Рақымшылық жасау: Қазақстанда 1000 адам қамаудан шығады

3 Қараша 2021, 10:56
1947
Бөлісу:
Рақымшылық жасау: Қазақстанда 1000 адам қамаудан шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның жобасы талқыланды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заң жобасын таныстырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ІІМ «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын әзірледі. Оның мақсаты - онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту, - деді министр.

Оның айтуынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасын мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар талқылады. Құқықтық сараптамалар жасалынды.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметіне сәйкес еліміздегі 64 мекеменің 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-ы оның алдында бірнеше рет сотталғандар.

Оның айтуынша, тағы 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. 

Жоба бойынша 2 236 сотталушыға, 11 310 пробациялық бақылауда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады, 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Сонымен қатар 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Одан бөлек, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 000 қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1 471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады, - деп атап өтті ІІМ министрі.

Қылмыстық Кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған.



Өзгелердің жаңалығы