Ракты жеңгендер

5 Ақпан 2020, 10:00
7325
Бөлісу:
Ракты жеңгендер
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алғаш онкологиялық ауруым жайлы естігенде жылап, енді өмір сүрмеймін бе деп қорықтым. Ол кезең мен үшін қиын болды. Шашым, кірпіктерім мен қастарым түсіп қалды. Өте ауыр болды, айтып жеткізе алмаймын.

Кейіпкеріміз Аружан Тоқан үшін азапқа толы ол күндер қазір артта қалды. 2012 жылы оннан енді ғана асқан бала онкологиялық ауруға шалдығады деп ешкім ойламаса керек. Өйткені алғашында оған туберкулез диагнозы қойылыпты. Кейін Аружаннан онкологиялық аурудың екінші сатысы анықталған.

Аружан.jpg

Алғаш естігенде жылап, жаман күйге түстім. Дегенмен маған жақын жандарым көмектесіп, демеп отырды. Сондай-ақ дәрігерім мен психологтар да көмегін аямады. Әрдайым жанымнан табыла білген анамның көмегі зор болды. Мен жыласам ол да жылайды, қашанда жанымды түсіне білді. Мені өмірге жетелеген тағы бір жайт спорт болды. Соның арқасында осы дертті жеңіп шықтым деп ойлаймын. Қазірде спортты жаныма серік етудемін, яғни каратэмен айналысамын. Спортпен айналыссам ауырғанымды ұмытып, өзімді жайлы сезінемін, - дейді Аружан.

Аружан мен мамасы.jpg

Өмірге деген құлшынысының арқасында обыр ауруын жеңе білген Аружанның жасы қазір 17-де және Алматыдағы Авиациялық колледждің екінші курсында оқып жатыр.

Алғаш осы ауруды естіп, еңсем түсіп жүргенде ұшқыш болсам ғой деген ой келген. Қазір сол арманыма қол жеткізгім келеді,-дейді бойжеткен.

Бұл аурудан жазылып шыққандар туралы мәлімет аз

Қазақ онкология және республикалық ғылыми-зерттеу институты Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткізген жиынға Аружан сияқты жаман ауруды жеңе білген бірнеше адам шақырылыпты. Жиын барысында олар да аты "жаман" ауруды қалай жеңгендерін айтып берді.

Г, Дастанова.jpg

Бір жыл ем қабылдап, онкологиялық аурудың 4-ші сатысын жеңе білген Гүлнар Дастанова.

Мен үш баланың анасымын, арқа сүйер күйеуім бар. Дегенмен ауру ешкімді талғап жатпайды. 2017 жылы маған жатыр мойны обырының 4-ші сатысы деген диагноз қойылды. Бір жыл бойы мен 42 сәулелі терапия мен көптеген химиятерапия қабылдадым. Бұл кезде адамның жазылып кетем деген азда болса үміті болу керек. Маған дем берген нәрсе - осыдан он жыл бұрын бас ми обырынан айығып кеткен танысымның жағдайы болды. Ол адам ауруды жеңе білді және қазір қалыпты өмір сүруде. Сондықтан әрдайым оны еске алып, мен де жазылып шығамын деген үмітпен алға жылжып отырдым. Бұл адамға моралдық жағынан үлкен қолдау береді. Сондықтан Дүниежүзілік онкологиялық ауруға қарсы күнде мен жайбырақғат отыра алмадым. Қатерлі ісік ауруынан жазылып шыққандар туралы мәлімет өте аз, әсіресе 4-ші сатысында аман қалғандар жайлы. Көпшілігі ол жайында айтудан қорқады, яғни ауру кез-келген уақытта оралуы мүмкін деп ойлайды - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, қазір үнемі тексерістерден өтіп тұрады. 

Басты мәселе адамдар бар жауапкершілікті дәрігерлерге артып қоймай, өз денсаулықтарына мән беруі керек. Елімізде тегін скринингтер өткізіліп жатқаны өте құптарлық жағдай. Мен көп уақыт шетелде жүріп, осындай тексерістерден тыс қалдым. Бізде көптеген тексерістер тегін жасалады әрі мемлекет өз азаматтарының денсаулығы үшін барын салып жатқаны қуантады. Сондықтан отандастарыма денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, скринингті тексерістерден дер кезінде өтіп тұруға шақырамын. Сондай-ақ өзімді  мысалға ала отырып, бұл аурудан айығуға болатынын айтқым келеді. Бәрі адамның өзіне байланысты, ішкі рухыңызды түсіріп алмаңыз. Ол химиятерапиямен қоса сіздің өмірге деген құштарлығыңызға да байланысты. Сонымен қатар диета мен салауатты өмір салтын дұрыс ұстана білу қажет. Онсыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес - дейді Гүлнар.

Ауруды жеңіп шығуыма өзіме деген сенімім көмектесті

шолпан балиева.jpg

Қатерлі ісік ауруын жеңе білген 49 жастағы Алматы тұрғыны Шолпан Балиева.

 Рак жасушалары кез-келген адамда болады, тек өз уақытын  күтіп жатады екен. Мен әкемнен айырылған соң бүйрегімнен стрес алып, 2018 жылы приступпен ауруханаға түстім. Содан дәрігерлер алғашқы перитоналды карциноманың 4-ші сатысы деген диагноз қойды. Оған өзім кінәлімін, неше рет скринигке шақырғанда барған жоқ едім. Алғаш ауруым жайлы естігенде, көшеге шығып шылым шегумен болдым. Ешқандай шок болмады және тұнжырап, ауруға қатты беріліп кетпедім. Бәрін салқынқанды қабылдадым. Дәрігерге кіріп 4-ші сатыда ары қарай өмір сүру мүмкіндігін сұрадым. Сонда дәрігер "егер өмір сүргіңіз келсе әрине өмір сүресіз"  деп жауап берді - дейді Шолпан.

Ол содан кейін ота жасатып, бірнеше рет химиятерапия қабылдаған.

Әрине, оңай болған жоқ. Қазір денсаулығым жақсы, жұмыс істеп жүрмін. Ауруды жеңіп шығуыма өзіме деген сенімім көмектесті. Көптеген адамдар жазылып шығып жатыр, алайда ол жайында айта бермейді. Көз тиеді деп қорқады. Менімше ол жайында үндемей қалуға болмайды. Егер осындай ауруға шалдыққандар одан жазылып шығып жатқандар көп екенін білсе оларда күш пен үміт пайда болар еді - дейді ол.

Ерте кезде анықталған обырды түбегейлі емдеуге болады

Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 36 345 адам тіркелген, яғни 100 мың халыққа шаққанда 196,4 жағдайды құрайды. Ал,  диспансерлік онкологиялық есепте 180 мыңнан астам адам тұр екен.

Кайдарова.jpg

Сонымен қатар, ол биыл елімізде жатыр мойны рагымен ауыратындар саны артқанын жеткізді.

Тек биыл ғана 1800-ден аса әйел осындай диагнозбен тіркелді. Ел тұрғындарының 70% скринингпен қамтылу керек, өткен жылы біз 60 пайызын ғана қамти алдық. Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігі осы бағытты қаржыландырып, күш салып жатыр. Биыл 954 мың әйел жатыр мойны скринингінен өткен, соның арқасында көптеген адамның ауруын алғашқы сатысында анықтай білдік. Яғни алғышқы сатыда анықтау 65% құрады, өткен жылы ол 52 пайыз мөлшерінде болған. Бұл ауруды алғашқы сатысында анықтай білсек оны түбегейлі емдеуге болады»,-дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Дегенмен аурудың бұл түрінен өлім жоғары деңгейде қалып отыр екен. 2019 жылы жатыр мойны рагынан 600-дей әйел көз жұмған. 

Сондай-ақ, ол 2022 жылға дейін онкологиялық ауруларды емдеуге 30 млдр теңге бөлінгенін және химиялық және имундық дәрі-дәрмектерге қосымша тағы 4 млрд теңге сұрағандарын жеткізді.

Бұл дәрілердің барлығы науқастарға тегін беріледі, дәрілердің бағасы 500 мыңнан 3 млн теңгеге дейін барады. Мемлекет науқастардың барлық шығынын өз мойнына алып отыр, оны да айтып өткен жөн. Диагностикалаудың жаңа әдісі – ПЭТ диагностика бұрын тек Нұр-Сұлтан қаласында жасалатын. Қазір оны Алматыдағы онкологиялық институтқа да орналастырдық, енді науқастардың барлығы одан тегін өте алады. Сондай-ақ науқастар бұрын КТ мен МРТ ақылы деп шағымданатын, қазір Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірге қаржы бөліп, обыр нышаны сезілгендердің барлығы одан тегін өтіп жатыр,-дейді Д. Қайдарова.

Бас онкологтың айтуынша, ел тұрғындары денсаулығына немқұрайлы қарайды. Скринингті тексерістер арқылы онкологиялық ауруларды асқынбай тұрып анықтауға болады. Алайда халық тегін тексерістерден өтуге құлықты емес. Көп жағдайда ауру әбден дендеп алған соң бірақ келетін көрінеді. Соның салдарынан елімізде жылына 15 мың адам онкологиялық аурудан көз жұмады екен.

Обыр ауруына тексерілу үшін қайда бару керек

"Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Балтабеков кез-келген поликлиниканың кіре берісінде қандай скринигтен өтуге болатыны жазылып тұратынын айтады.

Нурлан онколог.jpg

Сонымен қатар, терапевтке кірмес бұрын алдын ала қаралу кабинеттері бар. Онда теріні, ауызқуысын, сүтбезін, жатыр мойнын қарайды. Оның барлығы тегін жасалады және онкологиялық аурулар осындай тексеріс кезінде көп анықталады. Біз осындай тексеріс жасайтын мамандарды әзірлеп жатырмыз, алайда олар бізге адамдар келмейді деп шағымданады,-дейді Н. Балтабеков.

Маман онкологиялық аурудың алғашқы сатысында ем қабылдаудың нәтижесі жоғары болатынын айтады.

3-4 сатысында келгендердің 30 пайызы ғана тірі қалады. Бірінші сатыда ауру адам жанына батпайды, яғни ешкім ауырғанын сезбейді. Сондықтан тексерістен қашпай өтіп отыру керек. Ауруы асқынған адамның тірі қалуы неғайбыл. Артынан біздің медицина нашар деген сөздер ереді. Ауыр халдегі адамды емдеу үшін 30 млн теңге жұмсалады және оның нәтижесі де төмен болады. Сол үшін ауруды ерте сатысында анықтауға күш салып жатырмыз,-дейді онколог.

Өзгелердің жаңалығы