Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды. Бұл ел тәуелсіздігін алғаннан бергі оныншы рақымшылық. Заң ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды босатуды көздейді. Жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау сынды баптармен сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді. Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспенмен сұхбаттасып, рақымшылық алу процесі қалай жүзеге асатынын білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Рақымшылыққа ілінген адамдардың қайта қылмыс жасауының алдын алу бойынша қандай шаралар қарастырылуы керек? Жұмыссыздар саны көбеймей ме?
Бірінші сұрақты екіге бөлу керек, өйткені бұл екі түрлі мәселе. Енді рецидивке (қайталама қылмысқа) қатысты айтар болсақ, жалпы бұл рақымшылық саны бойынша – Қазақстан тарихындағы оныншы рақымшылық заңы. Бұл ретке 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған рақымшылық кірмейді. Себебі ол, бір оқиғаға арналған, бір реттік рақымшылық. Ал енді, осыған дейінгі тәжірибемізге сүйенсек, бұрын рақымшылықпен босап шығып, кейін қайта қылмыс жасағандардың саны жоққа тән. Бұл бойынша нақты статистика бар. Екіншіден, рақымшылықпен босатылған азаматтар толық еркіндікке жіберілмейді. Олар міндетті түрде пробациялық бақылауға алынады. Бұл бақылау облыс орталықтары, қалалар, аудандар, тіпті ауылдарға дейін жүргізіледі. Ауылдық жерлерде пробациялық қызметкерлер болмаған жағдайда, бұл жұмысты учаскелік полиция инспекторлары атқарады. Олардың барлығы Ішкі істер министрлігі арқылы басқарылады. Сол себепті рақымшылықпен шыққан азаматтар тиісті органдардың бақылауында болады. Сондықтан, бұл азаматтар қайта қылмыс жасайды деп нақты айтуға негіз жоқ. Ал жұмыссыздар саны көбейе ме? деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ меніңше, адамдарды қамауда ұстап, мемлекеттің есебінен асырағаннан гөрі, оларды босатып, жұмысқа бейімдеу әлдеқайда тиімді. Жалпы, рақымшылықпен босап шыққан азаматтардың немен айналысатыны туралы сұраққа келсек, жаңа заңның ішінде жергілікті атқарушы органдардың нақты міндеттері көрсетілген. Олар бұл азаматтарды есепке алып, шамалары келгенше жұмыспен қамтуға тырысады. Сонымен қатар, бұл өте маңызды ақпарат деп санаймын. Себебі маған бұған дейін ешбір журналист бұл туралы сұрақ қойған жоқ. Өзім де осыны әлі еш жерде айта қойған жоқпын. 2024 жылы әріптесім Болатбек Нәжметдинұлы "бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының жобасы аясында әлеуметтік кодекске түзету бердім. Оған сәйкес мына сотталған азаматтар мен сотталып шығып есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерді «әлеуметтік кәсіпкер» деген статус беруді ұсындым. Сол қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. Бұл үлкен мүмкіндік береді. Онда салық жеңілдіктері, салық төлеуден босату, субсидиялау, банктерден төмендетілген пайызбен несие алу сияқты қолдау тетіктері қарастырылған. Сондықтан егер жергілікті атқарушы органдар мен үкімет өзара жүйелі жұмыс істейтін болса, рақымшылықпен бостандыққа шыққан азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар.
- Рақымшылық алу процесі қалай жүреді? Сот үкіміне өзгеріс енеді ме, әлде автоматты түрде жүзеге асырыла ма?
Жалпы, рақымшылық алғаш рет жарияланып жатқан жоқ. Алдыңғы сұрақта айтқанымдай, бұл Қазақстан тәуелсіздігі тарихында жарияланып отырған оныншы рақымшылық. Сондықтан бүгінде бұл процестің барлық механизмі толық қалыптасқан, нақты тәртіп бар. Ешқандай әкімшілік-ұйымдастыру кедергілері жоқ. Бұл жолғы ерекшелік рақымшылықтың әлеуметтік осал топтарға жататындарды бекіттік. Бұл топқа кіретін азаматтарға рақымшылық ешқандай шартсыз қолданылады. Олардың ісімен өздері емес, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тиісті қызметкерлері айналысады. Олар қажетті құжаттарды жинап, сотқа жолдайды. Егер азамат ауыр немесе аса ауыр санаттағы қылмыс үшін сотталған болса, жазасы жеңілдетіледі. Ал орташа немесе онша ауыр емес қылмыстар бойынша сотталғандар босатылады. Азаматтың өзі айналыспайды. Онымен мемлекеттік органдар өздері айналысады. Егер қылмыстық іс тергеуде немесе анықтама қызметінде жататын болса онда олар сол рақымшылық заңының шығуына байланысты қысқартады. Рақымшылыққа іліккендердің өздеріне жұмыс істеудің қажеттілігі жоқ. Барлық қажетті құжаттар мен рәсімдерді тергеуші, прокурор, сот немесе қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері өздері жүргізеді. Сондықтан рақымшылық процесі әлдеқашан жолға қойылған. Бұл сотталған, айыпталушы азаматтарға ешқандай артық күш түсірмейді. Барлығы заңмен бекітілген тәртіппен, автоматты түрде жүзеге асады.
- Рақымшылық алғандардың қоғамға қайта бейімделуіне құқықтық қолдау немесе әлеуметтік көмек көрсетіле ме?
Заңда жергілікті атқарушы органдардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Оған сәйкес азаматтардың әлеуметтік мәселесі де қамтылған. Мысалы, заңда түсінікті болу үшін айта кетейін, Мәжілістің жалпы отырысынан өтіп, Сенатқа жолданған кезде заң жобасы "Заң" деген статусқа ие болады. Сондықтан қазір заң жобасы емес, заң деп айтуымыз керек. Сол заңда “әлеуметтік осал топ” деген ұғым енгізілген деңгейде бекітілді. Осы санатқа көпбалалы отбасылар, кәмелетке толмаған баласы бар аналар, зейнеткерлікке жақындаған яғни 50 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, зейнет жасына жақындаған адамдар кіреді. Сондай-ақ жалғыз басты аналар мен асырауында кәмелетке толмаған баласы бар ер азаматтар да осы топқа енеді. Жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Егер олардың баспанасы болмаса уақытша тұрғын үймен, жұмысы болмаса жұмыспен қамту бағытында қолдау көрсетіледі. Сондықтан, рақымшылыққа іліккен азаматтар үшін әлеуметтік бейімделу мен қайта қоғамға қосылу мәселелері заңмен толық қамтылған.
- Мұндай амнистиялар жалпы қылмыстық саясатқа қалай әсер етеді?
Бұл өте маңызды сұрақ деп білемін. Өйткені бұл тақырып қылмыстық құқық пен криминалистика саласындағы ғалымдар арасында да талқыланып жүрген. Біреулер жалпы амнистия қолданбау керек дейді. Өйткені әлемде мұндай тәжірибеден бас тартқан елдер де бар. Алайда шын мәнінде, көптеген мемлекет бұл рақымшылықты қолданады. Менде өз басым рақымшылық заңын қолдайтын заңгерлер қатарындамын. Себебі ол қылмыстық кодексте бекітілген жалпы гуманизм принципін басшылыққа алады. Бұл жерде ашық айтуым керек сотталған жағдайда біздің сот жүйесі мүлдем кінәратсыз жұмыс істеп тұр деп айтуға болмайды. Арасында алғаш рет, абайсызда қылмыс жасаған азаматтарға шамадан тыс қатаң жаза тағайындалып кеткеннің куәсі болып жүрміз. Мысал ретінде, киіктің мүйізіне байланысты жазаларды келтірейін. Киіктің мүйізін жинаймын деп, киікті атқандармен бірдей жаза арқалап кеткен азаматтардың тағдыры. 2019 жылы Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, бұл бап бойынша жаза күшейтілді. Сол жылдың өзінде тек киік мүйізіне байланысты 800-ге жуық азамат сотталған. Киіктің мүйізі үшін немесе қызыл балықты аулағаны үшін. Бұл азаматтардың абсолютті басым бөлігі заңсыз ауламаған, киікті қолына қару алып атпаған. Олар сол қызыл балықтың етін немесе киіктің мүйізін алған, сатқан, сақтаған, тасымалдаған деген әрекеттері үшін заң алдында дәл браконьерлермен бірдей жаза арқалады. Бұл әділдікке сай келмейтін жағдай. Сондықтан дәл осындай азаматтарға рақымшылықтың қолданылуы дұрыс деп есептеймін. Рақымшылық – тек кешірім емес, сонымен бірге әділдікті қалпына келтірудің де бір жолы.
- Рақымшылыққа ілінген сотталушының соттылығы қандай тәртіппен жойылады?
Рақымшылыққа іліккен азаматтардың соттылығының жойылуы әртүрлі жағдайға байланысты жүзеге асады. Бұл жерде рақымшылық заңының нақты қандай бап бойынша қолданылғанына назар аудару қажет. Егер азамат толық рақымшылыққа ілігіп, жазадан түгел босатылса, онда оның соттылығы да жойылуы әбден мүмкін. Ал егер ол азаматтың жазасы тек қысқартылған болса, яғни ауыр немесе аса ауыр қылмыс бойынша жаза мерзімі азайтылса, онда соттылықты жою мәселесі кейінге қалдырылады. Мысалы, бір азамат 7 жылға сотталған, бірақ рақымшылық арқылы жазасы 5 жылға дейін қысқарды делік. Ол осы 5 жылдың кемінде 4 жылын өтеп шыққаннан кейін ғана немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, оның соттылығы жойылуы мүмкін. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 79-бабында көрсетілген ережелер қолданылады. Яғни, рақымшылыққа ілігіп, мерзімінен бұрын босатылған азаматтардың соттылығы да, кей жағдайларда, заң бойынша бірден алынып тасталуы мүмкін. Немесе соттылықтың жойылу мерзімі де қысқартылуы ықтимал.
- Рақымшылық ақша үнемдеу үшін жасалып отыр ма?
Жоқ, бұл жалғыз себеп емес. Тағы да қайталап айтамын, егер қазіргі рақымшылықты мұқият қарасаңыздар, Қазақстанда шамамен әрбір 4–5 жыл сайын рақымшылық жарияланып отырғанын байқайсыздар. Осыған қарап, рақымшылық жүргізу еліміздің қылмыстық саясатының тұрақты бір бөлігіне айналғанын айтуға негіз бар. Сонымен қатар, рақымшылықтың бір мақсаты түрмелерде отырған адамдардың санын азайту екені рас. Бірақ бұл негізгі себеп емес. Негізгі себеп рақымшылық жалпы қылмыстық саясаттың бір тетігі ретінде қолданылады. Әдетте, ол ел үшін маңызды тарихи оқиғаларға немесе айтулы даталарға байланысты жарияланып отырады. Сондықтан, бұл үрдіс болашақта да жалғасуы мүмкін.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!