Раритет жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды

10 Қазан 2022, 16:56
1586
Бөлісу:
Раритет жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды
PHOTO
Фото: автордан

Ертіс өңірінде Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында жылдар бойы сақталған көне жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Тарихи-өлкетану музейінің 80 жылдық мерейтойына орайластырылған көрме «Раритетбенефисі» деп аталады. Экспозицияға археологиялық және этнографиялық экспедициялар барысында табылған жәдігерлер қойылды.

Көрме небары 10 күн бойы ашық болады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, экспонаттарға күн және электр жарығы түспеу керек. Арнайы режимде сақтамаса, сапасына зақым келеді. 

Раритет жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды

Тарихи-өлкетану музейі қорының бас сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, рухани азық ордасының қоры бірнеше бағыт бойынша толықтырылады. Біріншісі, археологиялық-этнографиялық экспедиция арқылы жиналған қор. Азаматтар сыйға тартқан жәдігерлер және сатып алу арқылы. 

Көрме қысқамерзімді. Себебі, жәдігерлердің көбі сирек кездеседі әрі әбден тозған жағдайда. Оларды күнге шығаруға болмады. Сақтау бойынша арнайы режим сақталуы тиіс. Көне әрі сирек бұйымдардың қатарында қазақ халқының тұрмыста қолданылатын заттар, жиһаз, еңбек құралдары бар. Мәселен, қазақтардың ескі шкафы, яғни, кебежеде 1926 жылы жазылған жазба сақталған. Жиһаздың сыртында төте жазумен жазылған әріптер кездеседі. Киіз үй ішінде тұрған жиһаз «Құстұмсық» оюымен безендірілген. 1906 жылы баянауылдық шебер кестелеп тіккен орамал да бар, - дейді Әлия Жомартова.

Раритет жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды

Құнды экспонаттардың қатарында жіңішке қытайлық жібектен тігілген кілем, ортеке музыкалық аспабы, жас жұбайларға сыйға тартылған кереует кездеседі. Олардың барлығы экспедициялар барысында табылған. Мамандардың пайымдауынша, бұл заттарды ауқатты бай-бағландар ғана қолданған.

Раритет жәдігерлер алғаш рет халық назарына ұсынылды

Айта кетейік, келушілер назарына алғаш рет ұсынылған құнды заттар реставрациялауға ұшырамаған. Барлығы түпнұсқа күйінде жақсы сақталған. Көбі 20-шы ғасырдың басында жасалған. Ал көрме төрінен орын алған  көне кітап 1676 жылы басылып шығарылған. Қолдан жасалған кітапты жазуда қызыл және қара сия қолданылған. Тағы бір ерекше зат, ол Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың самауыры. Оны «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшелері экспедиция барысында тауып, музей қорына табыстаған. 

Өзгелердің жаңалығы