Райымқұлова Моника Иверсенмен кездесті

7 Желтоқсан 2021, 21:22
1301
Бөлісу:
Райымқұлова Моника Иверсенмен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсенмен кездесті.

Екі тарап арасында достық пен ынтымақтастыққа бағытталған мазмұнды әңгіме өрбіді. Жиын барысында тараптар мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт саласындағы бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты.

1994 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Қазақстан-Германия аралас комиссиясы құрылып, жұмыс істеді. Мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақ-герман комиссиясының бесінші отырысы 2017 жылы 30 қарашада Астана қаласында ҚР Ұлттық музей ғимаратында өтті. Келесі отырысты Берлин қаласында Паритет бойынша өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты кездесу барысында Ақтоты Райымқұлова 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында алтыншы отырыс өткізуді ұсынды.

Алқалы жиында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл кездесу Қазақстанмен Германия арасындағы қарым-қатынастарының дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жемісті түрде дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Күні кеше 22 қазанда Берлин қаласында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші (бюст) ашылды. Біз Германия үкіметіне және бүкіл халықына ескерткіш орнатуды қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Өздеріңіз білетіндей, биыл біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы айтулы оқиға аясында 23 қарашада Берлин қаласында Германияның ең танымал сахналарының бірінде ҚазҰӨУ Еуразиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қазақстандық атақты музыканттар: Айман Мұсақожаева, Салтанат Ахметова, Талғат Мұсабаев, Рахат-Би Әбдісағин өнер көрсетті - деді министр.

Театр саласында да ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда. 

Жыл сайын Республикалық неміс драма театры Гете атындағы институтпен бірлесіп Қазақстанда «Неміс тілі сахнада» атты жастар театр фестивалін өткізеді. Биыл фестиваль 3-5 қараша аралығында өтті. Фестивальге Қазақстан өңірлерінен 70-тен астам оқушы мен студент қатысты. Бұл жас ұрпақты өнерге баулудың тамаша мүмкіндігі деп білемін. Келесі жылы біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылы Германияда Қазақстанның кино күндерін және Қазақстанда неміс киносы күндерін өткізуді ұсынғым келеді және Германияның мәдениет қайраткерлерін, шығармашылық ұжымдарын елімізде өткізілетін «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне және пианистер, скрипкашылар, вокалистер және басқа да халықаралық фестивальдерге қатысуға шақырамын,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрі. 

 Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова туризм саласы екі ел ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі екенін айтып, туризм саласын ілгерілету мақсатында бірқатар жобаларды ұсынды.

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты біздің бірлескен жоспарларымызға айтарлықтай түзетулер енгізілді. Мысалы, Қазақстанда осы жылдың соңына дейін Германияны қоса алғанда, 50-ден астам елдің азаматтары үшін визасыз режим тоқтатылды, шекарада шектеу шаралары күшейтілді. Дегенмен, біз ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуді көздеп отырмыз және карантиндік шектеулерді алып тастау мен Ұлттық визасыз режимді қалпына келтіру, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы туристік байланыстарды жандандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Статистикалық деректері бойынша пандемияға дейінгі кезеңде (2017-2019 жылдар) жыл сайын орта есеппен 100 мыңға жуық Германия азаматы Қазақстанға келген. Сондықтан да туристік ағымдарды арттыру үшін барлық мүмкіндіктер бар,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсен өз кезегінде екі ел арасындағы мәдениет, туризм және спорт саласын барынша нығайтуға септігін тигізетін мүмкіндіктерді пайдаланудың маңызды екенін айтып, бірқатар жобаларды ұсынды.
Өзгелердің жаңалығы