Райымқұлова: Өзбекәлі – қазақтың ұлттық мәдениетініӊ дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға

27 Тамыз 2021, 22:56
3605
Бөлісу:
Райымқұлова: Өзбекәлі – қазақтың ұлттық мәдениетініӊ дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткерін еске алу күні өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Іс-шара аясында «Өзбекәлі Жәнібеков – мемлекет және қоғам қайраткері» атты дөңгелек үстел мен бірегей тұлғаның өмір жолы мен рухани ерлігінің негізгі кезеңдерін еске түсіретін тақырыптық көрме өтті.

Дөғгелек үстел барысында Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ өркениетіне, археологиясына, этнографиясына, мұражай ісі мен қазақ тарихына арналған еңбектерінің негізгі бағыттары баяндалды.

Жиында сөз сөйлеген Ақтоты Райымқұлова елімізде мемлекеттік деңгейде біздің рухани даналығымызды кейінгі ұрпаққа сақтауға және беруге бағытталған бастамалар жүргізіліп жатқанын еске салды.

Соның бірі, биыл Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Бүгінде түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан аса көрнекті ақындар, ойшылдар мен мемлекет қайраткерлерінің есімі ұлықталуда. Сол есімдердің бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай «Ұлт рухын ұлықтаған – Өзбекәлі Жәнібеков» атты дөңгелек үстеліміздің Түркі әлемінің рухани астанасында ұйымдастырылуы да тегін емес, - деді министр.

Ол Өзбекәлінің XX ғасырдыӊ 70-ші жылдары Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында Қожа Ахмет Ясауи кесенесініӊ қайта қалпына келтірілуіне ұйытқы болғанын атап өтті.

Әулие кесенесі негізінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына орасан зор еңбек етті. Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртына ортақ Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралуына сіңірген еңбегі орасан. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқыныӊ ұлттық мәдениетініӊ, ана тілініӊ, дәстүрі мен әдет-ғұрпыныӊ жаӊарып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, ғалым-этнограф. Ол отандық музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, еліміздің көптеген өңірлерінде этнографиялық музейлердің ашылуына бастамашылық жасады. Ұлттық мерекеміз – «Наурыз» мейрамының және Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы есімдерініӊ халқына қайта оралуына сіңірген еңбегі зор, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстанныӊ тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамыныӊ құрылуына, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және тағы басқа да көптеген фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастыруға түрткі болды. «Қазақтыӊ ұлттық қол өнері» (1982), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» (1996, 1997) т.б. секілді кітаптардыӊ авторы, тарих ғылымының кандидаты.

Ендігі жерде ұлтымыздың тарихын, мәдени мұрасын, өнерін, өткен әдебиетін зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан ғалым ағамыздың еңбегін насихаттау Сіз бен Біздің басты мақсатымыз. Осыған орай, Министрлік 2018 жылдан бері Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлдені тағайындап келеді. Бұдан бөлек биыл Орталық мемлекеттік музейі ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай оған тиесілі жеке заттар мен материалдардың түпнұсқалары қойылған көрме ұйымдастырды. Бұл көрме биыл наурыздан бастап 1 жыл бойы көрермендерге ұсынылады. Биыл 24 тамызда министрлікке бағынысты «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты философия, саясаттану, дінтану институтымен бірлесіп ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Сонымен қатар этнограф-ғалымның мерейтойына байланысты республикалық музейлерде және еліміздің тарихи-өлкетану музейлерінде тақырыптық музейлік дәрістер мен арнайы көрмелер ұйымдастыру жоспарланған,-деді министр.

Осыдан кейн Ақтоты Райымқұлова көрнекті тұлғаның кесенесі Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына алынатынын жеткізді.

Бүгінде Түркістан облысында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығына қарасты Арыстанбаб кесенесінің іргесінде Яссауи ілімін жалғастырушы Құрбан Жаманбайұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі орналасқан. Бұл кесенелер Отырар музей-қорығының аумағында болуына байланысты Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетіне аталмыш музей-қорығының қарамағына алу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын,-деді ол.

Қонақтар мен қатысушылар Өзбекәлі Жәнібековті еске алу рәсімін жасады. Жұртшылық назарына профессор Құлбек Сәрсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты кітабы ұсынылды. Қонақтар мен қатысушылар үшін Қожа Ахмет Яссауи мұражайына экскурсия және «Тұран» этно-ансамблінің концерті өтті.

Айта кетейік, кеше «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Отырар қаласында «Ұлт рухын ұлықтаған – Өзбекәлі Жәнібеков» атты мәдени іс-шара ұйымдастырды.

Жазушы, тарихшы, этнограф, өнертанушы Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін дәріптеу мақсатында өткізілген бұл іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық интеллигенция мен қоғам өкілдері қатысты.

Өз өмірін туған халқының болашағына арнаған тұлғаның ерекшеліктерін аша отырып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбектерімен таныса отырып, қазақстандықтар тағы да рухани даналық қазынасымен қауышып, оған біздің атақты жерлесіміз де елеулі үлес қосты. Өзбекәлі Жәнібековті еске алу күні басқа өңірлерде және мәдениет ошақтарында жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы