- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Реформалардан саяси мәдениетке дейін: Құрылтай сайлауы нені өзгертеді?
Реформалардан саяси мәдениетке дейін: Құрылтай сайлауы нені өзгертеді?
Саясаттанушы Таир Нигманов Құрылтай құрамында кәсіби сарапшылардың көбірек болғаны маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол сайлауалды науқандағы дебаттардың рекордтық деңгейде өтуін оң бағалап, Қазақстанда ашық, мазмұнды әрі дәлелді пікірталас мәдениеті орнығуы қажет екенін айтты.
21 Тамыз 2026, 22:53
Бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы Қазақстанның саяси жүйесіндегі ауқымды өзгерістердің практикалық кезеңіне жол ашып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау қарсаңындағы үндеуінде бұл науқанды саяси жаңғырудың маңызды белесі ретінде атап, жаңа Құрылтайдың ел болашағына қатысты түрлі көзқарастар тоғысатын ортақ алаңға айналуы тиіс екенін айтты.
Сайлауалды науқанның мазмұны мен қоғамдық белсенділік те жаңа саяси институттың қалыптасу үдерісіне өзіндік серпін берді. Партиялар арасындағы пікірталастардың көбеюі, жастар мен кәсіпкерлердің қоғамдық-саяси талқылауға белсенді қатысуы азаматтардың саяси процеске араласу мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетті.
Саясаттанушы Таир Нигманов Құрылтай құрамында кәсіби сарапшылардың көбірек болғаны маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол сайлауалды науқандағы дебаттардың рекордтық деңгейде өтуін оң бағалап, Қазақстанда ашық, мазмұнды әрі дәлелді пікірталас мәдениеті орнығуы қажет екенін айтты.
- Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси жаңғыруындағы «жаңа кезеңнің» бастауы деп атады. Сіздіңше, жаңа бір палаталы Құрылтай елдің жаңа саяси жүйесінің негізіне айналуы үшін қандай негізгі функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыруы тиіс?
- Мен бұл жерде бірнеше мәселеге тоқталар едім. Біріншіден, толықтай партиялық тізім арқылы қалыптасатын Құрылтай, ең алдымен, жауапты сарапшылардың Құрылтайы болғанын қалар едім.
Екіншіден, бұл сайлауалды науқан дебаттар саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Барлық партиялар арасында бұрын-соңды болмаған көп дебат өтті. Бірқатар телеарнада, соның ішінде осы аптада да, дебаттар ұйымдастырылды. Жалпы, қателеспесем, іс жүзінде әр апта сайын пікірсайыстар өтіп отырды. Сонымен қатар партия көшбасшылары арасында да пікірталастар ұйымдастырылып, олар «дуэль» форматында өтті. Осындай дебат мәдениетінің Қазақстанда орныққанын қалар едім. Бұл – бір нәрседен бас тарту, бойкот жариялау, өкпелеу, мәселені үнсіз қалдыру немесе бір-біріне түрлі жапсырма тағу мәдениеті емес, керісінше, мазмұнды әрі дәлелді пікірталас мәдениеті болуы керек. Осындай ашық және сындарлы дискуссия елімізде кеңінен қалыптасып, қоғамымыздың қай бағытта дамитынын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналса деймін.
- Үндеуде жастардың, кәсіпкерлердің және кәсіби қауымдастық өкілдерінің қоғамдық пікірталасқа белсенді қатысқаны атап өтілді. Бұл үрдісті азаматтық қоғамның саяси шешімдер қабылдау үдерісіне ықпалының күшейіп келе жатқанының белгісі ретінде қарастыруға бола ма, әлде бұл негізінен сайлау науқаны кезеңіне тән құбылыс па?
- Саяси қатысуға келетін болсақ, азаматтардың саяси белсенділігін көрсететін ең басты әрі негізгі өлшем – сайлаушылардың дауыс беруге қатысу деңгейі, яғни сайлаушылардың белсенділігі. Дәл осы көрсеткіш, ең алдымен, азаматтардың өз дауысының қандай да бір өзгеріске ықпал ететініне қаншалықты сенетінін, олардың саяси процеске белсенді араласуға қаншалықты дайын екенін және бұл белсенділігін нақты дауыс беруге айналдыра алатынын көрсетеді. Дегенмен сайлаушылардың белсенділігін бағалағанда бір ерекшелікті ескеру керек. Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде парламенттік сайлауға қатысу деңгейі президенттік сайлауға қарағанда төмен болады. Себебі сайлаушыларға нақты бір президенттік кандидатқа дауыс беру түсініктірек болуы мүмкін. Ал партиялар арасынан таңдау жасау біршама күрделірек қабылданады. Соған қарамастан, парламенттік сайлауға қатысу деңгейі президенттік сайлаудағы көрсеткішке барынша жақындағанын қалар едім.
- Президент Құрылтай әртүрлі көзқарастар ұсынылатын және ел болашағына бағытталған ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаңға айналуы тиіс екенін атап өтті. Құрылтайда шынайы саяси әралуандылық пен пікірталас мәдениетін қалыптастыру үшін қандай жағдайлар қажет? Ал оның алғашқы жылдардағы жұмыс тиімділігін қандай критерийлер арқылы бағалауға болады?
- Бізге қоғамдық пікірталас жүргізу мәдениетін одан әрі қалыптастыру қажет. Әртүрлі мәселеге қатысты көзқарастардың алуан болуы – қоғамның дамуы үшін маңызды. Сондықтан пікірлер әртүрлі болғанымен, кез келген мәселені ашық әрі салқынқандылықпен талқылап, құрметке негізделген сындарлы диалог құру маңызды.
Ең бастысы – қоғамдағы адамдардың бір-біріне қарсы емес, ортақ мақсат жолында бірге әрекет ететін азаматтар екенін түсінуіміз керек. Барлығымыз бақытты, әл-ауқаты жоғары әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргіміз келеді. Оған қол жеткізудің жолдары жөніндегі пікірлеріміз әртүрлі болуы мүмкін, алайда ортақ азаматтығымыз, көк төлқұжатымыз бен көк туымыз – бізді біріктіретін құндылықтар.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай әртүрлі көзқарастар ашық талқыланатын, сындарлы пікірталас пен түсіністік қалыптасатын ортақ алаңға айналуы тиіс. Оның жұмысының тиімділігін алдағы жылдары қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылауға белсенді қатысуы және түрлі пікірлерді ортақ шешімдерге ұштастыра алуы арқылы бағалауға болады.
Ең оқылған:
- «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді
- Алматыда мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін
- «Қызым, қайта хабарласам дедің ғой»: Сотта Ұлдана Мырзуанның анасы жылап қалды
- Теңге неге нығайып жатыр және бұл үрдіс қаншаға созылады? Сарапшылар негізгі себептерді атады
- Талапкердегі қыздарды «орманға алып қашу» оқиғасы: Полиция ресми мәлімдеме жасады