Реаниматология – медицинаның күрделі де қызықты салаларының бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан адам жанының арашашысы болатын реаниматолог-дәрігерлердің жұмыс күні қалай өтеді? Пациенттерді жансақтау бөлімі мен клиникалық өлімнен алып шығу оңай ма? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы ауруханасы анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Бауыржан Бабашев жауап берген еді.
- Бауыржан Бақытбекұлы, неліктен медицинаның осы саласын таңдадыңыз?
- Әуел бастан өзіме шұғыл медицина саласы ұнайтын. Реаниматологияда жылдам әрекет ету, белгісіздік жағдайында жылдам шешім қабылдай білу мен жоғары жауапкершілік қажет. Емдеу факультетін аяқтаған соң бастапқы мамандандыруды Павлодардағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру факультетінің анестезиология және реаниматология кафедрасында өттім. Жетекшім білікті маман, профессор Мұстафин болды. Сол жерде шұғыл медицина саласының менікі екенін түсіндім. Бұл салада әрекеттерінің нәтижесін небәрі бірнеше секундта көресің. Ол адамға ерекше шабыт сыйлайды, әрі жауапкершілігіңнің салмағы арта түседі.
.jpeg)
- Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
- Мен еліміздегі ең ірі әрі үздік аурухананың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл мен үшін – үлкен құрмет. Жұмыс уақытымның көп бөлігі операция бөлмелерінде өтеді. Өйткені анестезиолог – операциямен емдеу кезінде маңызды маман. Ал операциядан кейінгі қалған уақытым ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастар жататын қарқынды терапия палаталарында өтеді. Жұмыс күні – пациенттердің жағдайына мониторинг жасау, емді түзету, реанимациялық іс-шаралар жүргізу, өкпені жасанды желдетуді қадағалау, орталық катетерлерді, перифериялық блокадаларды орнату сынды көптеген әрекеттермен жалғасып жатады.
- Ауыр жағдайдағы науқастармен жұмыс істейсіздер. Пациенттеріңіздің реанимация бөлімшесіне түсуіне көбінесе не себеп болады?
- Өзімнің тәжірибемде әртүрлі пациенттерді емдедім. Сәбилерден бастап қарияларға дейін реанимацияға түсіп қалған сәттер кездесті. Хал үстінде жатқан науқастардың кейбірінің диагнозы нақты болмайтын. Ондай сәтте шұғыл әрекет етіп, шешім қабылдап, диагноз қоюға тура келеді. Тәуекелге бел буып, жауапкершілікті де мойынға аласың. Мәселен, жүрегі тоқтап қалған адамға көмек көрсетуді алсақ. Әрекет ету алгоритмі нақты жазылған: бірден науқастың жағдайын бағалаймыз, ақыл-есі мен тыныс алуының бар-жоғын тексереміз. Егер жүрек соғысы болмаса, бірден жүрек-өкпе реанимациясын бастаймыз. Яғни жүрекке массаж, көрсетілімдер болған жағдайда дефибрилляция, өкпені жасанды желдету жасалады. Сонымен қатар бір мезетте қажетті препараттарды: адреналин, атропинді салып, ЭКГ бақылауды жүргіземіз. Мұның барлығы көз ілеспес жылдамдықпен орындалады. Себебі әр секундтың қадірін білеміз. Тыныс алуы тоқтап қалған, комаға түсіп кеткен пациенттерге де дәл сондай алгоритмдер қолданылады. Әр секунд маңызды.
- Реанимацияда жұмыс істейтіндеріңізге қарамастан диагноз қоюға атсалысатын сәттер бола ма? Диагнозы табылмай, ауыр жағдайда жатқан пациентіңіз болды ма?
- Иә, ондай жағдайлар өкінішке қарай, жиі кездеседі. Кейде пациент нақты диагнозсыз, аса ауыр жағдайда түседі. Ондай кездерде біз басқа саланың дәрігерлері – хирургтермен, неврологтармен, терапевтермен бірігіп, себебін анықтауға күш жұмылдырамыз. Мәселен, тек жанама белгілерге, зертханалық және аппараттық диагностикаға сүйеніп, жағдайды әбден анықтағанша қанша уақыт күресуге тура келген сәттер бастан өтті. Ондай жағдағдағы пациенттерге аса мұқият қадағалау мен әрекет етудің икемділігі қажет.
(1).jpeg)
Сонымен қоса, анестезиолог-реаниматолог дәрігер патофизиология мәселелеріне де тікелей қатысады. Яғни қабылдау бөлімшесі мен профильдік бөлімшелердегі жағдайы түсініксіз пациенттерге синдромдық диагностика жасауға қатысады.
- Пандемия кезінде қалай жұмыс істедіңіздер?
- COVID-19 пандемиясы – бүкіл жаһандық денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болды. Реанимациялық төсектердің бәрі бос болмай, біз жеке қорғаныс құралдарын киіп алып, күніне 12-14 сағат бойы жұмыс істедік. Психологиялық тұрғыда бұл өте ауыр кезең еді. Барлық күшімізді жұмылдырғанымызға қарамастан адамдарды жоғалтып жаттық. Өкпені жасанды желдетудің, антикоагулянтты терапияның жаңа тәсілдері пайда болды. Үнемі жаңа бағытта үйренуге тура келді. Өйткені ақпарат күн сайын жаңаратын. Бұл өте ауыр, бірақ маңызды тәжірибе болды.

- Реаниматолог болу үшін қандай қасиеттер мен біліктілік қажет?
- Бәрінен бұрын – стреске төзімділік пен жауапкершілік керек. Шешімді жылдам қабылдай білу, ең критикалық жағдайлардың өзінде салқынқанды болып, өз-өзіңді жоғалтып алмау маңызды. Сонымен қатар жоғары клиникалық сауаттылық, аппараттармен жұмыс істей білу қабілеті мен әрине, эмпатия керек.
Реанимациядағы пациенттер көбінесе ес-түссіз жатады, бірақ мейірімділік пен қамқорлық оларға ғана емес, олардың жақындарына да қажет. Командамен жұмыс істей білу қажеттігін де аса айтып өткім келеді. Өйткенің біздің мамандықта «жұлдыздар» мен «жегін аты» болып жұмыс істейтіндер болмауға тиіс. Өйткені әр қызметкердің үлесі мен бәріміздің бір мақсатта жұмыла жұмыс істеуіміз – пациенттің өмірі мен денсаулығын құтқарады!
- Жұмыс барысында есіңізде қатты қалып қойған бір оқиғамен бөлісіңізші.
- Ондай жағдайлар өте көп... Дәрігерлік жолды енді бастаған кезімде де, одан кейін де болды. Әр пациент – тұлға, әр ауру әркімде әртүрлі өтеді. Әрине, жадымызда қызметкерге барлық жеке қасиеттер мен күш-жігерін салу қажет ең күрделі жағдайлар сақталып қалады. Перзентханада операциялық жолмен ауыр босанғаннан кейін көп қан жоғалтқан жас әйел есімде. Шок салдарынан ол әйелде полиоргандық жеткіліксіздік болды. Пациент комада жатқан еді. Тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесінде бұзылыстар, ішкі ағзаларының жұмыс істемеуі анықталды. Яғни жағдай аса ауыр еді. Оның өмірі үшін бірнеше апта бойы күрестік, өкпені жасанды желдету аппаратына, диализге қостық, көптеген процедураларды жүргіздік. Ол аман қалды. Кейіннен бөлімшеге өз аяғымен жүріп келіп, алғыс айтты. Әрбір мұндай сәт қиындықтарға қарамастан әрі қарай жұмыс істеуге күш береді.
- Әңгімеңізге рахмет!