Рауан Кенжеханұлы Сүлейменов жайлы: Білек пен қарудан гөрі ақылға сүйенетін адам еді

12 Қаңтар 2022, 16:49
1970
Бөлісу:
Рауан Кенжеханұлы Сүлейменов жайлы: Білек пен қарудан гөрі ақылға сүйенетін адам еді

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қайтыс болған Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовпен қызметтес болғаны туралы жазды. 

Марқұм туралы естелікті ол Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, полиция департаментінің бұрынғы басшысы білімді азамат, кәсіби маман болған.

Жанат Қуанышұлы Сүлейменовпен Қызылорда облысында қызметтес болдық. Білімді, мәдениетті, сөзі аз, ісімен мықты, өте сабырлы азамат болатын. Құқық қорғаушының қалыпты қасиеті көрінетін тізеге салғыш дөрекілік пен қатулық жоқ. Білек пен қарудан гөрі ақылға сүйенеді. Сол кездің өзінде қоғамға қызмет ететін полиция туралы айтатын. Еліңде полиция қандай десе, көрсететіндей, жастарға мысал болатындай өз ісінің маманы, сертіне берік нағыз офицер ретінде есте қалды, - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Елімізде болған лаңкестік жағдайдан кейін көз жұмған марқұмды қимайтынын жеткізіп, жақындарына көңіл айтты.

Кейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасарлығына тағайындалып, генерал-майор шенін алғанын естіп, сыртынан қуандым. Азаматын, білікті маманын бағалаған мемлекетке риза болдым. Кеше мына бүліктің құрбаны болып өмірден озғанын естіп, қатты өкіндім... Опасыз дүние, қатыгез ортада адамгершілікттен аттамай, арыңды таптатпай, сол арыңмен араздаспай, абыройлы жүру қандай қиын... Жанат Қуанышұлының жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бақұл болыңыз ардақты Аға, Арлы Азамат! Нағыз Офицер ретінде мәңгі есіміздесіз, - деп жазады ол.

Айта кетейік, кеше БАҚ-та Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменовтің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Марқұмның өзіне қол жұмсауына не себеп болғаны белгісіз. 61 жастағы генерал-майордың бұған дейін қызметінен босатылғаны туралы деректер тараған.

Өзгелердің жаңалығы