Ту, Елтаңба, Әнұран ұлттық идеологияның картасы сіпетті. Төбемізге көтеріп тік ұстайтынымыз да, кеудемізге қойып қадыр тұтатынымызда ол – Мемлекеттік рәміздер, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл бүкіл ел болып атап өтетін ұлы мерекелердің қатарына рәміздердің 30 жылдығыда кіреді. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысы Алмас Қадірбекұлы Садубаевпен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы Жамбыл жерінде қалай аталып өтілуде?
– Елдігіміздің бастауы, азаттығымыздың арқауы болған Мемлекеттік
Рәміздеріміздің 30 жылдығы Әулиеата жерінде кең көлемде атап өтілуде.
Жыл басынан-ақ аймақ жастары мерейтойдың құрметіне әлеуметтік желілерде «Менің Туым – менің мақтанышым» атты челлендж ұйымдастырды.
Рәміздер күніне орай облыс орталығында «Менің Қазақстаным!» атты форум ұйымдастырылып, шара барысында түрлі сала бойынша патриот азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Форум алдында облыс орталығында авто, вело, мото және жаяу жүргіншілер шеруі өтті. Қатысушылар Мемлекеттік Рәміздерімізді Тараз қаласының басты көшелерімен алып жүрді. Осындай іс-шаралар аймақтың барлық аудандарында ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, тұрғындар көпқабатты үйлердің терезелері мен балкондарына Мемлекеттік Туды бір жолақпен орналастырып, «Қасиетті көк байрағы елімнің!» акциясына белсене араласты.
Барлық мекемелер мен кәсіпорындарда бір уақытта Мемлекеттік Гимн орындалды.
Білім мекемелерінде «Тәуелсіздік Рәміздері» тақырыбында эссе байқауы, «Рәміздерді қасиеттеп, құрметтеу» атты мәнерлеп оқу сайысы, мәдениет мекемелерінде «Еліміздің мемлекеттік нышандары» атты құқықтық сағат, «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» атты концерттік бағдарлама, «Рәміздер - ұлттық нақышымыз» атты тақырыпта көрмелер, жоғарғы оқу орындарына «Туы биік елдің – тұғыры биік», «Рәміздер – елдігіміздің айнасы» тақырыптарында дәрістер, спорттық шаралар өтті.
Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет әлеуметтік желілерде ғана емес, күнделікті өмірде де көрсетіліп жатыр. Мысалы, Республика күніне орай Таразда 500 студент «Менің Әнұраным» шарасы шеңберінде бір мезетте Мемлекеттік Гимнді қосыла шырқады.
Жалпы, аталған шаралардың барлығы патриотизм мен отансүйгіштікті нығайтып қана қоймай, жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал еткені даусыз.
– Елдік негізі, ұлттық құндылық рәміздерге деген өңір жастарының құрметі қандай?
– Жылдан жылға жас буынның Мемлекеттік Рәміздерге деген құрметі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Әсіресе, биылғы мерейтой барысында өңір жастарының белсенділігін ерекше атап өткім келеді.
Жастардың қатысуымен "Рәміздерім - мақтанышым" атты жұмысшы жастардың қалалық спартакиадасы, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты жастар флешмобы, «Рәміздерім – мақтанышым» атты облыстық жас пікірсайысшылар турнирі, Мемлекеттік рәміздер – патриоттық тәрбиенің бастауы» атты онлайн челлендж, «Рәміздер – ел тірегі» атты патриоттық акция, «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік тірегі» атты облыстық «QazIQ» интеллектуалды ойыны, қоғамдық орындарында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай викториналық сұрақтар қою іс-шарасы өтті.
Аталған шаралардың ұйымдастырылуына жастардың бастамашылық танытып, ұйытқы болуы, әлеуметтік желілердегі челлендждерде шынайы тілектері мен лебіздерін білдіруі - аймақ жастарының Рәміздерімізге деген ыстық ықыласы мен құрметі деп білемін.
– Ту мен елтаңбаға деген тұрғындар құрметін қалыптастыру бағытында қандай шараларды атқарылды?
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін мызғымас негіздерінің бірі болса, көрген кезде жігерлендіріп, бойымызды ерекше сезімге бөлейтін рәміздерімізді қастерлеу – біздің ортақ парызымыз.
Осы мақсатта, облыста аталған бағыттағы жұмыстар атқарылып келеді.
Тараз қаласындағы «Достық» үйінің жанында 2018 жылы ашылған Мемлекеттік Рәміздердің мән-маңызын түсіндіретін ағарту орталығы жұмыс жасайды.
Ағарту орталығында өзге этнос өкілдерімен 20-ға жуық семинар өткізіліп, Мемлекеттік Рәміздер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Тараз қаласы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында және Сарысу ауданы Жаңатас қаласында Мемлекеттік Туымызға арналған Тутұғыр бар.
Ал былтыр ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына Мемлекеттік Тудың авторы Ш.Ниязбековтың есімі беріліп, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының бойында авторға және Мемлекеттік туға деген құрмет ретінде Тутұғыры орнатылды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылған.
Комиссия Мемлекеттік Рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуына тұрақты бақылау жүргізеді.
Комиссия мүшелерінің қатысуымен ағымдағы жылы 2 комиссия отырысы өткізіліп, 20-ға жуық ақпараттық-түсіндіру семинарлары өткізілді.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан ҚР Мемлекеттік Рәміздеріне деген құрмет сезімдерін қалыптастыру, насихаттау, дұрыс қолдану және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты ұйымдастырылады. Жергілікті ішкі саясат бөлімдері тарапынан жылына 2 рет әдістемелік семинарлар ұйымдастырылады.
«Мемлекеттік Рәміздер – мақтанышымыз!», «Мемлекеттік Рәміздер – ел мәртебесі», т.б. тақырыптарда білім беру ұйымдарында Мемлекеттік Рәміздер туралы ашық және тәрбие сағаттары, мәдениет мекемелерінде көрмелер тұрақты өткізіледі.
Әлеуметтік желілерде тақырыптық роликтер, посттар, ақпараттық инфографикалар жарияланады.
– Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында бізге жетіспейтін дүние не деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік Рәміздердің қолданылуы мен пайдаланылу ретін түсіндіру, ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарды күшейте түскен жөн деп ойлаймын. Себебі, Мемлекеттік Рәміздерді пайдалану барысында кемшіліктер жиі орын алады. Көңілге кірбің түсіретін осындай олқылықтардың алдын алу, жол бермеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
– Патриотизм деген сіз үшін не? Оны жастар бойына қалай сіңіреміз?
– Патриотизм деген – ең алдымен Отанға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Елге деген сүйіспеншілік туған жерге, қоғамға, өз ортасына деген құрметпен ұштасып жатса, патриоттық сезім қалыптасары анық.
Бойындағы күш қуаты мен білімін ел игілігіне жұмсаған, туған жерін, ана тілін, əдет-ғұрпы мен дəстүрін құрмет тұтатын әрбір азаматты патриот деп білемін.
Жастардың бойына патриоттықты дарытуда алдыңғы буынның рөлі зор. Аға буынның өнегесі мен ұлағаты – өскелең ұрпақ үшін тәрбиенің қайнар көзі.
– Биыл ұлттық мереке ретінде Республика күнін атап өтеміз. Сіздердің өңірдегі мерекеге деген дайындықты баяндап өтсеңіз?
– Баршамызға белгілі, ағымдағы жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесін иеленді. Жамбыл өңірінде мерекені атап өту басталып та кетті. Бұл үшін облыстық жоспар бекітіліп, атқарылатын істер ауқымы нақтыланды.
15 қазанда «Әралуандылық арқылы - бірлікке» атты Жамбыл облысы этностарының мәдениеті мен дәстүрі күні тойланды.
«Қыран елім - Қазақстаным» акциясы аясында бейнеқұттықтаулар, париоттық шығармаларды жатқа оқу челлендждері ұйымдастырылуда.
Мерекеге орай облыс бойынша 19 нысан пайдалануға берілетін болса, бүгінгі күнге 6 медициналық нысан ел иігілігіне беріліп үлгерді.
22 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне орай салтанатты жиын өтеді. Шара барысында облыстың әлеуметтік - экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау және мерекелік концерт жоспарланып отыр. Дәл осындай салтанатты жиындар Тараз қаласы мен аудандарда өтетін болады.
25 қазан күні «Көне Тараз» кешенінде «Жасай бер, жаса Тәуелсіз Қазақстан!» атты мәдени көпшілік іс-шара өтеді. Аталған шара барысында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, спорттық жарыстар ұйымдастырылатын болады.
Осы күні облыс орталығында зиялы қауым, қоғам өкілдерінің қатысуымен Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді.
Бұдан бөлек, «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан ұйымдастырылады. Жалпы, мерекеге орай облыста 200-ден астам іс-шаралар өткізіледі.
– Бәрекелді, сұхбатымызды елге деген тілегіңізбен түйіндесек?
– Әрқашан көк Туымыз көгімізде қалықтап, Елтаңбамыз төрімізден түспей, Әнұранымыз әрдайым шырқала берсін!
Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!