тарихшының ойынша, кеңестік кезеңде жүзеге асырылған ақтаулар пердені ашқанымен, әрі қарай тереңдемей, үстірт жүргізілген. Соның салдарынан әлі күнге дейін жазықсыз жапа шеккен мыңдаған құрбанның есімі халқы үшін белгісіз болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы